Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубы жоғарғы хоккей лигасының 1/4 финалында Краснодардың «Кубань» командасын 6:3 есебімен ұтты. Бұл туралы Қазақстан хоккей федерациясы хабарлады.
Кездесуде «Сарыарқаның» құрамындағы Владислав Лучкин үш шайба соқты. Ал Дмитрий Самарин, Константин Макаров пен Кирилл Лебедев бір-бір шайбаның авторы атанды. Бұл – Қарағанды командасының өз алаңындағы екінші жеңісі. Осының алдында алаң иелері «Кубаньді» 5:3 есебімен жеңген болатын.
Жоғарғы хоккей лигасының 1/4 финалында тағы алты команда күш сынасуда. Олардың бәрі де екі ойындарын өткізді. Кеше «Торос» «Буранды» 3:2, «Дизель» «Рубинді» 3:1 есебімен ұтса, «Южный Урал» «Молот-Прикамьені» 4:1 есебімен жеңді. Сөйтіп, «Сарыарқадан» басқаларының бәрі жалпы есепте қарсыластарымен 1:1 есебімен теңесті. Ал «Сарыарқа» Краснодардың командасын екі кездесуде ұтып, әзірше 2:0 есебімен алда келеді.
Енді аталған клубтардың келесі кездесулері Краснодарда 22-23 наурыз күндері өтеді.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: www.vhl.ru.ru
Фото: www.vhl.ru.ru