• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Ақпан, 2022

Мемлекет пен бизнес: Қолдаудың қарымтасы қандай?

803 рет
көрсетілді

Елімізде бұдан былай мемлекеттік қолдауға ие болғысы келген кез келген өнеркәсіптік кәсіпорын соның қайтарымын жасауға міндеттелмек. Бұл туралы ашық үкімет порталында жарияланған «Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезінде қарсы міндеттемелерді айқындау және қолдану жөніндегі қағидалары туралы» деп аталатын бұйрықта атап көрсетілген. 

Кәсіпорынға қандай талап қойылады?

Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрлігі ұсынған бұйрық құжатына сүйенсек, кәсіпорын­дарға негізі­нен мынадай үш талап қойы­ла­ды: еңбек өнімділігін арттыру, экс­портқа бағдарланған тауарлар өнді­рісін ұлғайту және ішкі нарық­тың қажеттілігін қамтамасыз ету.

«Егер бір бағытта бірнеше қарсы міндеттемелер айқындалған жағдай­да, алушы қызметінің қаржылық-эко­но­микалық көрсеткіштерін талдау негізінде алушымен және өнер­кәсіптік-инновациялық қызметті мем­лекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектісімен келісім бойынша олар­дың біреуі немесе бірнешеуі қол­данылады», делінген құжатта.

Кәсіпорын жоғарыда аталған мін­деттемелерді орындамаса, онда мем­лекеттік қолдау шарасы аясын­да алған қаражатын Ұлттық банк­тің базалық ставкасына сәйкес кері қайтарады. Сондай-ақ өзіне жүк­тел­ген міндеттемені қаншалықты орын­­дай алғаны да ескеріледі. Кәсіп­орынның міндеттемелерді орындауы мүмкін болмайтындай жағдайы құжатпен расталса, онда ақшаны қайтарудан босатылады.

Ал енді өнеркәсіп орны атқаруы тиіс міндеттемелерге нақтырақ тоқ­талайық. Біріншіден, еңбек өнім­ділігін арттыру бойынша – мемлекет қолдауын иеленген кәсіпорын екі жыл ішінде мемлекет салған 1 тең­геден табыс көлемін кемінде 2 тең­геге арттыруы керек. Екіншіден, ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз ету бойынша – инженерлік-техни­ка­­лық және өндірістік персонал білік­­­тілігін көтеру талап етіледі. Мыса­лы, келісім жасалған күннен бас­тап екі жыл ішінде кемі 5 қыз­мет­кер­дің біліктілігі артуы тиіс. Заң­ды тұл­ғаларды қоспағанда инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде салық аударымын (ЖТС пен СН) кемінде 10 пайызға ұлғайту қажет.

Егер кәсіпкер жергілікті тауар экспор­ты мен өңдеуші өнеркәсіп қыз­метін дамыту мақсатында мем­ле­кет­тік қолдауды алса, онда оған мына­­дай міндеттемелерді орындау жүк­теледі. Экспортқа бағдарланған тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша – біріншіден, өнімді сату мен қыз­мет көрсетуден түскен валюталық түсім­ді екі жыл ішінде кемінде 10 па­­йызға көбейту. Екіншіден, көрсеті­летін мемлекеттік қолдау көлемінен кем емес сомада өнім экспортын қамтамасыз ету.

Президент сөзі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кез­десуінде шұғыл түрде экономи­калық саясатты қайта қарау керек деген еді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге көрсетілетін барлық көмектің өтемі болуы керегін де еске салған.

«Бұл салықтың толық төленуі, экспортқа шығу, сапалы жұмыс орын­дарын құру және басқа да мәсе­лелер. Мемлекеттік қолдау шаралары тек кәсіпорын табысын ұлғайтумен шектелмей, жұмыспен қамту және халықтың кірісін арттыру мәселесін де шешу керек. Мемлекеттік қолдау шараларын алып отырған компаниялар мемлекет қаражатын пайдалану туралы есеп ұсынып отыруға міндетті», деді Президент.

Әрине, қолдау шарасының түрі көп. Өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау негізінен Qazindustry компа­ниясы арқылы жүргізіледі. Атал­ған компания қазақстандық кәсіп­орын тауарларының шетелде насихатталуын, халықаралық көрме, жәрмеңке, фестивальдарға қатысуын қамтамасыз етті; өнімнің шетел­де серти­фикатталуы, қоймалар мен сау­да нысандарын жалға алу сияқ­ты мәселелерді шешті. Әсіресе, кәсіп­керлер тарапынан транспорттық шығын­­дарды өтеу шарасына көп өтініш берілген. Сондай-ақ қызмет­кер­лерді шетелде оқыту, шетелдік мамандарды шақыруға қатысты да мемлекет қисапсыз қаржы бөлді.

Компанияның 2020 жылғы мәлі­меті бойынша, экспорттық шығын­дарды өтеу көмегін алған кәсіп­орындардың (50-ден астам) басым бөлігі тамақ өнеркәсібіне жатады екен. Ал еңбек өнімділігін арт­тыру бағыты бойынша көлік құрас­тыру, азық-түлік (30-дан астам) және металлургия (18) саласының кәсіп­орын­дары көш бастаған.

 Олигополияға жол жоқ

Мемлекет қолдауын алған кә­сіп­орын қайтсе де қарсы міндет­темені атқаратын болсын дейтін қатаң талап­тың қойылуы бекер емес. Елдегі өндірістің санаулы топтың май­­шелпегіне айналғанын жұрт біле­ді. Атын атап, түсін түстемесе де, сезеді. Бұл ойымызды Мемлекет бас­­шысының 11 қаңтардағы сөзімен тұз­дықтасақ та болғандай.

«Мемлекеттік қолдау шаралары­ның тиімділігі мен қолжетімділігі көп сұрақ тудырады. Қалыптасқан жүйе «Достарыма – бәрін беремін, қалған­дарына – заң бойынша» деген ұстаныммен жұмыс істей­тін ірі құрылымдарға қызмет көр­сетуге бағытталған. Бұл жүйе эконо­мика­дағы олигополияны күшей­туде. Ірі кәсіпорындар ерекше артық­шы­лыққа ие болып алған, бәсекені тұн­шықтырып, реформа жасауға кедергі келтіріп отыр», деген-ді Президент Мәжіліс отырысында.

Осылай дей келе Мемлекет басшысы қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс саласындағы ат төбеліндей топтың жеке банкіне айналып кеткен «Қазақстан даму банкін» де сынға алды. «Үлкен кабинеттерге еркін кіретін мүмкіндіктерін пайдаланып, өз жобаларын жүзеге асыру жолында қолайлы шарттарды алады», деді Президент.

Қысқасы, онсыз да асығы алшысынан түсіп тұрған ірі кәсіпкерлер әрі қарай да бюджет қаржысын еш шек­­теусіз өз қазынасына құйып кел­­ген. Дәл қазір «Қазақстан даму банкі­­нің» шаруасы майшам­мен қара­лып жатыр. Банктің басшы­лығында отыр­ған және сол басшы­лығы­мен «қыл өтпес» досқа айналған ықпалды топтың да қылғытып келген қаржысы сұраусыз қалмайды. Ендігіде мемлекет қолдауын алған кәсіпорындарға үлкен үш талаптың қойылуы да содан.