Бұлар бірге кетіп, бір жерден жоғалғандар емес, Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полициясы биыл ғана іздеу салып тапқан барлық бала саны.
Баланың қаңғыбас, кезбе болуының өзі көбінесе ата-аналардың қырағылығының төмендігінен болады. Әрине, жұмысбастылық, балаларға қарайтын уақыттың тапшылығы – баланың еркінсуіне, қыдырымпаздыққа ұшырауына соқтырары сөзсіз. Қазіргі балаларды бұрынғыдай үйге қамап қою да қиын. Сонымен бірге жас балаға селкеусіз сенім артып, оны өз бетімен қыдыруға немесе бір жерге жолаушылатып жіберу де артынан қайғылы жағдайларға соқтырып жатады. Мысалы, петропавлдық бір әйел 10 жасар баласын қаланың басқа шетінде тұратын әжесіне жалғыз жіберген. Біраз уақыттан кейін баланың көздеген жеріне жетпегенін біліп, әйелдің құлындаған жаны құраққа ұшады. Сөйтсе, бала әжесінің үйінің маңына жеткізетін автобустың нөмірін шатастырып, басқа бағытқа отырып кетіп қалған екен. Аяғынан тік тұрған полиция кезекшілікте жүрген өздерінің барлық экипажын көтеріп, баланы екі сағаттан кейін тауып берген.
Мынадай оқиға да жиі қайталанады. Ақпанның 7-сі күні бір балақай жаттығудан кейін үйіне уақытында келмей қалған, телефон қоңырауларына жауап бермеген. Оның анасы сыныптасының ата-анасына хабарласады. Олар «Где мои дети?» мобильді қосымшасын пайдаланады екен, сол бағдарлама бойынша баласының Қазақстан Конституциясы көшесі бойындағы сырғанақта болғанын, кейін байланыс үзілгенін біледі. Ювеналдық полиция қызметкерлері осы мәліметке сүйеніп, сол төңіректі шолуға кіріскен. Балалардың жақын маңдағы сауда нүктелеріне жылынуға кірулері мүмкін деген ойлары дұрыс болып шығады. Балалар осы жердегі супер-маркеттің ішінде сайраңдап жүрген жерлерінен табылды. Ойынға алданып жүргенде, телефондарының қуаты да таусылып қалған екен. Балақайлар ата-аналарына аман-есен табысталды.
Басқа балалар да осы жолдармен табылды. Қаладағы жалпы тәртіптің сақталуының нәтижесінде оларға ешкім тимеген, өздері де еш бұзақылық жасамаған.
«Әр ата-ана балаларының көшеде, далада қауіпті үнемі ойлап, сақ болуы керектігі туралы балаларымен жиі әңгімелесуі қажет. Телефондарының қуаты толық болуын және дыбысы қосулы болуын да қадағалау қажет», дейді Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.
ПЕТРОПАВЛ