Таиландта демалып жүрген Алматы қаласының 29 жастағы тұрғыны Вероника Бычкова жол апатына ұшырап, ауыр дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Бұл туралы Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Зардап шеккен азаматшаның анасы Лариса Мельникова Nur Otan партиясының Алмалы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлміне жүгінді. Оның айтуынша, жол апаты салдарынан оның қызы ауыр дене жарақаттарын алып, ауруханаға түскен. Ал Interteach сақтандыру компаниясы қолданыстағы халықаралық сақтандыру шарты бойынша келісілген талаптарды орындаудан бас тартып, туристке жәрдем көрсетпеген.
Қазақстандық туристтің сүйектерін қалпына келтіру үшін 2 шұғыл операция жасалды. Алда тағы үш операция өткізу қажет. Үш күндік емдеу мен отаға емхана 6 мың доллар шот шығарған. Қалған 2 отаны жасату үшін ауруханада мамандар мен арнайы құрылғылар жоқ. Верониканы басқа ауруханаға тасымалдау да қиындық туғызып отыр.
Алматыда Nur Otan-ның қалалық мәслихаттағы депутаты Зәуреш Өмірбаева мен нұротандық, заң консультанттары палатасының мүшесі Нұрлан Слямов ҚР СІМ-ге тиісті хат жолдап, көмек көрсетуге кірісті.
Сондай-ақ туристтің барлық қолжетімді шарттары мен медициналық құжаттары зерттелді. Бүгінгі күні партияның Алматы қалалық филиалы сақтандыру төлемдерін өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізуде. Барлық іс-шаралар сенімхат пен өтеусіз негізде жүзеге асырылып жатыр.