Батыс Қазақстан облысы 14 қаңтардан бері эпидемиялық жағдайдың күрделі болуына байланысты «қызыл аймақ» болып жарияланған. Жыл басынан бері облыста COVID-19 диагнозы 9 047 мәрте тіркелген.
Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ахуалды жария етті. Жылдың басынан бері COVID-19 инфекциясы облыста 4 774 адамнан анық, 4 273 адамнан симптомсыз байқалған. 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 1 344,2 болды. Жалпы эпидемия басталғалы 49 117 адам осы ауруды жұқтырса, 880 адам COVID-19-дан көз жұмған.
«Өңірде ақпан айы басталғалы коронавирус инфекциясының 1 949 жағдайы тіркелді. Бұл жағдай ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген 924 адамда, профилактикалық мақсатта тексерілген 880 адамда, жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде 130 адамда және эпидемиялық қадағалау мақсатында сынама алынған 15 адамда анықталды», деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев.
Облыс аумағында 1 ақпаннан бері коронавирус инфекциясына ПТР әдісімен 12 254 зертханалық зерттеу жүргізілген. Батысқазақстандықтар мұндай зертханаларға орта есеппен тәулігіне 1 225 мәрте жүгінген.
Ресей Федерациясымен арадағы кеден бекеттерінен ақпан айының алғашқы онкүндігінде COVID-19 анықтамасынсыз 300 жолаушы өткен екен. Олардан ПТР әдісімен COVID-19 тест алынып, қорытындысында 5 адамның сырқат екені анықталған. Сондай-ақ облыс арқылы халықаралық жүк тасымалдап жүрген жүргізушілердің 220-сында анықтама жоқ болуы себепті олардан да ПТР әдісімен COVID-19 тест алынып, қорытындысында 13 адам анықталды. Олар оқшауланып, карантин орталықтарына жатқызылған.
Ashyq қосымшасы деректері бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардан бері облыс аумағында азаматтар санитарлық-карантиндік режімді 729 рет бұзғаны анықталды. Оның ішінде, «қызыл» мәртебесі бар 719 адам және «сары» мәртебесі бар 10 адам тіркелген. Осы әрекет үшін жеке тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша 54 хаттама толтырылып, 2 481 030 теңгеге айыппұл салынды.
«Дәл қазір облыс бойынша амбулаторлық деңгейде 1 631 науқас ем алуда, оның басым көпшілігі Орал қаласында. 1 036 адам аурудың жеңіл ағымымен ауырған, 61 адам – орташа дәрежеде, 534 адамда сырқат симптомсыз өтуде. Өңірдегі 14 инфекциялық стационарда 275 науқас ем қабылдап жатыр. Ауруханалардың толымдылығы 36,6%, бұл өткен аптамен салыстырғанда 16%-ға төмен», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова.
Дегенмен 21 науқас жансақтау бөлімінде, оның алтауы – аса ауыр жағдайда жатқаны белгілі болды.
Өткен жылдан бері осы індетке шалдыққан 42 053 адам аурудан жазылып шыққан. Соның ішінде 16 096 адам инфекциялық стационарларда ем алып шықса, 25 957 адам амбулаторлық деңгейде емделген. Әрине, мұның артында ақ желеңді абзал жандардың жанкешті еңбегі жатыр.
Облыс бойынша коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталғаннан вакцинаның І компонентімен 269 140 адам егілген. Бұл жалпы жоспардың 64,9%-ын құрайды. Оның ішінде Спутник V вакцинасын 191 148 адам, QazVac вакцинасын 21 110 адам, Hayat-Vax вакцинасын 25 021 адам, Corona-Vac вакцинасын 7 753 адам, Vero Cell вакцинасын 24 108 адам алған.
Вакцинаның ІІ компонентімен барлығы 253 515 адам егіліпті.
«Қазіргі таңда Pfizer компаниясының Комирнати вакцинасын 9 467 адам алды, оның ішінде 4 920-сы жасөспірім, 340-ы жүкті және 4 207-сі бала емізетін әйелдер. Бүгінде облыстың 52 349 тұрғыны ревакциналаудан өтті», деп мәлімдейді мамандар.
Ковидке қарсы екпенің үшінші кезеңінен өткен батысқазақстандықтардың 2 673-і Спутник Lite вакцинасын таңдаған. Ал Pfizer компаниясының Комирнати вакцинасымен 2 307 адам ревакциналанды, оның ішінде 1 052 медицина қызметкері мен 1 255-і – 60 жастан асқан адамдар. Айта кетейік, бұл – ақпанның 11-індегі мәлімет.
Облыс аумағында Спутник V, QazVac, Vero Cell, Pfizer компаниясының Комирнати, Спутник Lite вакциналарының көлемі жеткілікті.
Батыс Қазақстан облысы