• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2022

Өңірге газ жеткенімен, көңілден наз кетпей тұр

3006 рет
көрсетілді

Талдықорған өңірінің тұғындары Тәуелсіздіктің 30 жылында атқарылған нақты істің бір нәтижесі ретінде аймаққа табиғи газ желісінің тартылуын айтады. Өйткені көгілдір отын тұтынудың көрсеткіші Алматы облысында өте төменгі деңгейде еді. 

 

Бұрын Алматы қаласы ма­ңын­дағы елді мекендерде ғана орта­лықтандырылған сұйық отын қолжетімді болған, оның өзін­де санаулы ауылдар ғана газ­дың қызығын көретін-ді. Ал 2018 жылы облыс орталығына көгіл­дір отын құбыры жетті. Осы­лайша, Талдықорған қаласы мен оның іргесіндегі ауылдар өрке­ниеттің нышанын сезіне бас­тады. Әрине, бұл үшін мемлекет қоржынынан қыруар қажы бөлінгені анық. Былтырғы дерекке жүгінсек, Жетісуда 144 елді мекен толықтай газдандырыл­ған. Яғни табиғи газға 1,1 млн адам немесе тұрғындардың 56 пайызы қол жеткізген. Бірақ бұл көр­сеткішке негіз ретінде мега­по­лис маңындағы аудандар мен Талдықорған қаласына қатыс­ты жағдай алынса керек. Өйт­кені аймақтағы 5 ауданның тұр­ғын­дары үшін көгілдір отын әлі арман күйінде қалып отыр. Тіп­ті түгелге жуық газданды деген ме­гаполис маңындағы елді мекен­дердегі жағдайдың өзін жақсы деп айтуға әлі ерте. Бұл туралы сәл кейінірек айтсақ.

Әзірге аймақтың атқарушы би­лігі облыс орталығы мен оның ай­на­ласындағы ауылдарға газ құбырын тартуды аяқтағанын айтып, алақайлап отыр. Мысалы, жақында ғана Талдықорған қала­сына қарасты «Көктал» шағын ауданына көгілдір отын беріл­ді. Көкталдықтар бірнеше жыл күткен табиғи газға алғашқы болып 15 тұрғын үй қол жеткізді. Ал осы айдың соңына дейін тағы 600 абонентті құбыр желісіне қосу жоспарланған. Жалпы, бұл шағын ауданда 1 700 абонент бар екен. Бірақ бұл абоненттер­дің бар­лығына көгілдір отынға қосылу қиынға соғады. Оның түр­лі себебі бар, бастысы – желі­ге жалғанудың құны. Қазір орталық газ құбырына қосы­лу үшін тұрғындар 250 мың тең­геден – 400 мың теңгеге де­йін ақша төлеуге мәжбүр. Ал мұн­­дай қаражатты шығаруға тұрғын­дардың қалтасы жұқа. Оның үстіне Көктал ауылына газ құ­бырын тарту жұмысынан жиі кіл­типан шығып, адамдардың таби­ғи отынға деген сұранысы жыл­дар бойы нақтыланбай келген болатын. Өйткені ауылға газ құбырын тарту жобасы 2018 жы­лы басталса да, толық іске асы­рылуы біразға созылған еді.

Былтыр желтоқсан айында облыс әкімі Қанат Бозымбаев Тал­ды­қорған қаласын аралау барысын­да бұл мәселеге ерекше назар аударып, мердігер мекеме тарапынан жіберілген барлық кемшілікті түзеуді тапсырған. Қабыл­дан­ған шаралардан кейін газ құбыры­ның беріктігі мен саңы­лау­сыз­­ды­ғын тексеру жұмыс­тары аяқ­та­лып, елді мекенге кө­гілдір отын берілді. Жал­пы, 8 мың тұрғыны бар «Көктал» шағын ауданына газ тарату жүйесі Талдықорған қала­сын газдандырудың IV кезегі аясын­да салынған. Құбырдың ұзын­дығы 60,3 шақырым шамасында көрінеді. Оның жобасы мен құ­рылысы бюджет есебінен жүр­гізіліп, 700 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

– Көп күткен қуанышқа жет­тік. Бұрын бір маусымда 10 тон­на­ға дейін көмір жағатынбыз. Үйді көмірмен жылыту бір жағынан шығынды болса, екінші жағынан көмір тасып, күл шығарудың азабы көп. Сол қиындықтан құты­лып, тұрмыс тауқыметінің же­ңілдегеніне қуанып отырмыз, – дейді Көктал ауылының тұрғыны Шакура Бекежанова.

Сонымен, Талдықорған қала­сын газдандыру ісі толығымен аяқталды деуге болады екен. Жалпы, қала бойынша 54,3 мың абоненттің табиғи газға қосылуға мүмкіндігі бар және қазіргі кезде соның 30 мыңға жуығы қосылған. Ал 2022-2023 жылдары қала маңындағы «Ынтымақ», «Жастар-2» шағын аудандарына газ тарту жұмысы жүргізілмек.

Сөз басында облыстың Ал­маты қаласы маңындағы аудан­­­дарының көгілдір отын тұ­­ты­­нуына қатысты айтқан едік. Соны сәл тереңдетсек. Қа­зір де Еңбекшіқазақ, Жам­был, Қа­расай, Талғар, Іле аудан­да­ры­ның тұрғындарын табиғи отын­мен қамту мәселесі өткір тұр. Дерек бойынша, қала ма­ңын­дағы 188 елді мекеннің ішінде 122 ауылға көгілдір отын желісі тартылған. Бұл жерде атқару­шы биліктің тұрғындарды табиғи газбен қамтуға қатысты ұс­та­ны­мының өзі қызық болып кел­ге­нін мойындау керек. Яғни мемлекеттің қаржысы негізінен аймақтағы нысандар тұтынуға тиісті көгілдір отынды жинақтап, есептеу міндетін атқаратын газ бөлу стансаларын салуға бөлініп отырды. Ал ауылішілік құбыр желісін тарту мен жеке тұрғын үйлердің газға қосылу мүмкіндігі екінші орынға ысырылды. Әрі бұл жұмысты істеуге жеке компаниялар мен квазимемлекеттік сектор тартылғандықтан көгілдір отынға қолжетімділік жағдайы адамдардың жеке мәселесіне айналып отырды. Есесіне, өңірлерді газдандыруға бюджттен бөлінген қомақты субсидиялардың сайда саны, құмда ізі жоқ. Соның кесі­рінен газ тасымалдаушы ком­па­ниялардың қызметі үшін төлей­тін артық ақша таппаған адам­дар несие алуға мәжбүр болды. Мысалы, бүгінге дейін Іле ауда­ны аумағындағы ауылдарда газ же­лісіне жалғау мен құжат рәсімдеу құны 300 мың теңгеден 450 мың теңге шамасында қалып отыр.

Айтпақшы, бірер жыл бұ­рын газбен жабдықтауға қосу қыз­мет­терінің құнын арзандату бойынша «Талдықорған қала­сы мен Алматы облысының елді ме­кен­деріндегі тұрғын үй­лерді газдандырудың» қаржы­лық-экономикалық негіз­де­месі әзірленген екен. Бұл бағдар­ламаның негізгі мақсаты біз айтып отырған мәселені шешу болды. Яғни газбен жабдықтау жүйесіне абоненттерді қолжетімді бағамен және бөліп төлеу мүмкіндігін қол­дана отырып қосу жайы ше­шімін табуы керек-ті. Осы шаруа үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге көлемінде қаражат та бө­лінген. Бір қызығы, осы бөлінген қаржыға иелік етуші «Жетісу-Облгаз» компаниясы ауыл­дарды газға қосу жұмысын жүргізетін серіктестерімен консорциум жасап, бір абонентті газға толық қосу құны орташа есеп­­­пен 250-300 мың теңге ара­лы­ғ­ын­да болады деген шешім шы­ғар­­ған екен. Ал халықтың әлжуаз тобына бұл қаражатты 8 ай мерзімге пайызсыз бөліп төлеуді ұсынған.