Қаңтар айының соңғы күні алматылық Ержан Жамбауовтың шаңырағында үшем дүниеге келді. Жаратқанның сыйымен алты баланың ата-анасы атанған бақытты отбасына күні кеше «Елге көмек» қайырымдылық қорының бастамасымен баспана кілті берілді.
Қала тазалығы қызметінде жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар бұған дейін көпқабатты үйдің жертөлесін паналап келген. Бұл жай ізгілікке іңкәр жандарды бейжай қалдырған жоқ. Осыған дейін 12 отбасына пәтер кілтін табыстаған «Елге көмек» қоры аталған мәселе туралы желіге әсерлі бейнеролик жариялаған еді. «Көп түкірсе көл» дегендей, үй алуға қажетті сома тәулік ішінде жиналып, қайырымды іске ел азаматтары үн қосқан.
– Үшемдердің өмірге келуі – сирек кездесетін жағдай. Жамбауовтар отбасының жертөледе өмір сүріп жатыр дегенін естігенде, олардың үшемдерден бөлек үш ұлы барын білгенде, көмек қолын созғымыз келді. Үшемдердің жаңа өмірі жаңа үйде басталғанын қаладық. Арнайы бейнеролик дайындап, парақшамыз арқылы көпшілікке ұсындық. Қайырымды жандар аз уақыттың ішінде өз үлестерін қосып, қала іргесінен кең ауласы бар жайлы баспана бұйырды, – дейді игі іске бастама болғандар.
Алты баланың әкесі Ержан Жамбауовтың қуанышында шек жоқ. Ең үлкен арманымның бірі орындалды деген ол жақсылыққа үлес қосқан жандарға алғысын білдіріп, баспана кілтін қолына алған сәтте көз жасына ерік берді. Бұдан былай барлық күш-жігерін балаларын оқытуға арнайтынын айтып, ағынан жарылды.
Қоғамдағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға қайырымдылық қорлары қомақты үлес қосып жүр. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланған азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болғанына ел куә. Жеке қорлардың көмегімен қаншама отбасының баспана жыры байыпты шешімін табуда. Бұл – ізгілікте шекара болмайтынының дәлелі. Енді тіршілікке жолдама алған шақалақтардың шаттық үні жалдамалы жертөледе емес, өз шаңырақтарында естілетін болды.
АЛМАТЫ