• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Ақпан, 2022

Сүт безі обыры өршіп тұр

425 рет
көрсетілді

Шамамен жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік табылады. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 190 мыңнан аса адам тұр. Жыл сайын онкологиялық аурулардан шамамен 14 150 адам көз жұмады.

Дегенмен бұл жағдайды мына мәселемен де байланыстырған жөн. Дәрігерлердің айтуынша, 2020 жылы коронавирус пандемиясы салдарынан алты айға жуық емханалар жабық болды. Пациенттер келе алмады. 2021 жылы бүкіл емханалық қызмет жұмыс істеген соң ауруды анықтау көрсеткіші көбейді. Мәселен, биыл 36 140 жаңа жағдай тіркелді. Былтыр 32 490 дерек анықталған еді.

Әйтпесе Қазақстанда жатыр мойны, сүт безі және тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтаудың ұлт­тық скринингтік бағдарламалары ақысыз жүргізіліп келеді. Елі­міз­де онкологиялық ауруларды диаг­­ностикалау және емдеу тегін ме­дициналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлеміне кіреді және мем­ле­кеттік бюджеттен толығымен қамтылған. Бірақ осының бәріне қарамастан қатерлі ісіктерге тегін тексерілуге, скринингтерден өтуге үндеу жасалып жатса да халық бел­сенділік танытып отырған жоқ. Көпшілігі ішкі үрейін жеңе алмаса, тұрғындардың енді бір бөлігі ден­саулығына салғырт қарайды. Сондықтан отандастарымыздың сүт безі, өкпе, асқазан, жатыр мойны, тоқ ішек обырына жиі шал­ды­ғатыны бұрыннан да айтылып жүр.

«Өкінішке қарай, 2021 жылы онкологиялық кеселге шал­дық­қан­дар 9,3%-ға артты. Жыл өткен са­йын сүт безі, жатыр мойны обырына шал­ды­ғатындар көбейіп барады. Былтыр осы уақыттағы көрсеткіш 1 700 болса, биыл 1 806 жағдай тіркелді. Бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі тұр. Биылдың өзінде 5 мыңға жуық жаңа жағдай тіркелді. Екінші орында өкпе қатерлі ісігі – 3 500 жағдай. Ал үшінші орында – ішек қатерлі ісігі. Биыл 3 200 адамнан осындай обыр анықталды», дейді ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Осы мәселеге орай, еліміздің бас онкологы баспасөз мәслихатында былай деді: «Біріншіден, халықтың бұл ауруға деген үрейін сейілту қажет. Сол үшін Ашық есік күнін ұйымдастырып, қатерлі ісікті ерте кезінде анықтаса, оны емдеу оңай болатынын түсіндіруге тырысып отырмыз. Мәселен, халықты скринингтен өткізуге мемлекеттен жыл сайын 4 млрд теңге бөлінеді. Өкі­­­нішке қарай, жұртшылықтың кейбірі қорқақтап келмейді. Ал кел­гендер арасында қатерлі ісіктің асқынып кеткені анықталып жатады. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Қазір барлық емханада скринингті бөлмелер бар, онда адамның сіле­кейінен талдау алынады, оған қоса теріні, ағзадағы ісік болатын жер­лердің барлығы тексеріледі».

Сол сияқты еліміздің барлық өңірі қатерлі ісіктің алдын алуда қарап отырған жоқ. 2019 жылы Павлодар қаласында жоғары технологиялық желілік үдеткіші бар жаңа онко­логиялық орталық іске қосылды. Қазіргі уақытта аппаратта сәулелік терапия қызметтері көрсетіледі. 2020 жылы жаңа Маңғыстау облыстық орталығы іске қосылды. Онда заманауи жабдықтар (КТ, МРТ, желілік үдеткіш) орнатылды. 2019 жылдан бері ҰҒМО мамандандырылған көмек көрсетеді. Бүгінде Протон орталығын және басқа да жоғары технологиялық бөлімшелерді ұйым­дас­тыру ісі жалғасуда. 2021 жылы Өскемен қаласында желілік үдеткіш іске қосылды. Сондай-ақ өткен жыл­дың қазан айында ҚазОжРҒЗИ база­сында Томотерапия орталығы ашылды.

Республикалық ұйымдарда қа­шықтан жоғары технологиялық сәу­лелік терапия (Томотерапия, стерео­таксис, IMRT, IGRT), интра­операциялық сәулелік терапия, ағзалар мен тіндердің биотрансплантациясы, жарақаты аз хирургия дамып келеді. Клиникалық практикада әртүрлі биологиялық маркерлерді (иммуногистохимия, молекулярлық-генетикалық зерттеулер) айқындау қызметтері бар. Бұл онкологиялық науқастарға жеке ем жүргізу және ҚІ молекулярлық-биологиялық ерекшеліктерін не­ғұр­лым егжей-тегжейлі зерделеу мүмкіндіктерін арттырады.

Кешенді жоспарда Нұр-Сұлтан, Семей, Шымкент және Ақтөбе облыстарында қосымша ПЭТ-орталықтарын ашу жоспарланған. 2021 жылдың сәуір айында Семей қаласында радиоизотопты диагнос­тика мен радионуклидті терапияны қолдана отырып, Қазақстандағы ал­ғаш­қы ядролық медицина орта­лығы ашылды. Онда радиойод терапиясы жасалады.

Қазақстан халқы үшін онколо­гиялық скринингтің 3 түрі; сүт безі, жатыр мойны колоректальды қатерлі ісіктеріне тегін жүргізіледі. Қорқынышты болса да қаперге сала кету керек: қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім құрылымында бірінші орында – өкпе обыры (2 081 жағдай), екінші орында – асқазан обыры ­ (1 610 жағдай), үшінші орында – колоректальды қатерлі ісік (1 422 жағдай), төртінші орында – сүт безі обыры (8,7%, 1 189 жағдай), бесінші орында – ұйқы безі обыры (744 жағдай) тұр.

Өткен жылы жылғы алғашқы сатылардағы онкологиялық ауруларын ерте диагностикалау 6,3%-ға ұлғайды.

 

АЛМАТЫ