Алматыда Қазақстан тарихының айтулы оқиғаларын баяндайтын алғашқы комикс-басылым жарыққа шықты. Жинақ қазақстандық жас суретшілердің үздік қолтаңбасымен толыққан. Кітаптың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқасы еліміздің барлық мектептері мен кітапханаларына тегін таратылмақ.
Қазақстан тарихын оқырмандар үшін үйреншікті емес комикс форматында қайта басып шығарудың бастамашысы болған BAURZHAN foundation қайырымдылық қоры. Жаңа басылымға былтыр елімізде өткен – «Тарихым-бүгінім, ертеңім!» атты суретші-иллюстраторлар байқауы жеңімпаздарының заманауи туындылары енген.
Бес мың данамен жарыққа шыққан тың туынды кітапхана мектептермен қатар, балалар үйлеріне де таратылады. KHAN Comics арт-студиясы ұсынған бастамаға Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қаржылай қолдау көрсетіпті.
Атап айтқанда, тәуелсіздік тарихын жаңа форматта толғаған туындыға 70 үздік иллюстрация енгізілген. Оқырманға ел өмірінде маңызы ерек мәдени, спорттық және саяси оқиғалар туралы баяндайтын кітаптың басты кейіпкерлері – ұлттық валюта, Қазақстанның Олимпиада ойындарындағы жетістіктері һәм әлемдік аренада ел мерейін асырған отандық танымал тұлғалар. Олардың ішінде Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген секілді жерлестеріміз бар.
– Комикстер маңызды тақырыптарды нысанаға алған. Оның дәлелі Қазақстан тарихының жаңа иллюстрацияланған үлгіде оқырманға жол тартуы. Бұл жанрдың жас буын арасында үлкен аудиториясы бар және жыл сайын олардың қатары артып келеді. Жобаның мақсаты тек ағартушылық қызмет қана емес, бірінші кезекте – қазақстандық жас суретші-иллюстраторларды қолдап, олардың шығармашылығын көпшілікке таныстыру, – дейді BAURZHAN foundation қорының жобалық үйлестірушiсi Саида Ибрагимова.
АЛМАТЫ