• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Ақпан, 2022

Ел экономикасының тірегі – өндіріс

4698 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасы 4 пайызға, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 5,5 пайызға, құрылыс индустриясы – 7,6 пайызға, қызмет көрсету саласындағы сауда-саттық 9,2 пайызға артқанын айтты.

Ең жоғарғы көрсеткішті сауда-сат­тық көр­сетіп отыр. Бұл қуанарлық жағ­дай емес. Ел экономикасының тірегі өн­діріс болуы тиіс. Қазақстан тауар өн­діру­ші мемлекет болған жағ­дайда ғана ел еңсесін көтереді. Қазір Үкіметтің бас­­ты міндеті – халық­тың әл-ауқатын арт­­тыру, азаматтардың табысындағы ал­­шақ­тықты азайту және еңбек етуге қо­лай­лы жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қолдау.

Кларк-Фишердің экономикадағы үш секторлық теориясына сәйкес мем­лекеттің өркендеуі шикізат өндіру­мен қатар жүруі керек. Бірінші мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, балық және орман шаруашылығы, одан кейін өндіріс, ал үшінші кезекте қызмет көрсету саласы болуы тиіс. Дамушы елдер немесе дәстүрлі өркениеттегі ел (до­индус­триалдық қоғам) алдымен бірін­ші сатыдан өтеді. Онда жұмыс орын­дарының 70%-ы – шикізат өндіру саласында, 20%-ы – өнеркәсіпте, 10%-ы қызмет көрсету саласында ашылуы қа­жет. Осы теория бойынша Қазақстан эко­номикалық өсудің қай сатысында тұрғанын талдап көрейік.

2020 жылдың статистикалық мәлі­­мет­теріне сәйкес, елде 9,18 млн жұмыс қолы бар, соның 6,68 млн-ы – жал­­данбалы жұмыскерлер болса, 2 млн 45 мыңы – өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер. Ал сол жалданбалы жұ­мыскерлердің 2 млн 895 мыңы өнер­кәсіп, құрылыс және ауыл шаруа­шы­л­ы­ғында еңбек етеді, 3 млн 792 мыңы – қызмет көрсету саласын­да. Екеуінің үлесі 44% және 56%, яғни бұл көрсеткіш постиндустриал­ды мем­ле­кеттерге тән деген сөз. Ойлап қара­ңызшы, Қазақ­стан постиндус­триал­дық мемлекет қатарында ма? Тіпті индустриал­ды ел болып өз тауар­ларымызды шығару­ға то­лық қол жеткізе алғанымыз жоқ. Агро­өн­діріс­тік сала күйреп, бүкілі үй шаруа­­шылы­ғы деңгейіне түсті. Міне, осын­­дай сәйкессіздіктен, яғни ауыл шаруа­­шылығы, өнеркәсіп саласы өркен­деме­геннің салдарынан азаматтарымыз сауда-саттық пен қызмет көрсету саласында жүр. Мұн­дай экономикалық жағдайдың айнасы қоғамда көрініс та­уып жатыр, Қазақ­станның батыс өңірінде халық көшеге шығып тек жұмыс талап етіп тұр.

Осы мәселені Үкімет ескерсе, бір қадам ілгерілеп, екі қадамға шегінуіне тура келеді. Яғни қызмет көрсетуде шегініс жасап, өндіріс пен өнеркәсіпті дамытуды қолға алуы керек. Ауыл ша­руа­шылығы қожалықтарын ірілен­діре отырып, кооперацияны өркендету қажет. Сол сияқты жекешелендірілген өндірістерге мониторинг жасап, мүмкіндігінше шикізат өңдеуден арылып, тауар өндіруді ынталандыру керек. Оның мемлекеттік реттеу механизмдері баршылық.

Ал сауда-саттық саласындағы жағдай қалай? Жабайылық, ақылға қонбайтын үстеме баға қою, қолдан-қолға өтіп жатқан делдалдық, салық­тан жалтару, кедендегі келеңсіздік және тағы басқаларды ауыздықтай алмай тұрмыз. Президент Қ.Тоқаевтың «Сау­да-саттықтағы тиімсіз делдал­дық­қа тоқтау салатын кез келді. Мы­салы, 3 млн адам тұратын Алматы қала­сы мен оның төңірегіндегі елді ме­кен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қала­сының әкімдеріне Үкіметпен бір­лесіп, базарды тексеруді және тәр­тіп орнатуды тапсырамын», деді. Алматы облысында орын тепкен осы сауда империясында қашан тәртіп орнай­ды деп халық көптен күткен еді. Енді қала халқы жақсы хабар күтеді. Тұр­ғын­дарға керегі – базардың бір қол­дан екін­ші қолға өтуі емес, азық-түліктің арзан­дауы қызықтырады. Бұл жерде алып­сатарлардың «жеті атасы» жи­нал­ғаны жұртқа мәлім және бұзақы топ­тар­дың өз заңымен жүріп жатқаны белгілі.

Жалпы, шағын бизнесті тексермеу керек деген қағида кәсіпкерлердің халықты қанауына жол ашып берді. Біз тұратын жерде барлық көкөніс сататын орынды Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген мигранттар жайлап алған. Олардың тауарына баға ешқашан қойылмайды. Ойына келген бағаны айтып отыра береді. Сондықтан Алматының әр ауданының жауапты қызметкерлері «Алтын орда» базарына сырттан келетін көліктерге аудан бо­йынша орын белгілеп, халыққа тікелей сататындай жағдай ұйымдастыруы қажет. Сонда бұл азық-түлік бағасының түсуіне де ықпал етері анық.

Бұл жердегі басты мәселе – ауыл шаруашылығы тауарларының жеткілікті көлемде өндірілуінде. Нарықты әкімшілік жолмен реттеу мүмкін емес. Оны реттейтін нарықтың өзі, яғни сұраныстан ұсыныс көп болған жағдайда баға өзінен-өзі түседі. Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіру субсидияға байланып қалғаны рас. Бұл өндірушіге бюджеттен қайтарымсыз қаржы бөлу деген сөз. Тегін ақшаны кім жек көрсін. Президенттің «Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде» деуі бұл жұмысты қатаң бақылауға алу керегін білдіреді. Қазақтың «Ет тәттілігін қойса, мен жеуімді қояр едім» дегендей, тегін берілетін ақша жолында талай сұғанақ қолдар жүретіні хақ. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жаппай субсидия беруді қысқарту керек. Оның орнына форвардтық келісімдер мен банктер арқылы арзандатылған несие берген дұрыс. Үкіметтің банктердің төмен несиеге байланысты шығындарын жауып отырғаны тиімді, өйткені орта жолдағы ұрылардың жолы кесіледі.

Қысқасы, халық қордаланған проблемалардың тез шешілуін күтеді.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы