• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Ақпан, 2022

Төтенше жағдайға төр бермеген жөн

303 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстанда биыл шектен шыққан суық болмаса да кейбір күндердегі ылғалды ызғы­рық сүйектен өтеді. Қардың қалыңдығы да был­тырға қарағанда жұқа. Солай болса да азамат­тық қорғаныс жүйесінің қызметкерлеріне дамыл жоқ.

Адамдардың үсіп қалуы немесе суықтан көз жұмуы сияқты төтенше жағдайларға жол берілсе, бұл жұмыс нәтижесінің төмендігін көрсетеді. Әйтеуір әзірге ондай келеңсіздікке жол берілген жоқ. Ауа райының бұзыла бастағанын білсе бұл қызмет дереу СМС хабарламалар жіберіп немесе «Дәрмен» қосымшасы арқылы адамдарды алыс жолға шығудан сақтандыра бастайды.

Осы уақытқа дейін 4 рет жолдарды қар басуы болып, 3 рет құтқару жұмыстары жүргізілген. ТЖ қызметкерлері қарға батып қалған 13 техниканы босатып, 38 адамды құтқарып қалды. Соның ішінде Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылынан 28 желтоқсанда түнгі он жарым кезінде Май ауылына қарай шыққан ерлі-зайыпты адамдардың қар астында қалғаны туралы дабыл түскен. Жедел шыққан құтқару тобы оларды Май ауылына 15 шақырымдай қалған жерде қалың қарда тұрып қалған жерінен тапты. Қалың жауған қар жеңіл машинаны жолдан адастырып, айдалада тоқтатып тастаған. Абырой болғанда жолаушылар үсуден аман екен.

31 қаңтарда да төтенше оқиға болып, Тимирязев ауданындағы Ақсуат пен Ишим ауылдарының арасында жаяу шыққан жігіттің жоғалған дабылы түскен. Абырой болғанда ауылдар арасында байланыс бар екен, жігіт өзінің жолдан адасқанын телефонмен хабарлаған. «Жедел шыққан іздеу тобы оны түнгі сағат 12-де тапты. Елу жастағы адам аман-сау, медициналық көмекке зәру болмады, сондықтан ол Ақсуаттағы үйіне жеткізілді», дейді облыстық ТЖ департаменті басшысының орынбасары Мұрат Қанғожин.

Қыс айларында адамдардың өміріне қауіп төндіретін бір шаруа –балықшылық. Ондайға кейбіреулер ащы судан татып алып, көңілдерін көтеріп те барады. Мұздың қалыңдығын білмей тәуекелге баратындар да осындайлар. Әрине, Солтүстіктің қысында мұздың қалыңдығы қауіп туғыза қоймас, бірақ көктем шыға мұздың астынан еруі себебінен ол жұқарып қалады. Осы жылдың басынан бері елімізде қауіпті жағдайда балыққа шыққан төрт адам суға батып кетті. Соның біреуі кәмелетке толмаған жасөспірім. Ондайдан әйтеуір Солтүстіктің балықшылары аман.

Төтенше жағдай тудыратын «жаудың» тағы бірі – өрт. Биылғы, 2021-2022 жылы облыста 195 рет өрт болған. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен са­лыс­тырғанда 19 пайызға аз болғанымен қауіптің қатері зор. Өрттің кесірінен 12 адам қаза тапты, 4 адам ауыр жараланды. Биылғы материалдық шығын да үлкен, былтырғымен салыстырғанда 2,6 есе артық.

 

Солтүстік Қазақстан облысы