Жас толқынның дені адал еңбектен қол үзіп қалғаны белгілі. Ел ішінде жұмыссыздық көрінісі жиі кездеседі деп байбалам салғанымызбен, тау қопарып, тас жаратын қайратты жастардың қарап отырғаны да рас. Демек баланы жасынан еңбекке тәрбиелеу өте маңызды. Тәрбие тіні неге сөгілді?
Жолсапарға шыққан сайын серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының малшы мен сауыншы таба алмай отырғандығын жиі естиміз. Жалақысын қомақты етіп төлеп, ас-суын беріп, асты-үстіне түссе де, жұмыс істейтін адам жоқ. Жақсы ауданындағы «Виктор» шаруа қожалығының басшысы Вадим Виттің айтуына қарағанда, сауыншыға 120 мың теңге жалақы төлейді. Түскі асы тегін. Күніне небәрі 4 сағат, таңғы және кешкі сауын уақытында ғана жұмыс істейді. Соның өзіне адам таппай абдырап отыр. Ауылдық жерде 120 мың теңге – тәп-тәуір табыс. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Ерейментау ауданының қой шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары қойшы таба алмай отыр. Жұмысты еңсеріп, беріліп істейтін адам болмағандықтан, ойға алған шаруаның орындалуы қиын. Кейбір шаруа қожалықтары қойшыға өз қойыңды біздің малға қосып бақ, жем-шөбі тегін деген ұсыныстарын да айтады. Екі қолға бір күрек таппай, босқа қарап отырған адамдарды ынталандырудың бір тәсілі. Бірақ соның өзінде қызыға қоятын кісі көрінбейді. Облыс орталығындағы «Жақыпов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Сайран Жақыповтың айтуына қарағанда, құрылыс саласында жұмыс істейтін адам қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Тіпті маман емес, қара жұмысқа да қол күші жетіспейді. Айтуына қарағанда, қарапайым күзетшінің өзіне 120 мың теңге жалақы төлейді екен. Ал тас қалаушы, дәнекерлеуші тәрізді мамандар айына 300 мың теңгеден жоғары еңбекақы алады.
– Жаз бойы қалалық жұмыспен қамту орталығына бірнеше рет бардым, – дейді Сайран Жақыпов, – жұмыссыз ретінде тіркелген адам болса, маған жіберіңіздер деген өтінішімді айттым. Бірақ ешкім келген жоқ.
Ауыл шаруашылығындағы ең үлкен мәселе – білікті механизаторлар мен комбайншылардың жетіспеушілігі. Себебін талдасаңыз, ертеректе табаны тастан таймаған тарланбоздай еңсере жұмыс істеген майталман механизаторлар бүгінгі күні зейнет демалысына шығып кетті. Одан кейінгі өтпелі кезеңді механизатор мамандығы қадірсіз, керексіз мамандыққа айналды. Өйткені көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде ғана еңбекақы табуға болатын. Оның өзінде еңбекақылары жем-шөппен төленді. Тұрақты жұмыс болмаған соң жастар бұл кәсіптерді игергісі келмейді.
– Ондай мәселе бар екендігі рас. Бүгінгі таңда біз бірқатар жоғары оқу орны, колледжмен келісімшартқа отырып жатырмыз. Ауыл шаруашылығына қажетті агроном, зоотехник, мал дәрігері, механизатор сияқты мамандықтарға гранттар бар. Соның өзінде сол мамандықтарға жастардың көбі бара қоймайды. Бұл орайдағы шаруаны дұрыс ұйымдастырып отырған шаруашылықтар да бар. Толымды еңбекақы төлеп, тұрғын үй беріп, алдына мал салып, жан-жақты қолдау көрсетіп, жастарды қызықтырып отырғандардың ісі өзгелерге үлгі болары анық, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов.
Осы арада қадап айта кететін бір жайт, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында облысқа қанша механизатор, қанша комбайншы қажет екендігі туралы нақты дерек жоқ. Қажетті кадрларды жыл сайын даярлап жатқан кәсіптік-техникалық колледж түлектерінің жұмысқа орналасу жайы қалай, олардың қаншасы өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр? Бұл жағы да қараңғы. Облыстық білім басқармасында да нақты мәлімет жоқ. Сонда мемлекеттің қаншама қаражаты шығындалып, кімді неге оқытып жатырмыз деген сауал туындайды. Колледж білім алушылары тегін оқып, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Білім алуларына бар жағдай жасалған. Бұл тараптан мемлекетке өкпе жоқ.
– Еңбек тәрбиесін бала жастан бастағанымыз дұрыс, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – ертеректе білім ошақтарында бұл мәселеге айрықша мән беретін. Жыл бойғы тәрбие жұмысы жаз айларында оқушылардың еңбек және демалыс лагерьлерінде сабақтасатын. Білім ошақтарында еңбек озаттарымен кездесулер ұйымдастырылатын. Бәлкім осы әдісті қайтадан қолға алу керек шығар. Қазіргі күні теледидарды қосып қалсаң, әлдебір әнші мен әртістің байлыққа бөккен сән-салтанатын көрсетіп жатады. Еңбек адамының емес, блогерлердің бағы жанған заман болды. Шетелдік сериалдарда да осындай ертегі өмір. Ауыл баласы да осындай тұрмысты аңсайды. Бірақ сол игілікке адал еңбекпен қол жеткізу керек екендігі саналарына сіңіріліп жатқан жоқ. Менің ойымша, еңбекке тәрбиелеудің кешенді тұжырымдамасын жасап, жүзеге асыру керек. Әйтпесе масылдық пиғыл әбден меңдеп кетті. Заманында көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» дейтін аталы сөзі болушы еді. Тәрбиенің төресі – еңбекке баулу. Сондықтан бұл істі қазірден қолға алмасақ, кеш болады.
Аға буынның бұл орайда айтары көп. Осы тақырыпты қаузап жазу барысында біз Көкшетау қаласында тұратын Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадыралинмен жүздестік. Көпті көрген еңбек тарланының көкірегіндегі ойды дөп басыппыз.
– Кешегі Кеңес заманын қанша күстәналасақ та қарапайым халықты жұмысқа жұмылдыра білді. Әркімнің қоғамға сіңірген еңбегі екшеліп, жария етілетін. Тіпті қарапайым әдістердің өзі еңбекке ынталандырудың тетіктері болды. Мәселен, күзгі егін орағы кезінде комбайншылардың жарысы ұйымдастырылатын. Күн сайын қорытындысы шығарылып, тақтаға ілінеді. Еңбек бәйгесінде маңдайы жарқырап, алда келгеннің мерейі өспек. Жай ғана мақтау-марапаттау емес, сыйақысы да бар. Мұндай жұмыс қорытындылары апта сайын шығарылатын. Жыл бойғы жұмысы есепке алынып, озаттардың бейнесі құрмет тақтасына ілінетін. Осының өзі кәдімгідей адал бәсекелестікті тудырып, хас жүйрікке қамшы басқандай әсер етуші еді. Қазір ойлап қарасаң, әншейін ғана дүние екен. Соның өзінде біз қатарымыздан қалсақ ұят болады деп еңбек етуші едік. Еңбектің қайтарымы да болды. Сол заманда көпшіліктің қолына тие бермейтін зәру заттар еңбек озаттарына берілетін. Бұл да кәдімгідей ынталандыратын.
Еңбек адамын бағалау өте маңызды. Бұл тарапта кемшіліктің бар екендігін жасыра алмасақ керек. Қазір әр отбасының табысын еселеп арттыру мәселесі жиі айтылуда. Ол үшін адал еңбекке жалынғаннан басқа амал жоқ.
– Бүгінде орден-медальға ие болып жатқандарды қарасаң, өңкей әкімдіктің адамдары мен шаруашылық басшылары, – дейді еңбек ардагері Болатбек Хамзин, – ал қарапайым адамның еңбегін кім бағалап жатыр?! Осындай әділетсіздік орын алған соң еңбекке деген ынтаның да кемитіндігі белгілі. Кеңес заманында біздің Көкшетаудан трактор тізгіндеген қос Майраның даңқы өрлеп тұрды. Баспасөз бетінен түспейтін. Одақтық, республикалық съездерге қатысты, делегат болды, депутат болды. Бүгін малшы мен сауыншыны кім елеп жатыр?!
Ілкі замандағы ілкімді шаруа осылайша өрістеген. Бүгінгінің бейнесі қалай, болашақтың соқпағын қалай түземіз? Қазір жұмыс істеймін деген жастарға жақсы жағдай туғызылып отыр. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Басты мақсат – бір кәсіпті игеру арқылы экономикалық белсенділікті арттыру. «Бизнес Бастау» жобасына бірнеше санат бойынша қатысуға әбден болады. Айталық, ауылдық жерлерде, қалаларда, оның ішінде моноқала тұрғындары үшін де мүмкіндік зор. Елу жастан асқан адамдар да, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасы мүшелері де нәпақа табуға толық мүмкіндік бар. Биыл бұл жоба бойынша 1300 адамды оқыту жоспарланып отыр. Биылғы жылдың 1 қаңтарға дейін 1495 қатысушы оқыды, олардың 1013-і өз жобаларын жүзеге асыруда. Бұл мақсатқа 2 млрд теңгеден астам қаражат құйылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өңірде жемісті жұмыс істеп жатқан бағдарламалардың қатарында «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» да бар.
– Биыл «Жастар тәжірибесі» аясында 532 жас маманды оқытуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллина, – олар жаңа талапқа сай бұрынғыдай алты ай емес, бір жыл оқиды. Төленетін ақша көлемі де өсіп, 30 айлық есептік көрсеткішке жетті. Ең маңыздысы, оқыған бір жылы еңбек өтілі ретінде есептеліп, еңбек кітапшасына енгізіледі.
Биыл жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру аясында 367 түлекке 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Әзірге бұл мүмкіндікті 100 қатысушы пайдаланып, 416 млн теңгеге жуық несие алған.
Мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетілуде. Тек сол мүмкіндікті пайдалану қажет. Оның үстіне желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты адал еңбекке баулудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру маңызды. Ендігі арада осы мәселені қолға алсақ, қанеки!
Ақмола облысы