Ауғанстанда туып, Америкада есейген жазушы Халлед Хоссейниді әлем оқырмандары өте жақсы біледі. Ол әр шығармасына өзінің туған елінің, анығын айтқанда, Ауғанстанның тарихын, халқының мұң-зарын, қасіретін, үмітін арқау етіп, өлмес романдарды әдебиет тарихына алып келді. Сол үшін де оның шығармашылығына тәнті болған әдебиеттанушылар «Халлед Хоссейни шығармашылығы – ауған қасіретінің қағазға түскен нұсқасы, оның қаламы – бір ұлттың көз жасымен суарылған», деп жоғары баға берген болатын.
Жібі үзілген ауған батпырауығы
«Батпырауық қуған бала» – Халлед Хоссейнидің атын шығарған роман. Аталған роман жарыққа шыққан соң, әлем оқырмандары Ауғанстан туралы терең түсінікке ие болды. Құрсауда қалған бір ұлттың тағдыры – «Батпырауық қуған бала» арқылы өз үнін жеткізе алды. Ауғандық бай отбасының 12 жастағы ерке ұлы Әмір мен оның қызметшісі Хасен аға-інідей болып, тел қозыдай тең өседі. Бірақ бір реткі батпырауық жарысының соңында туған аянышты оқиғадан кейін, Әмір үнемі өзін кінәлап, қатты азаптанып, ақыры Хасенді үйден қуып шығады. Кейін өзі де әкесімен бірге Америкаға кетеді.
Өзінің туған елінен алыстап, азамат жасына толса да, кейіпкер Әмір бала кездегі досына, әкесінің үй қызметшісінің ұлына жасаған озбырлығы үшін өзін күнәһар сезінеді. Тіпті өзін мәңгі кешіргісі келмейді. Ақырында, ойдағы ауыр салмақтан арылмақ болып, араға жиырма неше жыл салып, туған жеріне қайтып барып, бала досы алдында өз парызын өтемек болады. Бірақ бәрі ол күткендей емес, мүлде басқаша болады. Ол күткен Ауғанстан құрып бітуге шақ қалған күйде еді. Оның бала кездегі үрейлі де аянышты түсі қайталанғандай күй кешеді. Хоссейнидің қаламы шындықты сөз етіп қана қоймай, әр сөйлемі арқылы ауған тарихын қоса айтып отырады. Автор адам табиғатын және оны арашалап қалуды мақсат ете отырып, кей шындықтарды нанымды түрде қағазға түсіреді.
«Ол 1975 жылғы аспанды соқыр тұман тұмшалаған, аязы сүйектен өтетіндей қыстың бір күні еді. Ол кезде мен небәрі 12 жаста едім. Бәрі де күні бүгінге дейін қаз-қалпында есімде: құлап жатқан дауалға тығылып, сол бір жолға әлі де көз тіге қараймын. Оның айналасы мұзды жіңішке бұлақ. Содан бері сан жыл аунап түсті. Бастан өткен күн, болған істерді де қара жерге көміп тастауға болады дейді екен бұрынғылар. Бірақ олай істеудің дұрыс емес екеніне көз жеткіздім. Өйткені өткен істер сол көміп тастаған жеріңнен қайта «тіріліп» шығады екен. Өткен күндерді ойласам, осы 26 жыл бойы мен ұдайы сол бір шөлді мекенге ұрлана қараумен болыппын». Роман осылай басталады.
«Батпырауық қуған бала» романын соғыс өрті қаптаған шақтағы Ауған азаматының ішкі күрсінісі деуге болады. Кітап Әмір мен оның бала досы, әкесінің Хазар текті жалшысының ұлы Хасеннің арасындағы оқиғаларды негіз ете отырып, бірінші жақпен баяндалады. Бас кейіпкер Әмір – пуштун әулетінен, әкесі дәулетті, ел арасында ықпалды адам. Шешесінен ерте айырылған Әмірдің тума әлсіздігі бар, оның үстіне үнемі әкесінің мейіріміне бөлене алмайтын ұрпақтың өкілі. Ал Хасан досқа адал, таза жүректі бала. Отбасы деңгейі мен таптық өзгешелік олардың балалық шақтағы достық сезімдеріне кедергі бола алмағанымен, бірақ ешкім де бұл ұлы сезімге құрмет етуді қаламайды. Романға арқау болған оқиғалар негізі Ауған даласында өткен, жазушының көзімен көріп, құлағымен естіген сан алуан түрлі күрделі тарихи оқиғалардан құралады, соның ішінде, Ауғанстандағы монархияның құлдырауы, Кеңес әскерінің басып кіруі, ауғандық босқындардың Пәкістан мен Америкаға бассауғалап қашуы, талибандардың бас көтеруі сияқты маңызды оқиғалар баяндалған. Жазушы Халлед Хоссейни бұл шығармасын әке-бала арасындағы қарым-қатынас деп пайымдап, «Отбасы» дейтін тұғырдың берік болуын шығарманың айтар ойы, басты идеясы ретінде оқырманға ұсынады. Романның алғашқы бөлімінде кейіпкер Әмір досы Хасанды ол кездескен зорлық-зомбылықтардан құтқаруға шарасыз қалады. Міне, осы тұс шығармада көрсетілген күнәһарлық пен парыз тақырыбына жетелейді. Автор романының алғысөзінде: «2001 жылы осы кітапты жазуға отырдым. Жазып-сызу өзім үшін қызмет істеудің, өз өзіме әңгіме айтудың бір түрі еді. Бұл кітапты басқалар ұнатып оқиды дегенді ойлаған емеспін. Мен бұл романды жазып жатқан шағымда, Дүниежүзілік сауда ұйымының бір зәулім сарайы құлады. Содан көп өтпей, әйелім Роя шығарманы баспаға ұсын деп кеңес берді. Шынтуайтына келсек, талап етті. Мен бір тарауын жазып бітірген соң, Роя сол тарауды оқып бітіріп отырды. Ал мен кітапты баспаға беруге қарсы болдым. Бүкіл Америкада қайдағы бір ауғандықтың дәтіне ешкім құлақ салмайды деп ойладым. Ол кез елдің ыза-кегі өршіп тұрған кез болатын. «Қазір ауғандықтар алаланды, кемсітуге ұшырады», деймін Рояға. Шығармам баспадан шықты деген күннің өзінде, басқалар оны неге сатып алмақ? Америка топырағында тарихта болмаған ең үлкен сұмдық жасағандар біреудің Отанында лаң салса, өзгелер сол халықтың өкілінің қалтасына неліктен ақша салып бермек? Бірақ Роя құптамады. Неғұрлым көп оқырман табатын орай осы деп есептеді. Оның үстіне ол: «Сенің кітабың оларға ауғандықтардың басқа бір қырын көрсетеді», деді. 2002 жылы маусым айында қолжазбамды Нью-Йорктегі баспа саудагеріне жібердім», деп өз ойын айтады.
«Хасен парсының ежелгі батырлары суреттелетін ХХ ғасырдағы тарихи дастан «Шаһнаманы» жақсы көруші еді. Ол бұл кітапты өте жақсы көретін. Ол шығармадағы көпті көрген патша Феридун, Зал, Рудабені ұнатады. Бірақ ол екеуміз де «Рүстем мен Сохраб» хикаясына қатты берілуші едік. Ол хикаятта жаужүрек батыр Рүстем мен оның желден жүйрік тұлпары тартымды суреттеледі. Рүстем қарсыласы Сохрабты ойсырата жеңеді. Ал шындығында ол өзінің сан жылдар бойы сергелдеңге түскен туған баласы болып шығады. Әңкі-тәңкі күйде қалған Рүстем қасірет жамыла отырып, ұлының: –Туған әкем сен болсаң, Қылыш тістестіріп сенімен, даңқыңа тиді кесірім. Бәрі сенің кесірлі мінезіңнен болды емес пе? Туған анамның ант белгісін көрейінші, ал қазір балалық парызымды өтеп, «әке» деп айқайлайын. Жүрегің қабылдар ма екен мені? Өз қолыңмен жазым ет мені! – деген соңғы сөзін естиді. Хикаяның осы тұсына келгенде Хасен «Тағы бір рет оқышы» деп өтінеді. Тіпті көзінен жас ағып, өксіп отырады. Оның бұл әрекеті маған жұмбақ сезілетін. Не үшін, кім үшін жылайды? Өмірлік қасіретте қалып, басы қатып, аласұрған Рүстем батыр үшін бе? Жоқ, әлде өлім мен өмір өларасында жатып, әкеге деген сағынышы шер-шеменін қозғаған Сохраб үшін бе? Бірақ мен үшін Рүстемнің тағдыры аянышты деуге келмейді. Әр әкеде баласын өз дегеніне иландыру дейтін құлшыныс бар емес пе?». Осы жолдардан Ауған балаларының білім алуға деген құштарлығы мен ертеңге деген сенімі бірден аңғарылып тұр. Шығарма кейіпкердің досы Хасанның ұлы Сохрабтың Америкадағы өмірі, оның жаңа ортаға деген ұмтылысы мен көзқарасы, Әмірдің өткен күндерін есіне алып, қалқып ұшып жүрген батпырауықты көргенде бала сияқтанып қуа жөнелгенімен аяқталады. Бала көңіліне түскен жараның араға сан жыл өтсе де жазылмағаны кітаптың соңғы сөйлемінен білінеді. «Мен әлі жүгіріп келемін. Еңгезердей тұрқыма қарамастан мен батпырауыққа қарай ұмтылып бара жатқан топ баланың арасында батпырауықты қуып келемін. Мен бұл әрекетім үшін еш ұялмаймын. Кекілімді жел тарап, аузым Паншер шатқалындай үңірейіп әлгі батпырауықты қуып келемін. Қуып келемін. Қуып келемін».
Жарқыраған мың күн: ауғандық үміт ұшқыны
«Мен де әкемнің басқа балалары сияқты мектепте оқығым келеді». Біз сөз еткелі отырған Халлед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» атты екінші романы құдды осы бір жалғыз сөзге байланып тұрғандай. Бұл жалғыз сөз күллі Ауған балаларының жүрегінің түбіндегі қастерлі сөз. Отан, әділдік, адам құқығы, әйел теңдігі, балалар тағдыры да осы сөздің қауызында тұрғаны шындық. Аталған роман қысқа ғана уақыттың ішінде әлемдік кітап клубының классикасына айналып үлгерді. Бұл да Ауғанстан тақырыбындағы көркем шығарма. Сомерсет Моэмнің «Не жазсаң да өзің білетін нәрсені жаз» деген ұстанымын ұстанған Халлед Хоссейни өз еңбегінің арқасында оқырмандар жақсы көретін авторлардың тобына кіреді, әлем оқырмандары үшін оның әрбір жаңа кітабының жариялануы бір мереке іспетті болды. 2007 жылы баспадан шыққан бұл роман қысқа ғана уақыттың ішінде үш рет басылып, 70 мемлекетте 38 миллионнан астам данасы сатылды. Қазіргі кітап нарығы үшін бұл аса үлкен көрсеткіш болмақ.
Гераттық жасөспірім қыз Мәриям отбасылық қайғылы оқиғадан кейін кабулдық етікшіге тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Одан кейін дүниеге келген Ләйлә салыстырмалы түрде басқаша өмір сүреді. Гераттың шетінде Мәриям анасы Нанамен оңаша бір лашықта тұрады. Роман осылай оқиғалармен өрби түседі. «Мәриямды босанарда оның қасында ешкім жоқ екен. Бұл 1959 жылы көктемнің жаңбырлы күндерінің бірі. Захир шахтың қырық жылдық тыныш билігінің 26-жылы. Толғақ кезінде Нанаға тағы да жын жабысып алу қаупі бар екенін біле тұра Жәлел дәрігерді, тым құрығанда туытқа жәрдемдесер бір пендені де іздемепті. Нана құжырасында бір өзі қара терге түсіп, қолына пышақ алып, сыз еденде жатыпты». Әйел теңдігі жоқ елдегі оқиғалардың көбі қасіретпен аяқталып жататынын ескерген жазушы әр сөз-сөйлемінде әйелдердің де жалпы адамзат баласымен қатар өмір сүруге хақы бар екенін айтқысы келеді. Әсіре діншілдік жайлаған Ауғанстандағы алапат жағдайлар ақ қағаздың бетінде риясыз сөйлеп тұр. Ары қарай жас ана мен оның өмірге келер сәбиінің қиналысын, өмір мен өлім алдындағы жанталасын жазушы былай суреттейді:
«Толғақ қысқанда жастықты тістелеп, тамағым қарлыққанша айғайладым. Көзіме құйылған терді сүртер, таңдайыма бір тамшы су тамызар жан табылмады. Ол аз болғандай сен де мынау жарық жалғанға келуге асықпай-ақ қойдың. Екі күн бойы мені сол бір суық еденде жатуға мәжбүр еттің. Екі тәулік нәр сызбадым, кірпік ілмедім. Бар болғаны қинала ыңыранып, сенің сау-сәлемет өмірге келуіңе дұға қылдым.
– Көп қиындық көріпсің, Нана.
– Екеуімізді жалғап тұған кіндікті де өзім кестім. Соған бола пышақты қасыма алып қойдым.
Кешір мені, Нана». Халлед Хоссейни не жазса да, өмірмен, шынайы оқиғалармен байланыстырып жазды. Сол үшін де оның әрбір кітабы әлі де оқырманның қолынан түсе қойған жоқ. Ол осы екінші романында да «Батпырауық қуған балада» қолданылған кейбір көркемдік әдістерді пайдаланды, мысалы, отбасылық динамика, ұлттың өшіп бара жатқан үмітін сөндірмеуді мақсат етті. Ол өз шығармаларындағы әйел кейіпкерлер мен олардың қазіргі ауған қоғамындағы рөлдеріне назар аударады. 1978 жылы Ауғанстандағы саяси орта аласапыран күйге түсті. Коммунистік партия билікке келіп, ақырында Ауғанстан үкіметін құлатып тынады. Кабулда талибандар билікке келіп, жергілікті халыққа қатал ережелер енгізіп, әйелдердің құқықтарын шектейді. Осы оқиғалардың бәрі автордың өз қөзқарасы арқылы шығармада сәтті пайдаланылды.
Жазушы өз шығармасындағы детальдар арқылы оқырманына Ауғанстанның бастан кешкен қиын-қыстау кезеңдерін жіпке тізгендей айтып отырады. Кеңес Одағы мен Ауғанстан арасындағы соғысқа аттанған, кейін майданда мерт болған аналардың зары да назардан тыс қалмайды. «Ахмет даусыз көсем болар еді. Онда ғажайып талант бар. Өзінен үлкендер де оның сөздерін құрметпен тыңдайтын. Нұрды айтсаңшы... Ех, Құдайым. Менің Нұрым ылғи да ғимараттар мен көпірлердің чертежын сызатын. Сәулетші болып, бүтін Кабулды өзі жобалаған ғимараттармен өзгертпекші еді. Міне, енді әр екеуі де бұл дүниеде жоқ. Менің балаларым, менің шахиттерім». Фарибе есімді ананың ащы зары осылай шығып жатады.
«Батпырауық қуған балада» да талибандардың қолынан қаза болған жазықсыз жандар туралы оның ішінде Хасан мен әйелі жөніндегі оқиғалар шығарма арқауы болған еді, ал «Жарқыраған мың күнде» кейіпкер Мәриям да талибандардың қолынан мерт болады. Романның соңында кейіпкер Ләйлә Кабулға оралғанда, талибандардың Мәриямды қайда көмгенін біле алмай дағдарады. Тапса, құран оқып, қабірінің басына гүл шоғын қоймақ. Жұрт сүйіп оқыған бұл роман кейіпкер Ләйләнің жарық дүниеге келер сәбиіне ат іздеп әлек болып жатқанын, оған «Өмір» деген есім ұнайтынын, «Ал егер қыз туа қалса, оған қандай есім қою туралы Ләйлә әлдеқашан ойланып қойған» деп аяқталады. Үміттің аты – Үміт. Ол ортайғанымен, таусылмайды. Халлед Хоссейнидің біз сөз еткен екі романы да осы ойды меңзейді. Оның кейіпкердің аузымен «Ауғанстанның жеңе алмайтын жалғыз жауы бар – ол Ауғанстанның өзі» деуі де көп шындықтың бетін ашады. Жаралы Ауғанстанның әрбір қиын сәті Ауған текті жазушының жанын ауыртатынына күмәніміз жоқ.