Пандемия есігімізді қаққалы адамзат баласы құндылықтарын саралап, өмір салтына бұрынғыдай бейжай қарамайтын болды. Қатаң шектеудің кесірінен адам баласы үйден шықпауға мәжбүр болғанда, психологиялық тұрғыда төзімді болудың маңызы мен қажет болса маман көмегіне жүгінудің еш әбестігі жоғы туралы жазбаған БАҚ қалмаған болар, сірә.
Жалпы, тәні ауырса дәрігерге баратын адамның жаны қиналса психологке жүгінсе, несі айып? Әлдебір сауал мазалап, жаны байыз таппағанда осы салада арнайы білімі бар маманға емес, жолдас-жорасына хабарласу – көптің әдеті. Психологтің кеңесіне жүгінуді еріккеннің ермегі, «тойып секірудің» көрінісі ретінде қабылдайтындар да аз емес. Осы ретте жоғарыда айтып өткен БАҚ, әлеуметтік желілердегі белсенділер, психологке барудың қажет екенін айтып әлек.
Осы орайда сөзден іске көшкендер де табылды. Жастарға психолог кеңесіне жүгіну, басына түскен мәселемен бөлісу қалыпты, ал кей жағдайда тіпті дұрыс екенін айтып қана қоймай, еріктілер жиналып, мүмкіндігінше материалдық көмек қолын созатын мамандар тобы құрылып арнайы жобаны қолға алды. Бұл – Tanym Project жобасы. Аталған коммерциялық емес әлеуметтік жоба аясында қазақстандық жастарды психологиялық қолдау және 1 000 теңге көмек алуға мүмкіндігі бар. Мәселеңізді түсіндіріп Instagram не Telegram желілеріндегі парақшаға жазсаңыз болғаны, жоба ұйымдастырушылары сұрағыңызға қарай маман таңдап береді.
Ұйымдастырушылар бастаманы «Қазақстан жастарына психологиялық көмек көрсетуге дайын еріктілер жобасы» деп таныстыруда. Топтың құрылуына елдегі қыздардың мәселесі түрткі болыпты. Яғни жоба қыздар өз бағасын біліп, өз күшіне сенсе, өмірде кездескен қиындықтармен күресуге көмек алса деген ниетпен құрылыпты. Жастар жоба ұйымдастырушыларына ата-ана, туыс, достар, жалпы қоғаммен байланыс бойынша сұрақтармен, өз өзін дұрыс бағалау, мансап, бала тәрбиесі, қиын психологиялық жағдайларға қатысты мәселелер бойынша хабарласа алады.
Еріктілер тобында психологтермен қатар журналистер, дизайнерлер де бар екен. Негізгі жұмысты психологтер ақылы түрде жүргізеді, қалғанының жұмысына ештеңе төленбейді. Психологтердің барлығы арнайы оқу орындарын бітірген, бұл салада бірнеше жыл қызмет етіп жүрген мамандар.
Бұл ерікті жұмыс болса да, аз да болса ақы төлеу ісін олар «ақша төлеу – өзімен жұмыс істеуге әзірлігін білдіріп, психологтің еңбегі мен уақыты зая кетпейтініне кепілдік береді» деп түсіндіреді. Психологтер мәселе шешілгенге дейін консультация береді, әрі қарайғы көмегі үшін өзара келісіп, жұмысты жалғастырады. Бір ескеретін жайт – тамыры тереңдеп кеткен үлкен мәселелерді шешуде жобаның мүмкіндігі шектеулі.
«Алғашында көмек құны 500 теңгеден басталған, қалаған адам белгілеген сомадан да көп төлей алатын. Дегенмен біраз тәжірибеден кейін ортақ соманы белгілеу туралы шешім қабылдадық. The Manat Foundation қайырымдылық қоры консультация ақысын төлей алмайтындардың шығынын өтеуге әзір екенін айтып, серіктес болуды ұсынды. Қор бүгінде біршама жастың сұрағына жауап алуға жағдай жасап үлгерді», дейді ұйымдастырушылар.
Жобадағы мамандардың күнделікті өз жұмысы болғандықтан, психологтер қолы бос кезде консультация жүргізеді. Сондықтан ұйымдастырушылар мамандармен алдын ала келісіп, белгіленген уақытта байланысқа шығуын талап етеді. Байланыс кезінде тыныш, адамдардан алыс жерге баруға кеңес береді. Кездесуге қатыспайтын болса, уақытынан бұрын ескерту де маңызды. Елорда мен Алматы қалаларының тұрғындары психологтермен жүздесе алады, ал республика аймақтарындағы жастар тек онлайн форматта ғана кездесу мүмкіндігіне ие.
Жобаның негізін қалаушы Ұлпан Рамазанова жобаның өзінің жеке блогынан бастау алғанын айтады. Алғашында жеке парақшасы арқылы алыстағы сіңлісіне арнап жазбалар жолдаған. Ол сіңлісі «менен сұрауға ұялғанын ең болмағанда желіден оқыса» деп ойлағанын айтады. «Біраз уақыттан кейін басқа да қыздар көмекке жүгіне бастады. Сол кезде мәселеге мамандар араласуы керегін түсіндім. Өйткені мен психолог емеспін, бәріне көмектесе алмаймын», дейді Ұлпан.
Осы идея туғаннан кейін, сәйкестік пе, басқа ма, бірақ Жанна есімді психолог психологтер қоғамдастығында жұмыс істейтінін айтады, бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдіреді. «Кездесіп, жобаның бағытын нақтыладық. Енді концептті аша түсетін атау таңдауымыз керек болды. Шыны керек, бұрын-соңды тәжірибеміз болмағаннан кейін қандай нәтиже күтерімізді де білмедік. Механизмі дайын болған соң, шегінерге жол жоқ деп, белді бекем будық. Әлеуметтік желілердегі парақшамызды жүргізу үшін еріктілер мен дизайнерлерді тауып, көмегіне жүгіндік. Дәл қазір 15 психолог жастарға көмек көрсетіп жүр», дейді Ұ.Рамазанова.
Психологтер туралы ақпаратқа назар салсақ, барлығы тәжірибелі мамандар. Арасында Чехия, Ресей университеттерінің түлектері де бар.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, психологтердің жұмыс бағыты да әр түрлі. «Жұмысқа қабылдарда маманның білімі, тәжрибесі мен бағытына мән береміз. Қазір әлеуметтік желіде қаптап кеткен нумеролог, астрологтермен жұмыс істемейміз. «Әлемді құтқарамыз» деген үлкен мақсат та қоймадық. Кішігірім ақы төлеу (донат) арқылы психологтерімізді жұмыс істеуге ынталандырамыз. Осы уақытқа дейін бір кісіден келген ең үлкен донат мөлшері – 10 мың теңге. Түскен ақшаны еріктілерге де беруге тырысамын», дейді Ұлпан Рамазанова.
2021 жылғы шілдеден қазан айына дейін 4 ай ішінде 400 консультация жүргізілген. Жастардың жобаға деген пікірі оң. Ұйымдастырушылар іске кіріспес бұрын сауалдама жүргізген. Онда жастардан «психологке баруға не кедергі?» деп сұрапты. Алғашқы себеп ретінде көпшілігі қаражат мәселесін көрсеткен. Одан кейін себептер арасында мамандарға сенбеу де бар. Біздің негізгі міндетіміз – адамдарды құтқару емес, маманға жүгінудің әбестігі жоқ екенін көрсетіп, тосқауылдарды жойып, қоғамның пікірін өзгерту», дейді жобаны ұйымдастырушылар.
Жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларында жазылған пікірлердің көпшілігінде психологтер жұмысына жоғары баға берілген. Әсем Камитова есімді маманмен жұмыс істеген бойжеткен досының кеңесі бойынша хабарласқанын айтады. «Дегенмен психолог мені бірден баурап алды. Өз мәселемді ашып айтуға қысылмадым. Психологпен жұмыс бірнеше айға созылды. Ол тек сұрағыма жауап беріп қоймай, мәселенің түп төркінін анықтауға көмектесті. Маманның тапсырмасын орындап қана жүрдім. Алайда алысқа көз тастасам, айтарлықтай прогресс болғанын байқаймын. Қазір мазамды алатын қорқыныш, қатер сияқты жағымсыз сезімдерден арылдым. Бұған дәрі-дәрмексіз-ақ жеткенімді атап өткім келеді. Әсем өз мәселеммен дәрісіз күресіп көруді ұсынған-ды, оның кеңесіне құлақ асқаныма қуаныштымын. Шыны керек, маманның жағымды әсері болғаны сонша, онымен әр кездесуді асыға күтетін болдым», деп жазады ол.
Басқа да пікірлерге назар салсақ, мәселелер әр алуан. Бірі шамадан тыс көп тамақ жеуінің себебін таппай келген болса, енді бірі ата-анасының ажырасқанын айтып, көмек іздеген. Ақша жинай алмау да, қаржыны тиімді жұмсай алмау да жастардың жиі кездесетін проблемасы, өйткені осы себеппен хабарласқандар аз емес. Ата-анамен, достармен қарым-қатынастың дұрыс болмауы да көпті толғандырса керек, колледж бен университет студенттері көбіне осы мәселеге шешім іздейді екен. Ал көмекке жүгінушілердің барлығы дерлік 18-ге толған азаматтар. Бір қызығы, шетелдегі жастарымыз да көптеп хабарласқан. Пікірлерден байқағанымыздай, олар шетелде маманның қызметі қалтаға салмақ салатынын, сол үшін жоба аясында көмек алғанын жазыпты.
«Келеңсіз жағдайлар да болды, әлбетте. Алғаш рет өтініш білдіргендердің бірі күткен нәтиже көрмей, шағымданды. Мұндай жағдайда ашық айтқан, мәселені бірлесіп шешкен абзал. Психологтер да өздері көтере алмайтын жүкті мойнына алмайды», дейді жобаның басы-қасындағылар.
«Қазақстандықтарда негізінен психологке бару дәстүрі қалыптаспаған. Елімізде осыған қатысты бастамалар да болмады. Бір айта кетерлігі, «Өзін өзі тану» пәні ғана бар. Алайда оны арнайы маман оқытпаса, қажет нәтижеге жетпесіміз анық. Бүгінде күніне 5 өтініш қараймыз. Осылайша, жастардың қателіктерінің алдын аламыз деп сенемін», дейді Ұлпан Рамазанова.
Расымен, елімізде психологке баруды намыс санайтын, барғысы келсе де көпшіліктің реакциясынан қорқатындар жеткілікті. Оның үстіне, азаматтардың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз етуге әрең жететін жалақысы психолог қызметіне жүгінуге мүмкіндік бермейді. Дегенмен жоғарыда сөз еткен еріктілер сияқты қоғамға пайдалы болуға ниетті азаматтар барда үміт үзілмейді. Адам қоғамсыз өмір сүрмейтінін айтамыз. Дегенмен қоғамның құраушысы – адам екенін ұмытпаған абзал. Үйдің жақсысы – ағашынан болса, қоғамның жақсысы – сұрағына жауап таба білген, жеке басындағы мәселесіне жауапкершілікпен қарап, оны шешуге тырысатын адамдардан құралады емес пе?