• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Ақпан, 2022

Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды

934 рет
көрсетілді

Мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалуын қадағалайтын «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Топ құру бастамашыларының айтуынша, депутаттар мемлекеттің трансформациясына өз үлесін қосуға ниетті, ең алдымен, мұндай кешенді трансформация Парламент қызметінде болып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы тиіс.

«Өздеріңіз білетіндей, кеше мәжілістің жалпы отырысында әріптесіміз Еділ Жаңбыршин өз мәлімдемесін айтқан болатын. Қазір ол Үкіметте Жаңаөзен мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде. Біздің мақсатымыз – қаңтар трагедиясынан кейін елімізде басталған реформаларды қолдау, жаңғырту жөніндегі бастамаларды қолдау, олардың диверсиясына жол бермеу. Екіншіден, кез келген ірі саяси реформалар заң шығарушы және өкілді органнан басталуы тиіс. Біздің түпкі мақсатымыз – мәжіліс жұмысын жаңа жолға, жаңа арнаға бұру. Соның ішінде мәжілістің ашықтығын, оның белсенді жұмысын қамтамасыз ету, мәжілістің жұмыс регламентіне, мәжіліс депутаттары туралы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Жақында Президент наурыз айында ірі саяси реформалар жарияланатынын мәлімдеді. Біздің мақсатымыз - оларды жүзеге асыруға белсенді қатысу, елде реформалардың дұрыс жүргізілуін қадағалау. Үшіншіден, өңірдегі уәкілетті органдардың жұмысын жандандыру қажет. Қоғамдық кеңестерге, мәслихаттарға өзгерістер енгізу қажет. Бұл тұрғыда да еңбек етеміз», деді депутат Айдос Сарым мәжілісте депутаттық топтың құрылуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында.

Төрт депутат топтың тұрақты мүшесі болатыны айтылды, олардың ішінде Айдос Сарым, Еділ Жамбыршин және басқа да депутаттар бар, ал бірлестікте әзірге 30-дан астам қатысушы бар. Депутаттардың айтуынша, аталған топқа басқа да депутаттар қосылуға ниет білдіруде.

Айта кетсек, топқа кірген депутаттардың жалақысына ешқандай үстеме ақы төленбейді.