Ішкі нарықтағы баға саясатының жүгенсіз кетуі елдің тұрмыс жағдайына тікелей әсер етіп, оның соңы әлеуметтік толқуға ұласқаны белгілі. Яғни тұтыну нарығындағы қымбатшылық тұрғындардың күнкөріс деңгейімен салыстырғанда дабыл қағатын жағдайдан асып кеткені жасырын емес.
Мұның себеп-салдарын отандық тұтыну нарығын қолжетімді бағадағы азық-түлік пен тауар түрлерімен қамтитын тетіктердің жұмыс істемеуінен іздеген дұрыс. Әсіресе өңірдегі өндірісті дамытудың тиісті алғышартының жасалмауы мен сыртқы өндірушілердің мүддесін қорғайтын лоббилердің жүгенсіз кетуі отандық нарықтағы арзан азық-түлік өнімдерінің тапшылығын туғызып қана қоймай, жергілікті өндіріс пен шаруашылық секторының дамуына кері әсерін тигізіп келді. Осы жерде халық тұтынатын мың сан өнімдердің ішінен бір ғана жеміс-жидек саудасына қатысты айтсақ жеткілікті. Оның ішінде қазақстандықтар тұтынатын кәдімгі құлпынайдың көп бөлігі шетелден келетіні туралы деректер көңіл жабырқатады. Яғни ауыл-аймақтағы тұтынушылар бұл жеміс түріне зәру ғана емес, маңдай термен тапқан ақшасының көп бөлігін сыртқы өндірушілердің алақанына салып беруге мәжбүр болып отыр.
Негізі, бұл үрдіс Еуразиялық экономикалық одақ аясында қызу талқыға түсетін-ақ тақырып. Өйткені осы одақтағы жеміс-жидек айналымы 1 млрд долларды құрайды екен. Салыстырып қарасақ, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, ЕАЭО елдерінің ішкі нарығындағы алма мен алмұрттың импорты ғана 860 млн доллардан асқаны жайында дерек бар. Мұның көп бөлігі Қазақстанға тиесілі. Бұл – ойландыратын цифр. Оның үстіне одаққа кіретін елдердің арасында біз жеміс тұтыну жөнінен төменгі орындамыз. Жалпы, елімізде құлпынай, өрік, шабдалы, қара өрік өндірісін ұлғайту үшін қажетті жағдай жасалғанына қарамастан, нарықтағы теңгерімсіздік неге ушығып отырғаны түсініксіз.
Тағы бір ойланатын мәселе бар: ішкі нарықты жеміс-жидекпен қамтудағы тапшылықты зерделегенде, негізінен жазғы маусымдағы жағдай ғана екшеледі. Яғни жұрт жаңа үзілген жемістен дәм татып, тосап қайнататын жылы күндердің өзінде тұтынушылардың сұранысы толық қанағаттандырылмайды деген сөз. Ал қалған мезгілде жұрт жеміс-жидектен қол үзе ме? Тіпті маусымдық тұтыну кезіндегі қажет өнімнің өзі бізге сыртқы нарықтан тасымалданатыны жасырын емес. Және бұл жерде дайын өнімнің нарықта сатылатын бағасы туралы жұмған аузымызды аша алмаймыз. Әйтеуір, құлпынай бағасын көп адамның қалтасы көтермейтіні анық. Оның үстіне, елді тәтті жеміс-жидекпен, оның ішінде құлпынаймен қамтуда алыстағы Грекия, Мысыр, Түркия алдыңғы орында тұрса, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан да олардан қалыспайды. Ал қыс бойы тұтынатын балғын құлпынай түрі Түркиядан тікелей жеткізіледі. Тағы бір дәйек бойынша, 2019 жылы ішкі нарыққа Қырғызстаннан енген құлпынайдың көлемі 105,4 тоннаға жетіп, импорттың қаржыға шаққандағы құны 53,3 мың долларды құрапты. Демек ішкі өнім өндірушілер осынша қаржыға ұтылды деп пайымдауға болады.
Әрине, бұл жерде құлпынай өсіру қолымыздан келмейді деген пікір қалыптаспауы керек. Еліміздегі шағын шарушылықтар жеміс-жидектің түр-түрін өсіріп жатыр. Нақты өнімге берілетін мемлекет субсидиясы бар, іс бастағандарға жеңілдетілген несие де беріледі. Өкінішке қарай, шаруалар үшін бұл жолдың қиындығы шаш етектен екен. Бұған бірінші кезекте бюрократия мен сыбайлас жемқорлық кері әсерін тигізіп отыр. Шынында, ауыл шаруашылығы саласы бойынша қаржылай қолдау тетігінің былыққа батқанын қазір балаға дейін біледі. Оның бір дәлелін күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің бірнеше облыстағы ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларын құрықтағанынан көруге болады. Екіншіден, отандық жеміс-жидек плантацияларының көлемі өте аз. Яғни тиісті коммуникациялардың жоқтығынан шағын бизнес өкілдері күтімді ерекше қажет ететін жеміс түрлерін өсіруге құлықсыз. Шаруалар өнімділігі жоғары тұқымды шетелден тасымалдауға мәжбүр. Жергілікті табиғатқа бейімделген жеміс-жидек сұрыптарын дамытуға көңіл бөлінбегендіктен, бұл саладағы өндіріс пен ғылымның байланысы үзілген. Үшіншіден, жеміс-жидек саласының дамымауына дайын өнімді сату менеджменті мен тасымал логистикасының жолға қойылмауы да жанама себеп болып отыр. Осы жерде аймақтағы ауыл шаруашылығын дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуына жауапты болып келген әкімдердің жалған есеп беруі мен шаруаға қырсыздығы да көрінеді. Демек агроөндірістік кешенді дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарап, салаға нақты нәтиже беретін реформа керек.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Ел ішінде құлпынай өсіруді кәсіпке айналдырған шаруалар туралы айту парыз. Соның бірі – Алматы облысының Көксу ауданындағы «ҚазАгроСервис» серіктестігі. Бұл серіктестік аудан халқын жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету үшін алғаш рет 0,25 га жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіре бастады. Жылыжай салып, оған ғылым мен техника жетістіктерін қолданып отыр. Қазір құлпынайдың оңтүстіккореялық «Сольхян» сұрпын егіпті. Серіктестік басшысы Светлана Зубович жылыжайда көк жуа, гүлдің сан-алуан түрін өсірумен қатар биыл алғаш рет жаңа әдіспен құлпынай егуді бастағанын айтады. Жылыжайға қажетті қондырғыларды «Жетінар» несие кооперациясының көмегімен орнатқан. Маусымдық жұмыстар кезінде 10-ға жуық адамды, тұрақты жұмыспен 2 адамды қамтып отыр. Жылыжай орналасқан Балпық би ауылы облыс орталығынан алыс емес. Сондықтан тұтынушы табуда қиындық жоқ. Себілген құлпынайдың кореялық тұқымы – қыстық сұрып. Желтоқсан айынан мамыр айына дейін өнім береді.
– Биыл алғашқы өнім болғандықтан 700 кг құлпынай алуды жоспарлап отырмыз. Құлпынай өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылықта өсіп шығады. Ал қыстыгүні аяздарда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Құлпынайдың ірісінің салмағы 50-55 грамға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан сұраныс жоғары болады деп ойлап отырмыз. Алдағы уақытта өнімді арттыруға жұмыс істейміз. Дегенмен мол өнім алу үшін жылыжайдың жылыту жүйесін көгілдір отынға ауыстыру қажет. Қолбайлау болып отырған жалғыз жайт осы ғана. Бұл мәселеде Көксу ауданының әкімдігі қолұшын беруге дайын екендіктерін айтты. Шешімін табады деп сенеміз, – дейді серіктестік басшысы Светлана Зубович.
Алматы облысы