Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу орны ретінде Мәскеудің кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
«Біз халықаралық бастамаларды ілгерілетуде өзара қолдау көрсеттік. Қазақстан 2030 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу орны ретінде Мәскеудің кандидатурасын қолдаудан еш тартынбайтынын атап өткім келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздерден кейінгі баспасөз жиынында.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен білім беру саласындағы келіссөздердің нәтижелері туралы тарқатты.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда инженерлік-техникалық бейіндегі жоғары білікті кадрлардың қажеттілігін ескере отырып, білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
«Бүгін мен құрметті Владимир Владимировичке Ресейдің ең танымал жоғары оқу орындарының филиалдарын, оның ішінде, ең алдымен, техникалық филиалдарын Қазақстанда ашуға келіскені үшін ризашылығымды білдірдім. Біз Қазақстандағы жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдар желісін кеңейту жөніндегі пәндік уағдаластықтарды құптаймыз. Бұл білім беру мен өзара қолдау саласындағы өте маңызды прогресс деп санаймын», деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.