13 ақпанда АҚШ-тың Хьюстон қаласында аралас жекпе-жектен UFC-дің кезекті турнирі өтеді. Бұл жарыста аса жеңіл салмақтағы қазақстандық спортшы Сергей Морозов та өнер көрсетеді.
Жерлесіміз бразилиялық Сильва де Андраде Дугласпен күш сынасады. 36 жастағы Оңтүстік Америка өкілі спорттың бұл түрімен 2010 жылдан бері шұғылданады. Өз елінде өткен жарыстарда қатарынан 22 рет жеңіске жеткен жігіт 2014 жылы UFC-ге шақырту алған. Октагонда барлығы 31 кездесу өткізіп, 27 мәрте жеңіс тойын тойлады. 21 бәсекеде айқын басымдық танытты. Ол тек Зубайра Тухугов, Роб Фонт, Петр Ян және Лерон Мерфи сынды саңлақтардан ұтылды. Қалған кездесулердің шешімін төрешілер шығарды. Ал 32 жастағы Сергей Морозовтың кәсіпқойлар арасында өнер көрсетіп жүргеніне төрт жылға жуықтады. Барлығы 22 рет айқас алаңына шыққан оның 17 рет мерейі үстем болды. 9 бәсекеде айқын жеңіске қол жеткізді. Сергей UFC-де екі кездесу өткізіп, алғашқысында ұтылса, екіншісінде жеңіске жетті.
Хьюстондағы турнирдің басты жекпе-жегі Жаңа Зеландияның өкілі Исраэль Адесанья мен Аустралияның мықтысы Роберт Уиттакер арасында өтеді. Қос саңлақ орта салмақтың чемпиондық белбеуін өзара сарапқа салады.