• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Ақпан, 2022

Канадада төтенше жағдай режімі жарияланды

262 рет
көрсетілді

Канададағы алыс­қа қатынайтын жүк көлік­терінің жүргізу­шілері бастаған наразы­лықтың жалғасып жатқанына екі аптадан асты. Митинг масштабының артқаны сонша елдегі бірқатар компания жұмысын тоқтатып, төтенше жағдай режімі жарияланды. АҚШ-тағы алысқа қатынайтын жүк көліктерінің жүргізушілері де әріптестеріне қолдау білдіріп, алаңға шықты.

Ел астанасы Оттаваның мэрі Джим Уотсон наразылықтың бақылаудан шыққанын, ал жиналған халық саны күткеннен көп екенін хабарлады. Ел үкіметі митингінің тұрғындар қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген ойда. Бүгінде Оттава орталығы жабылып, көлік қозғалысы тоқтатылған. Кейбір басылымдар нәсілдік қақтығыстар да болғанын хабарлайды.

Жүк көлігі жүргізушілерінің акциясы тез арада ковидтік шектеулерге қарсы наразылыққа ұласты. Наразылық білдірушілер Оттаваның орталығында Парламенттік төбенің жанына жиналды, олар елдегі барлық карантиндік шектеуді алып тастауды талап етті. «Конвой» мүшелері премьер-министр Джастин Трюдо үкіметіне де наразылық білдіруде.

Канадалық CFRA радиостансасына берген сұхбатында Д.Уотсон наразылық білдірушілер өз іс-әрекеттері басқаларға қалай әсер ететініне мән бермейтінін айтты. Мэрдің айтуынша, автомобиль дабылдары, сиреналар мен отшашулар көшелерді құдды би кештеріне айналдырып жіберген. Ал бұл тұрғындардың мазасын қашырып, берекесін кетірді.

«Олардың қасында біздің дауысымыз естілмейді және бұл шайқастан ұтылуымыз мүмкін. Алайда өз қаламызды қалыпты өмірге қайтаруға міндеттіміз», деді шаһар басшысы.

Оттава полициясының хабарлауынша, қала бойынша күзетке қойылған жүздеген полиция қызметкері сәрсенбіге дейін 23 адамды қамауға алды. Қаңтардың 28-інде басталған наразылық акциясы саябырситын емес. Оған көршілес елдер де қолдау білдіріп жатыр. Ал наразылар талаптары орындалмаса, әлі бірнеше ай астана көшелерінен кетпейтінін хабарлады.