• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2022

Тазалық қоқыс орнынан басталады

679 рет
көрсетілді

Өңірдегі қоқыс полигондарында бір жыл ішінде 250 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық қордаланып қалады екен. Осыншама қоқыстың әрі кетсе 12 пайызы ғана өңдеуге жіберіледі. Облыста тұрмыстық қалдықты қосымша шикізат ретінде кәдеге асырып, одан дайын бұйымдар өндіріп жатқан он шақты кәсіпорын бар. Бірақ олар қатты қалдықтың санаулы түрлерін ғана сұрыптап, өңдеумен шектеліп отыр.

Кейбір ірі елді мекендердегі көп қабатты тұрғын үйлердің маңайында апталап-айлап жатып қалатын қоқыс үйінділері үйреншікті көрініске айналып кеткені жасырын емес. Мәселен, Рудныйды алайық, мұнда соңғы екі жыл бойы қоқыс дауы басылмай келеді. Өйткені тұрғындарды қаладағы заңсыз қоқыс алаңдарының азаймай тұрғаны алаңдатады. Біраздан бері бұл мәселені қайта-қайта қозғап, қоршаған ортаның тазалығы үшін күресіп жүрген Максим Фроловтың айтуынша, кеншілер қаласынан жылына 40 мың тоннадай қоқыс шығады екен. Бірақ соның 5 пайызы ғана өңделеді. Мәселені жан-жақты зерттеп шыққан Максим былтыр қала әкімдігіне қалдық басқарудың жаңа тұжырымдамасын ұсынған. Бұл ұсынысы қолдау тапқан соң, әкім­дікпен келісімшартқа отырып, қаланы тазарту жұмысына L–Trading фирмасын тартқан. Нәтижесінде, үш айдың ішінде 2 мың тоннадан астам қоқыс қала сыртына шығарылды.

– Тұрмыстық-коммуналдық ша­руа­шылық бөлімі санкцияланбаған қоқыс үйінділерін тазалау үшін биыл тағы да байқау жариялады. Оған миллиондаған қаржы бөлінді. Бұл қаржы сол күйі біржола қоқыспен бірге полигонға көміледі. Ал бүгін тазартылған тұрғын үйлердің ауласында біраздан соң қайтадан қоқыс үйінділері өсіп шығады. Бұл үйрен­шікті жағдай. Әкімдік қаладағы тұр­мыстық қалдық мәселесін тариф­ті көтеру, бейнебақылау камераларын орнату, сондай-ақ үйдің шыға­берісінен қоқыс жәшігіне дейін жақсы жол салу арқылы шешкісі келеді. Меніңше, бұл да бос әурешілік. Қаладағы заңсыз қоқыс үйінділерін түбегейлі жою үшін, ең алдымен оның себебін анықтап алу керек. Біз қазір ауладағы қоқысты полигонға тасумен ғана айналысып жатырмыз. «Қоқыс неліктен үйіліп қала береді? Мұның себебі неде? Мұндай келеңсіздіктің жолын алу үшін не істеу керек?» деген мәселеге бас қатырғымыз келмейді. Бұл үйдегі бықсықты кілемнің астына қарай сыпыра салғанмен тең ғой. Ал полигон дегеніміз қоршаған ортаға, экологияға, сол маңайдағы адамдарға қауіп төндіретін зияны мол нәрсе. Біз Экологиялық кодекс пен Үкімет 2013 жылы бекіткен «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында көрсетілген талаптарды бұлжытпай орындасақ, қоқыстан да біржола құтыламыз. Бұл құжаттарда осы мәселеге қатысты жасалу керек амалдардың бәрі тайға таңба басқандай анық жазылған, – дейді экобелсенді.

Максим Фролов биыл жергілік­ті атқарушы орындарға қоқысты сұрып­тап жинау жобасын ұсынып отыр. Айтуынша, қала әкімдігі әуелі қоқыс алаңдарын қазіргі заманға бейімдеп қайта жетілдіріп, экологиялық норма­ларға сәйкестендіру керек.  Эколог бұл орайда Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесіне сүйену керек деп есептейді.

– Өйткені бұл қалада қоқысты «құрғақ» және «су» деген екі түрге бөліп, екеуін екі бөлек шығарады. Бүгінде заманауи қоқыс алаңдарының түрлері көп. Мен мұның бәрін әкім­дікке ұсынамын. Мәселен, қаланың белгілі бір ауданында тұратын жан басын ескере отырып, алғашқы 50 қоқыс алаңын модернизациялап, осы салаға маманданған компанияның басқаруына сеніп тапсыру керек. Әкімдік сенім артқан фирманың қоқыс шығаратын арнайы көлігі, сұрыптау желілері болуы шарт. Егер әкімдік қолдау білдіріп жатса, мемлекет пен жекенің серіктестігі аясында «Қоқыссыз қала» компаниясы бұл салаға 500 млн теңге салуға ынталы. Мұндай жағдайда, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу, жою мәселесіне өзге кәсіпорындар да қызығушылық таныта бастайтыны анық. Ең бастысы, бәрі мейлінше ашық болуы керек. Айтайын дегенім, кәсіпкер өзінің шығыны мен табысын жобалап алу үшін қаланың қандай және қай мөлшерде қоқыс шығаратынын білуі тиіс. Яғни қоқыс­тың қай түрі қанша мөлшерде шыға­тынын алдын ала біліп, есептеп, бір­неше жылға жобаланған бизнес жос­­парын жасауы керек. Біз қазір қоқыс үйінділерін кәдеге жаратып, пайда табудың орнына, керісінше, оған қыруар қаржы шығындап отырмыз. Сондықтан қоқыстың басым бөлігін полигонға емес, өңдеуге жіберуге тырысу керек, – деді М.Фролов.

Бүгінде кеншілер қаласында 130 қоқыс алаңы бар. Оның бәрін жаңа үлгіде қайта жасап шығару үшін 260 млн теңге қажет болады. Алайда жер­гі­лікті әкімдіктің мұн­шама қаржы­ны қоқыс алаңдарын абат­тандыруға жұмсай қоюы қиын болып тұр. Сондықтан экобелсенділердің қаладағы заңсыз қоқыс үйінділеріне қарсы қозғалысы жалғаса беретін сияқты. Максим Фролов та Рудный ең таза қалалардың қатарына қосылғанша тынбай ізденіп, күресетінін айтады.

– Егер жаппай өңдеп, өндіріске пайдалана бастасақ, қоқыс қатқа айналады. Осы салаға машықтанған компаниялардың арасында әріптестік байланыс нығайып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Біреу пластик жинаса, біреу қағаз, біреу құрылыс материалдарын жинайды. Енді бір кәсіпорын оны өңдеп, дайын бұйым етіп шығарады. Қазір біз қолымызда тұрған ақшаны жерге көміп жатырмыз, бұл миға симайтын нәрсе. Рудныйда заңсыз қоқыс үйінділерін полигонға шығаруға жыл сайын 30 млн теңге бөлінеді. Мұны да желге ұшып жатқан ақша деп айтуға болады. Өйткені бүгін тазартылған орында бір аптадан кейін қайтадан қоқыс үйіліп жатады. Сондықтан бір рет қомақты қаржы салып, инфрақұрылымды біржола қалыптастырып алу керек, қала қоқыс өңдейтін кәсіпорындар көбейгенде ғана тазарады, – деді эколог.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинау арқылы екінші шикізат ретінде өңдеудің өрісін кеңейту мақсатында кешенді шаралар қолға алынып отыр. Мәселен, бүгінде облыстағы 20-дан астам елді мекенде ТҚҚ-ны сұрыптап жинау жүйесі жақсы жолға қойылған. Бұл елді мекендерде барлығы 1 900-дан астам арнайы контейнер қойылып, қосымша шикізат алатын 7 қабылдау орны жұмыс істейді. Соңғы кездері қауіпті қалдықтарды бөлек жинау мәселесі де біршама ілгерілеп келеді. Қазір облыс көлемінде сынапты шамдарды жинайтын 145 контейнер, электронды және электр құрылғыларын тастайтын 10 контейнер орнатылған.

27 елді мекеннің маңайындағы ТҚҚ полигондарында қоқыс сұрыптау желілері жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Қостанай қаласындағы «Атамекен» ЖШС-і жылына 70 мың тонна, Тобыл қаласындағы «Экопром» серіктестігі 80 мың, ал Лисаковтағы «Сәлем KZ» кәсіпорны 15 мың тонна қоқыс сұрыптайды екен. Биыл мұндай кәсіпорынның бірі Жітіқара қаласында да іске қосылды.

Былтыр табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «Қазақстан ғарыш сапары» геопорталының көмегімен облыс аумағына заңсыз тасталған 460 қоқыс үйіндісін анықтап, оның бәрі жергілікті әкімдіктердің күшімен жойылды. Алайда биыл бұл қоқыс ошақтарындағы үйінділер қайта өсіп шығуы ғажап емес. Ол енді қар еріп, жер кеңіген соң, ғарыштық мониторинг арқылы анықталатын нәрсе.

 

Қостанай облысы