Орал қаласында 180 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған «Отбасы банк» салымшылары баспаналы болды.
Жаңа үй Орал қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен бой көтерген. Өңірге белгілі «Болашақ-Т» құрылыс компаниясы тұрғызған 9 қабатты үйдің жалпы аумағы – 15105,01 шаршы метр.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақстандықтар жыл сайын жаңа баспанаға ие болып келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы – халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бүгінде өңірде баспана мәселесін шешу жолында барлық жұмыс атқарылуда. Бүгін тапсырылып отырған тұрғын үй – мемлекеттік бағдарлама аясында халық игілігіне беріліп жатқан бесінші үй. Алдағы уақытта осы шағын ауданда жаңа орталықтар, спорт кешендері салынады. Қоғамдық көлік мәселесін де оңтайландырамыз. Басты мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, қолайлы өмір сүруге жағдай жасау, – деді қала әкімі Абат Шыныбеков тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру сәтінде.
Жаңа пәтер иелерін «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Кусманов та құттықтап, жаңа пәтер иелеріне бақ-береке тіледі.
14 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрып, мемлекеттік бағдарлама аясында екі бөлмелі пәтерге қол жеткізген Райхан Бектемірова соңғы кезде мемлекетімізде халық игілігі үшін көп іс жасалып жатқанын айтып, ризашылық сезімін білдірді.
Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы он жыл ішінде Орал қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында 67 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген.
Батыс Қазақстан облысы