Ойыма бала кездегі бір оқиға түседі. Ауылда Еркін деген жақын ағамызбен көрші тұрдық. Көп сөзі жоқ, кісіге қайырымы мол, біртоға адам еді. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбекпен нанын тауып, отбасын асырап жүрген жан. Сол кісі екеуміз бірде әзілдесіп тұрып сөзге келіп қалдық.
Әрине, ол менің құрдасым да, жездем де емес. Бірақ өзінің балалармен ойнағанды жақсы көретін қуақы қылығы бар еді. Мен де байқамай әдепсіз сөзді төбеден қойғандай айта салдым. Ол кісі болса сол мезетте сілейген қалпы тұрып қалды. Әуелгіде түсінбей қалды-ау деймін, не айтарын білмей кідіріп, біраздан кейін: «Әй, сен не айтып тұрсың?» деп, маған қолындағы ағашын сілтеп жіберді. Зып етіп, қаша жөнелдім. Өзім де не болғанын түсінген жоқпын. Ол кезде мен алтыншы сыныпта оқимын. Дегбірім басып үйге келдім. Содан кейін ше…
Байқамай аузымнан шыққан әдепсіз сөзім үшін қарадай қара терге түсейін. Бетімнің оты шықты. Оның бізге жасаған жақсылығы көп еді. Анам не айтса да орындайды. «Сіз-біз» десіп отырған құдайы көршіміз. Содан ол кісінің анадайдан қарасы көрінсе қашамын. Осылай сабылып үш ай жүрдім. Сөйтіп, бір күні бетпе-бет кездесіп қалдық. Бұлтаратын жер жоқ. Ұялып, әдепсіз қылығым үшін кешірім сұрадым. Үндеген жоқ. Бар болғаны «Ұятыңды ұмытпа» деді. Осы оқиға маған өмірлік сабақ болды.
Бала күнімізде үлкендерден «ұят болады» деген сөзді жиі естідік. Ата-анамыз да осы киелі ұғымды бойымызға сіңірді. Қазақы тәрбиенің негізі ұят пен обал-сауаптан тұрады. Біреуге артық сөз, артық қимыл көрсетіп қойсақ, ұятымыз үшін жерге кіріп кетуге бармыз.
Бүгінде адами құндылықтар өзгерді. Бұрынғыдай әдепсіз қылықтарды тыйып тастайтын үлкендер де азайды. Әркім өз білгенімен, өз түсінігімен өмір сүруде. Хакім Абай атамыз отыз алтыншы қара сөзінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» депті. Бойына ізгілік қонған, ұяты мол адам жамандыққа бармайды. Бұрын ауылда осындай киелі адамдар болды. Олар ұят пен адалдықтың өлшемі еді. Ал қазір ше...?
Еркін ағамның «Ұятыңды ұмытпа» деген сөзі әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады.