• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Ақпан, 2022

Ауылдастарына жер жыртып бермек

288 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөрлі ауданының шаруа қожалығы басшылары ауылдастарына бау-бақша егуі үшін жер телімдерін тегін жыртып, тырмалап беруге уәде берді.

«Жақында Бөрлі ауданының бірқатар шаруа қожалығы жетекшілері өзара ақылдасып, ауданы­мыздың агроөнеркәсіп кешенін, соның ішінде бау-бақша егу саласын көтеруге атсалысуды жөн көрдік. Нақтырақ айтсақ, ауданымыздың әр ауылына қарасты шаруа қожалықтары, егер сол ауылдан бау-бақша егуді кәсіп қыламыз деген жандар болса, 1-2 гектар жер аумағын тегін жыртып, тырмалап беруге дайынбыз», дейді «Аманат» шаруа қожалығының жетекшісі Бақыт Далабаев.

Шаруа қожалығы басшыларының бұл ұсынысына жергілікті әкімдік те қолдау білдіріп отыр. Қазір әр ауылдан бау-бақша өсірумен айналысуға ынта білдірген жандардың тізімі анықталуда.

«Бұл мәселені көктемгі егістік жұмыстары басталғанға дейін анықтап, алдын ала жоспарлап алу үшін ертерек кірісіп отырмыз. Егер өңірде бау-бақша өсіру дамыса, аудан тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамту мәселесі жолға қойылады деп ойлаймыз», дейді бастамашыл кәсіпкер.

Айта кетейік, Бақыт Далабаев бастаған бөрлілік шаруа қожалықтары былтыр мал азығынан тапшылық көрген Маңғыстау өңіріне де қайырымдылық көмегін ұйымдастырған болатын.

Қазыналы Қарашығанақ кеніші орналасқан Бөрлі ауданы – Батыс Қазақстан облысының өндірісті өңірі саналады. Сонымен бірге ауданның құнарлы топырағы мұнда ауыл шаруашылығын дамытуға да көп мүмкіндік береді. Ауданда 13 ауылдық округ бар.

 

Батыс Қазақстан облысы