«Аяла» қоры мен Bayer компаниясының өкілдері Қостанай қаласындағы облыстық аурухананың перинаталдық орталығына шала туған нәрестелерді қарқынды емдеуге арналған жаңа инкубатор, бес неонаталды пульсоксиметр және бір электр сорғыш табыс етті.
– Орталықта жыл сайын 6 мыңға жуық жүкті әйел босанады. Біз жаңа туған нәрестелерге, жас босанған аналарға жан-жақты медициналық көмек көрсетеміз. Әсіресе, салмағы өте төмен нәрестелерді емдеуге көп көңіл бөлінеді. Біздің реанимация 10 орынға шақталған, мұнда жылына 600-ге жуық шала туған бала қарқынды терапияға арналған инкубаторларда дәрігерлердің көмегімен жетіледі. Неонаталды пульсоксиметрлер жаңа туған нәрестелердің орталық жүйке жүйесінің сақталуына тікелей әсер ететін қанның оттегімен қанығу деңгейін дәл және тез анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге нағыз керек медициналық құралдарды тарту еткен қорға және осы қорға қолдау көрсеткен компанияға алғыс білдіреміз, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Арман Баймағамбетов.
Аталған қайырымдылық қоры 15 жылдан бері еліміздегі перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларының жансақтау бөлімдерін жабдықтау жұмыстарымен айналысып келеді. Былтыр «Аяланың» «Өмір сыйлайық» жобасы аясында еліміздегі перзентханалар үшін 199 млн теңгеге 80 реанимациялық медициналық техника сатып алынған. Қор басшысы Айдан Сүлейменованың айтуынша, 2021 жылы жиналған қаржыға биыл қаңтар айында Алматыдағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығына екі жасанды тыныс алу аппараты мен екі фототерапия шамы орнатылған.
Қостанай облысы