Адам баласының еңсесін көтертпей тұрған пандемия мен беймаза әлемде болып жатқан ахуалдар әрбірімізге жылы сөзбен болса да демеу керек екенін көрсетіп отыр. Қазіргідей күйзелісті кезеңде қайырымдылық пен ізгілік, түсіністік танытудың құны өлшеусіз. Кейде кішкентай ғана көмек, болмашы оқиғалардың өзі бізді өмір сүруге құлшындырады.
Осы орайда Орталық Азияның Еуразия қоры мен «Шеврон» компаниясы бірігіп әзірлеген QOLDA жедел көмек бағдарламасының үшінші кезеңін қорытындылады. Бұл бастама әу баста COVID-19 пандемиясының қайғылы салдарын азайту, өткір әлеуметтік мәселелерді шешудегі азаматтық бастамаларға қолдау көрсету үшін қолға алынған еді. Нәтижесінде, Qolda 3.0 бағдарламасы өткен жылдың тамызы мен желтоқсан айлары аралығында 16 өңірлік ҮЕҰ Қазақстанның 14 өңірінде нақты көмекке мұқтаж 16 423 адамға жан-жақты қолдау көрсетіп, әлеуметтік санаттардың өмірін жақсартуға ұмтылған және ин-клюзивті болашақ құруда жаңа идеялары бар қоғам белсенділерін біріктірді. Мәселен, Түркістан облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 14 ақпараттық науқан өткізілді. Ауылдардағы 326 қыз-келіншекке керекті кеңес беріліп, оның ішінде 314 қыз-келіншек құқықтық және психологиялық көмек алған. Сол сияқты отбасында озбырлық танытқан 106 ер адамға психологиялық оңалту бағдарламасы арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ақыл-кеңес берілген. Мұнан бөлек Алматы облысында өзіне өзі қол салуға бейім 444 оқушы психотерапиялық сессиядан өтті.
Өскемен қаласында есту қабілеті нашар адамдарды ақпараттық, консультациялық, психологиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін дағдарыс орта-лығының кеңсесі ашылды. Бұл өңірде де мамандар ым тілінде 122 психологиялық кеңес өткізді. Сол сияқты Семей қаласында 2 300-ден астам бала қалалық экоакциялар мен экологиялық мектеп іс-шараларына қатысты. Ал Қарағанды облысында 70 экотренер мен эковолонтер жастарға экологиялық білім беру бойынша оқытудан өтті. 1 мыңнан аса колледж студенті жасыл өмір салтын насихаттау бойынша сенбілік, экоакция, экомарафон, байқаулар сияқты іс-шараларға қатысты. Солтүстік Қазақстан облысына келсек, ауыл тұрғындары цифрлы сауаттылық бойынша 1 110 кеңес алды. Павлодар облысында қоғамдық нысандардың мүгедектігі бар адамдар мен тұрғындардың қозғалысы шектеулі топтары үшін қолжетімділік деңгейін бағалау және одан әрі бейімдеу тетігі әзірленді.
АИТВ және туберкулезге шалдыққан адамдардың құқықтарын насихаттайтын ҮЕҰ республиканың 5 облысын біріктірген Қазақстан Пациенттер одағын құрды. Барлық жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардан 78 әріптес және 45 серіктес ұйым көмектесіп отыр.
«QOLDA бағдарламасы өрістеп келе жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл жолы әртүрлі бағыттағы жобаларды қолдадық. Біз үшін эко-білім беру, цифрлы сауаттылыққа, тігу дағдыларына оқыту және жұмыс орындарын құру жөніндегі жобалар, әрі заң шығарушылық жаңа жобалар болды. Бұдан бөлек бағдарлама өңірлік ұйымдарға қолдау көрсетуге, оларға өздерінің бірегей идеяларын іске асыруға мүмкіндік беруге және бенефициарларды барынша қамту үшін аудандарға баруға тырысады», дейді Орталық Азияның Еуразия қорының Qolda бағдарламасының менеджері Әлия Испаева.
«Шеврон» компаниясының қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып отырған Qolda жедел көмек бағдарламасы індетті ауыздықтап, COVID-19 салдарынан болатын өлім-жітімді азайтуға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар азаматтық қоғамның дамуына жаңа серпін беріп, қоғамдық ұйымдардың заманауи қоғамның мәселелерін шешуге өз үлесін қоса алатынын көрсетті. Бағдарлама мыңдаған отандастарымызға жүйелі гуманитарлық, құқықтық, психологиялық көмек көрсету бойынша орасан зор жұмыс жүргізетін әмбебап алаңға айналды және «Күшіміз бірлікте!» постулатын тағы да бір мәрте растады», дейді «Шеврон» компаниясының өкілі Жанар Қошпанова.
Qolda бағдарламасы өз жұмысын алдағы уақытта да жалғастырады. Ақпан айында бұл бағдарламаның келесі кезеңі жарияланады.
АЛМАТЫ