Бұған дейін, яғни 3 ақпанға қараған түні АҚШ арнайы күштерінің Сирияның солтүстік-батысындағы Атма қаласында миссиясын сәтті орындағаны хабарланды. Алайда Пентагон сол күні миссияның сәтті аяқталғанынан басқа мәлімдеме жасамады. Кеше АҚШ президенті Джо Байден «Ислам мемлекетінің» (ДАИШ/ИШИМ) жетекшісі, халифі Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Құрайштың өлтірілгенін мәлімдеді.
АҚШ басшысы: «Ақпанның 3-іне қараған түні менің бұйрығыммен Сирияның солтүстік-батысындағы АҚШ Қарулы күштері америкалықтар мен одақтастарды қорғау және әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін терроризмге қарсы операцияны сәтті өткізді. Біздің Қарулы күштеріміздің шеберлігі мен батылдығының нәтижесінде «Ислам мемлекетінің» жетекшісі Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Құрайш ұрыс алаңында өлтірілді», деп мәлімдеді.
Сонымен қатар АҚШ президенті жауынгерлер операциядан аман-есен оралғанын айтты. Әл-Құрайш нақты қай жерде өлтірілгені туралы дерек әлі хабарланбады. ДАИШ-тің ақпараттық ресурстары көшбасшының қайтыс болғаны туралы хабарды әлі растамады, жаңа басшы сайлайтыны туралы да қандай да бір жаңалық жарияланған жоқ.
Джо Байден бұл хабарды отандық телеарналар арқылы халыққа жеткізді. Twitter-дегі парақшасында ол вице-президент Камала Харриспен бірге операция барысын бақылап отырғаны бейнеленген сурет жариялады.
Ливанның Al Mayadeen телеарнасының хабарлауынша, Идлиб провинциясындағы Атма қаласының аумағында операция кезінде 13 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Операция басталмас бұрын АҚШ арнайы күштері дауыс күшейткіш арқылы террористік топ жетекшісіне өз еркімен берілуді ұсынған. Көшбасшы келісімнен бас тартқаннан кейін ұрыс басталған. Екі тікұшақ тарапынан берілген соққыдан екі тұрғын үй қирады. Бұл азаматтардың өліміне алып келді. Reuters агенттігі «Сирия Азаматтық қорғанысы» деп аталатын топтың ақпаратына сілтеме жасай отырып, оқиғада 6 баланың қайтыс болғанын хабарлады. Шабуыл шамамен үш сағатқа созылған.
Бұған дейін қаңтар айының соңында америкалық арнайы күштер Сирия күрдтері құрамаларына Аш–Шаддади ауданындағы Хасаке провинциясындағы түрмеден қашып кеткен 70-ке жуық ДАИШ содырының қарулы көтерілісін басуға көмектескен-ді. Көтеріліс күрдтердің Демократиялық күштер одағы жауынгерлері мен АҚШ әскери күштерінің бірігуімен тоқтатылды.
Әбу Ибрахим әл–Хашими әл-Құрайш 2019 жылғы 26 қазанда топтың бірінші жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади америкалықтардың арнайы операциясы кезінде қаза болғаннан кейін сол жылы 31 қазанда «халиф» болып тағайындалды. Бастапқыда ДАИШ тарапы әл-Бағдадидің өлімі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Жаңа басшы есіміндегі «әл-Құрайш» оның Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) шыққан араб тайпасынан екенін білдіреді. Жалпы, ол туралы нақты ақпарат жоқ, ДАИШ-тің бейнехабарландыруларында жүзін көрсетіп түспейді. Оның есімі – әл-Хашими де бүркеншік ат деген сыбыс бар. 2019 жылдың қараша айында сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон әл-Құрайшидің шын есімін анықтағанын хабарлады, дегенмен жетекшінің аты сол күйі аталмады. Әл-Құрайши ДАИШ партизандық соғысқа көшкен кезде топ жетекшісі болып сайланды.
Counter Extremism Project мәліметтері бойынша, әл-Хашими 1976 жылы Иракта дүниеге келген. Діни білім алған. 2003 жылы «әл-Каида» террористік ұйымына қосылған.
2004 жылы әл-Хашими тұтқындалып, Иракта АҚШ Әкімшілігі басқаратын Кэмп-Букк лагеріне қамалған. Онда әл-Бағдадимен танысып, оның көзқарастарын бойына сіңірген деген ақпарат бар. Террористік топтағы содырлардың көбі сол лагерьден қосылғандықтан Кэмп-Букк «ДАИШ-тің отаны» деп аталып жүр.
Әл-Хашимидің түрмеден қалай шыққаны белгісіз. АҚШ оны табуға көмектесетін ақпарат үшін 5 миллион АҚШ долларын ұсынды, содан кейін оны 10 миллион долларға дейін арттырды. 2020 жылы мамырда ДАИШ көшбасшысының қолға түскені туралы ақпарат тарады, алайда Бағдат бұл жаңалықты жоққа шығарды.