Биыл Батыс Қазақстан облысында облыстық және аудандық мәртебедегі 215 шақырым жол жөнделмек. Ал Үкіметке ұсынылған өңірді дамытудың кешенді жоспары қабылданса, 2025 жылдың соңына дейін тағы 2 мың шақырымға жуық жол салынады деп күтілуде.
Облыс аумағындағы жергілікті автожолдар желісінің жалпы ұзындығы – 5 082,7 км. Кешеге дейін облыстық және аудандық маңызы бар осы автожолдың 34 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, қалған 3 349,5 шақырым жол қанағаттанарлықсыз күйде болды. Міне, 2021 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жолдар 150-дей шақырымға ұзарып, 1 874,3 километрге жеткен. Ал кейбір елді мекендердің жойылуына байланысты өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 320 шақырымға қысқарыпты.
– Соңғы көрсеткіш бойынша облыстағы жергілікті жолдардың 39 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деген дәрежеге өтті, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеев. – Алайда бұл Қазақстан Республикасы бойынша әлі де ең төменгі көрсеткіш.
Биыл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында 37 жобаны іске асыру жоспарланған. Мұның 17-сі жаңа жоба болса, 20 жоба 2021 жылы басталған ауыспалы құрылыстар. Осы мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 14,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Жыл соңына дейін осы қаражатқа 215 шақырымнан астам жол жөндеу жоспарланды.
Кестеге қарағанда, биыл облыстық мәртебедегі Барбастау – Ақжайық – Индер автожолының 43-93 шақырым аралығы, Бөрлі – Ақсай – Жымпиты жолының 68-139 км аралығы, Чапаев – Жаңақала – Сайхын жолының 130-191 шақырымы қайта салынып, Теректі мен Ақсай арасындағы автожолдың 28-58 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл үшін республика қазынасынан 3 754,019 млн теңге, облыс бюджетінен 509,299 млн теңге қарастырылған. Жобаны Uniserv және «Айдана» компаниялары жүзеге асырмақ.
Қаңтардағы оқиғалардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға арналған әлеуметтік және бизнес бағдарламасын қайта қарауды жүктеген болатын. 25 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген өңірдің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды. Осы жоспардың ішінде өңірдің автожолдарын да жөндеу, қайта салу жобалары қарастырылған.
«Біз жергілікті халық тарапынан көптен бері айтылып жүрген ұсыныстарды болашақ жобаға енгіздік. Мысалы, Жаңақала ауданындағы Пятимар (10 км) және Көпжасар (14 км) ауылдарына, Бөкейордасы ауданы Мұратсай (18 км) ауылына кірме жолдарды жөндеу үшін бүгінгі таңда Автомобиль жолдары комитетіне бюджеттік өтінім жіберілді. Енді республикалық бюджеттік комиссиясы отырысында біздің бюджеттік өтінім мақұлданса, тиісті қаражат бөлінеді. Сондай-ақ еліміздің Жалпыұлттық киелі нысандары қатарына кіретін Дәдем ата – Жұмағазы хазірет кесенесіне апаратын жолды реконструкциялауға қаражат бөлуге де бюджеттік өтінім жіберілді. Жолдың ұзындығы 2,616 км, сомасы 253 383,7 млн теңгені құрап отыр», дейді Айдар Менеев.
Айта кетейік, Үкіметке ұсынған Батыс Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспары бекітілсе, 2025 жылға дейін өңірдегі жергілікті жолдардың 78 пайызы асфальтталмақ. Бұл облыс ішіндегі көлік қатынасын күрт жақсартып, елдің әл-ауқаты дамуына да зор әсер етері сөзсіз.
Батыс Қазақстан облысы