• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Ақпан, 2022

Электрондық формат – ел игілігіне

495 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық ком­муникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында халыққа қыз­мет көрсету барысында ыңғайлы әрі қолжетімді қызметтерді цифрландыру және трансформациялау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баян­дады.

Бүгінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтердің 45 түрі бар. 42 қызметті (93%) электрондық форматта алуға болады. Соның ішінде 21 қызмет (43%) – проактивті. Сол 21 қызметтің 18-і былтыр зерделеніп, талданып, көрсеті­ле­тін қызметтердің мәселелері мен тежеуіш фак­торлары анықталды.

– Әлеуметтік-еңбек саласындағы мем­лекеттік қызметтерді цифрлан­ды­ру­дың басым бағыттарының бірі – оларды элект­ронды, әсіресе проактивті форматта көрсету. Мысалы, бала тууға байланыс­ты төлемақыны алсақ, былтыр жыл басын­да бұл қызметті азаматтардың тек 12%-ы ғана алған еді. Трансформациялау жұ­мы­старының аясында бизнес процестер оңтайландырылып, 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 53%-ға дейін өсті. Яғни жылына шамамен жаңа туған 440 мың сәбидің 230 мыңға жуық анасы үйден шықпай-ақ қызметті СМС арқылы алады. Бұл өте ыңғайлы. Азаматтар халық­қа қызмет көрсету орталықтарына барып, уақ­­ыт жоғалтпайды. Сонымен қатар көпбалалы аналарға өткен жылдың басында проактивті түрде қызмет көрсету көрсеткіші небәрі 1% ғана болса, жыл со­ңына қарай бұл көрсеткіш 41%-ға дейін артты. Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қыз­меттің 100%-ы электрондық формат­қа, соның ішінде кемінде 60%-ын проак­тив­ті форматқа көшіру міндеті тұр, – деді спи­кер.

Вице-министрдің айтуынша, өткен жыл қорытындысы бойынша 700 мың аза­мат қызметтерді проактивті түрде алған болса, 2025 жылға қарай осы фор­мат­та мемлекеттік қызметтер көрсету көле­мін жылына 6 млн-ға дейін арттыру жо­с­пар­ланып отыр.

– Денсаулығынан айырылған азамат­тар­­ға мүге­дек­тік белгіленген кезде, сон­дай-ақ жәрдемақылар мен техникалық оңалту құралдарын алған кезде төрт түр­лі инстанцияға жүгінуге тура келді. Алдымен тексерілу үшін мұқтаж жан емха­наға жүгінеді. Соның нәтижесі бойын­ша дәрігерлер қажетті медициналық нысан­ды қағаз форматта толтырады. Содан кейін осы қағаз құжаттарымен адам мү­ге­­дектікті анықтау үшін медициналық-әлеу­­меттік сарап­тама бөліміне барады. Одан кейін жәрде­мақы алу үшін халыққа қызмет көрсету ор­талықтарына, ал техни­ка­лық оңалту құ­ралдарын рәсімдеу және әлеуметтік қызметтер алу үшін әкім­дік­терге жүгіну қа­жет болды, – деді Е.Ос­п­анов.

Осыған байланысты 2021 жылғы ақпан­да Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отыры­сында ел Президенті мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанцияларда жүруін, қағазбастылыққа салынбауын, сондай-ақ қызмет көрсетушілер мен сол қыз­мет­ті тұтынушылардың байланысын бол­дырмауды тапсырды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде біз Денсаулық сақтау министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарға кешенді қызмет көрсетуді трансформациялау жөнінде жұмыс жүр­гіз­­дік. Яғни азамат тек тұрғылықты жері бойынша емханаға баруы керек. Қал­ғаны­ның бәрі ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен адамның қатысуынсыз өтеді. Барлық дерек тиісті мемлекеттік органдарға беріледі және құзыретті сарапшылар қажетті шешімдер қабылдайды. Осы жоба аясында 2021 жылғы қазан айынан бастап, бүгінге дейін 5 мыңнан аса азамат өтінім берді. Сол өтінімдердің негізінде тиісті қызмет алды. Бұл кешенді жоба биылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылды. Жұмыс әлі де жалғасады әрі ауқымы кеңейтіледі. Жыл соңына дейін біз осы формат бо­йынша өтініш білдіргендер санын жалпы жүгінген азаматтар санының 20%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл шамамен айына 4-5 мың мүгедектігі бар адам деген сөз, – деді вице-министр.

Тағы бір мәселе шешілді. Бұған дейін мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматтар жыл сайын әкімдік жанындағы жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімдеріне барып, оңал­ту­дың техникалық құралдары мен қыз­мет­те­рін алуға өтініш жазатын еді. Содан кейін кейде бірнеше айға созылатын мем­ле­кеттік сатып алу рәсімдері өтіп жата­тын.

– Осындай проблемалық мәселелерді болдырмау үшін былтырдан бастап әлеу­мет­тік қызметтер порталы іске қосыл­ды. Онда азаматтар тауар немесе қызмет жеткізушісін өз бетінше таңдай алады. Мемлекетке тек жеткізіп берушіге шы­ғындарды өтеу ғана қалады. Осы пор­талды енгізу есебінен 2019 жылмен салыстырғанда (қамтамасыз ету көр­сеткіштері 62% деңгейінде болды) көрсеткіш 2021 жылы 88%-ға дейін ұлғайды. Бұл бұрын мүгедектігі бар адам­дар үшін әртүрлі себептермен 100 мың қызмет көрсетілмегенін білдіреді, – деді спикер.

Биыл министрлік порталда қанат­қақ­ты режімде инватакси қызметін енгі­зуді жоспарлап отыр. Бұл қадам инва­так­сидің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Сондай-ақ биылдан бастап 17 қыз­мет түрі қызмет көрсетудің экстеррито­рия­лы қағидаты бойынша ұсынылады.

– Бірінші кезекте былтыр 3 қызмет түрі іске қосылды. Сол жылдың соңы­на қарай тағы 14 түрі қосылып, жалпы, 17 қызмет түрі экстерриториялы прин­цип­пен көрсетіледі. Бұл дегеніміз не? Мысалы, бір адам Нұр-Сұлтан қала­сы­ның тұрғыны бола тұрып, уақытша Алматы қаласында болса, ол Алматы қала­сының кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады және өзі­не тиесілі әлеуметтік төлемді алу үшін өтініш бере алады. Бұл барынша ыңғайлы әрі азаматтардың қызмет алу шы­ғындарын азайтады. Жоба іске қосыл­ған сәттен бастап, 2021 жылдың төртінші тоқ­санында 22 мың азамат пайдаланып үлгерді, – деді Е.Оспанов.

Сонымен қатар процестерді оңтай­лан­дыру есебінен әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыруға арналған операциялық шығыстарды төмендету қадамдары да жоспарланып отыр.

– Қызмет көрсетуге қатысты опера­ция­лық шығындарды үнемдеу мақсатын­да азаматтардың шоттарына әлеуметтік төлемдерді аудару үдерістерін өзгерту бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл өзгеріс­тер 2021 жылдың 7 айында ғана мемлекетке шамамен 3 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал тұтастай алғанда, бұл тетік биыл шығыстарды 6 млрд тең­ге­ге дейін үнемдеуге жол ашады. Бұл көр­сет­кіш одан артық болуы мүмкін, – деді вице-министр.

Тағы бір жоба – мемлекеттік қызмет­тер­ді банк платформаларында ұсыну. Былтыр қазан айында министрлік екі банкпен бірлесіп, олардың платформа­ла­рында баланың тууына байланысты мемлекеттік қызмет көрсету бойын­ша жұмыс атқарды. 2021 жылдың IV тоқсанында 16 мың азамат банк плат­фор­малары арқылы қызмет алды. Қа­зіргі кезде басқа банктер де бірге жұ­мыс істеуге ұсыныстарын білдіруде. Ве­дом­ст­во осы бағыттағы ашық әрі тиімді жұ­мыс­ты алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін не­гіз­­гі басымдықтардың бірі 2021 жылы ха­­лықты жұмыспен қамту са­ла­сындағы мем­лекеттік қызметтерді трансформация­лау болды. Цифрлы жұ­мыс­пен қамту орталықтары енгізілді. 2020 жылдың қараша айынан бастап кезең-кезеңімен қа­натқақты жоба іске қосылды.

– Жоғалған немесе жұмыс іздеп жүр­ген адам электрондық еңбек биржасы порталы арқылы онлайн режімде қыз­мет ала алады. Соның есебінен уақыт үнем­деуге, шығынды қысқартуға, жұ­мыс­қа орналасудағы адами факторды бол­­дырмауға болады. 2021 жылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өті­ніш білдірген адамдардың арасынан 143 мың азамат оны электрондық еңбек биржасы порталы арқылы алуы­на мүмкіндік пайда болды. Бұл – өті­ніш­­­тердің жалпы санының 33%-ы ғана. Бұл адамдардың 66%-ы онлайн ре­жімде жұмысқа орналас­ты. Қызмет көрсету мерзімі 10 күннен 3 күнге дейін қыс­қар­тылды. Онлайн тіркеу мемлекет суб­сидиялайтын жұмыс орындарына да қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді спи­кер.

Е.Оспанов бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатынын жеткізді. Биыл жұ­мыс­пен қамту сервистерін электрон­дық үкімет порталына шығару және оларды онлайн режімде көрсету жоспарланып отыр.