Денсаулықтың қадірін көбіне бойды дерт дендеп, жан алқымға келіп тірелгенде ғана өте кеш түсініп жататынымыз өкінішті-ақ. Таяуда Қостанайдағы көпсалалы онкологиялық аурухананың мамандары көпшілікпен онлайн байланысқа шығып, өңірдегі ісік ауруларының таралу деңгейі жөнінде баяндады. Сондай-ақ кейбір тұрғындардың сауалына жауап беріп, қайткенде қатерлі аурудың алдын алуға болатынын түсіндірді.
Бүгінде облыста қауіпті ісік дертіне шалдыққан 13 мың адам тіркеуде тұр. Дәрігерлер 2021 жылы 2 300 адамнан обыр белгілері анықталғанын, оның 105-і ғана ерте кезеңдегі ісікке жататынын тілге тиек ете келіп, облыс тұрғындарының басым көпшілігі әлі де болса өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтынын айтты.
Емдеу мекемесінің бас дәрігерінің міндетін атқарушы Максим Бобошконың сөзіне қарағанда, былтыр өңірде 738 адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Жабысқан жерін жалмап біткенше жеміре беретін жаналғыш дерттен көз жұмғандардың ішінде бірінші орында өкпе ісігіне шалдыққандар, одан кейін ішек жолдарының ісігімен, ал үшінші орында асқазан ісігімен ауырғандар тұр.
– Дегенмен дерттің ең көп таралған түрі туралы айтатын болсақ, ең бірінші орында сүт безі ісігі тұр. 2021 жылы 300 адамнан сүт безінің ісігі анықталды. Сондай-ақ бір жылдың ішінде 260 адамның ішек жолдарының ісігіне, 215 адамның өкпе ісігіне шалдыққаны белгілі болып отыр. Бұл көрсеткіш бір облыс үшін өте ауыр екенін жасыруға болмайды, – деді Максим Бобошко.
Бас дәрігердің ұйымдастыру және әдістеме жұмыстары жөніндегі орынбасары Айгүл Сұлтанованың айтуынша, қатерлі ісіктің кейбір түрлерін ерте кезеңде скринингтің көмегімен анықтауға болады. Бастысы, кешікпей емдеу шараларынан өтіп, дер кезінде дерттің бетін қайтаруға амал қылу керек.
– 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны обырына төрт жыл сайын скринингтен өтуі керек. Мысалы, былтыр скринингтің көмегімен 90 әйелден жатыр мойны обыры анықталды. Соның ішінде 21 әйелдің ісігі ерте кезеңде екені анықталды. Мұны салыстырмалы түрде алғанда, жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Сонымен қатар 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер екі жыл сайын колоректальды қатерлі ісік скринингінен өтуі тиіс. Скрининг кабинеттері науқасқа жедел-тесттің қорытындысын шығарып береді. Егер скрининг оң нәтиже көрсетсе, талдау қосымша зерттеуге жіберіледі. Ауру расталмаған жағдайда, араға екі жыл салып, тағы бір скрининг жасату керек, – деді А.Сұлтанова.
Сүт безінің ісігі бар-жоғын анықтау үшін әйел адамдар араға екі жыл салып тексеріліп тұруы керек екен. Мысалы, былтыр маммографияның көмегімен 70 әйелден қатерлі ісік анықталыпты. Онкологиялық емхананың меңгерушісі Ксения Дисаенконың айтуынша, қатерлі ісік белгілері байқалған адамдар дәрігердің жолдамасы бойынша тегін компьютерлік томография мен МРТ-дан өтеді. Кездесу соңында дәрігерлер қатерлі ісіктің пайда болу себептері жөнінде сөз қозғап, қаладағы күнделікті күйбең тұрмысқа алдана бермей, бір ауық таза ауаға шығып, табиғат аясында серуендеудің маңызды екенін, әсіресе әрнені ойлай беріп, жүйкеге жүк түсіріп алмау керектігін ескертті.
Қостанай облысы