Теннисшілердің әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Қазіргі кезде «ТОП-100» ойыншының қатарында Қазақстанның үш өкілі бар.
Отандастарымыздың арасында ең үздік көрсеткіш Елена Рыбакинаға тиесілі. Соңғы кездері өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген ол бұл күндері WTA тізімінде 12-орынды иеленуде. Рыбакинаға дейін Қазақстанның бірде-бір теннисшісі дәл осындай биікке көтерілген жоқ еді. Юлия Путинцева 41-орынды еншілесе, Зарина Диас 117-сатыға тұрақтады. Әйелдер арасында әлі де Аустралияның аруы Эшли Барти алдына жан салар емес. Екінші орында – белоруссиялық Арина Соболенко. Чехияның қос жұлдызы – Барбора Крейчикова мен Каролина Плишкова үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісті. Үздік бестікті испаниялық Паула Бадоса түйіндеп тұр.
Монпельедегі жарыстағы жеңісінен кейін Александр Бублик төрт сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 31-орынды иеленуде. Бұл – қазақстандық ойыншылар арасындағы ең үздік нәтиже. Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміздің көрсеткішіне көңіл толмайды. Еліміздің екінші ракеткасы Михаил Кукушкин небәрі 165-орында қанағат тұтуда.