• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Ақпан, 2022

Жердің шөлейттенуі – өзекті мәселе

3030 рет
көрсетілді

Қазақстанның бірқатар облысында атмосфералық құрғақшылықтың салдарынан табиғи жемшөп алқаптарының жойылуы, мал өлімі және жабайы жануарлардың қырылуы байқалуда. Шөлейттену – жаһандық мәселе. Бұл экологиялық проблема әлем елдерінің жер өнімділігіне, азық-түлік қауіпсіздігіне бірінші кезекте әсер ететін құбылыс екені белгілі. Шөлейттену салдарынан ауыл шаруашылығы саласының өндірушілері жыл сайынғы табысынан миллиардтаған доллар шығынға батады.

Алғаш рет шөлейттену мәселесі 1968-1973 жылдары байқалып, әлем назарын аударды. Сол кезеңде Сахара шөлінің оңтүстік аймақтары апатты құрғақшылыққа тап болып, соның салдарынан халықтың едәуір бөлігі жойылып, ауыл шаруашылығы толық­тай құлдырады.

Қазақстандағы шөлейттену мә­се­ле­сін шешудің маңыздылығы Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың халыққа арнаған Жол­дау­ларын­да көрініс тапқан. Онда Пре­зи­дент әлемде су ресурстарының тап­шылы­ғы байқалып отырғанын, су үнемдеуді және оның қорын жаңа тех­нологиялар мен цифрландырудың көмегімен арттыру қажеттігін атап өтті. Жер шарын алаңдатып отырған су тапшылығы да шөлейттенудің салдарынан пайда болады.

Әлемнің саяси картасында Қазақ­стан аумағы Орталық Азия құр­лы­ғы­ның тереңінде орналасқандығы, 2 млн 725 мың шаршы шақырым аумақ­ты алып жатқаны, айқын аридті климатпен сипатталатыны, әл­сіз ылғалдылығымен және рес­пуб­ликаның едәуір бөлігінде шөл және шөлейт аймақтардың таралуы­мен ерекшеленетіні айқын көрінеді. Рес­пуб­ликаның солтүстік бөлігінде орманды дала зонасы жіңішке жолақпен созылады. Осының барлығы респуб­лика өңірінде ауыл шаруашылығы жерлерінің әртүрлі құрылымының болуына себепші болады.

Қазіргі таңда Қазақстан аумағы­ның барлық табиғи зонасында шө­лейттену үрдістерінің дамуы бай­қа­луда. Оны жеделдетіп отырған фак­торлар да жоқ емес. Бүгінде респуб­лика аумағының 66%-дан астамы шөлге ұшыраған. Шөлейттенудің даму қарқыны мен ауқымы ең алдымен, климаттық өзгерістерге және адамның шаруашылық қызметіне байланысты.

Ел аумағындағы шөлейттенудің дамуына ауыл шаруашылығы саласында іске асырылған мемлекеттік бағдарламалар да ықпал етті. Респуб­ликаның солтүстігінде тың және ты­ңайған жерлерді игеру, сондай-ақ шөлді аймақта суармалы егін­шілікті дамыту үшін Сырдария өзе­нінің ағынын бөгеу жөніндегі бағдарламалар да әсерін тигізді.

Республиканың орманды дала, дала және құрғақ далалық табиғи зона­ларында егістік алқаптарын кеңей­ту жолымен бұрынғы Кеңес Ода­ғында астық өндіру көлемін ұл­ғай­туға бағытталған Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру бағ­дарламасын (1954-1960 жылдар) іске асыру салдарынан жердің әр­түр­лі дәрежеде деградациялануына, топырақ өнімділігі деңгейінің тө­мендеуіне (гумустың күрделі жойылуына) алып келгеніне өзім куә болдым. Сондай-ақ 1970-1980 жылдары Қа­зақстанның мал шаруашылығын дамыту бойынша іске асырылған бағ­дарламалар Қазақстанның шөл және шөлейт өңірлерінде шөлейттену үрдістерін күшейтіп жіберді.

Мал шаруашылығын дамытудың жемшөп көзі болған жайылымдар рес­публиканың барлық жер қоры бө­лігінің 67,6%-ын алып жатыр, бұл 184,3 млн га жер деген сөз және көлемі жағынан әлемдегі 5-орын­ды алады. 73 млн гектардан астам жайы­лымдар орта және ауыр дәрежеде де­градацияланған, бұл мал шаруа­шылы­ғының өнімділігіне кері әсер еткен.

Жалпы, жайылымдарды шамадан тыс пайдалану ірі экологиялық мәселеге айналды. Елді мекендерде мал басы өсіп, мал жайылатын өріс ұлғая түскен. Бұл да құнды жайы­лым­дық өсімдіктердің жойылуы­на, арамшөп топтарының қалып­тасуына, топырақтың беткі қабаты­ның бұзылуына алып келді. Сөйтіп, шөлейттенудің дамуына жайылымдық мал шаруашылығының әсері күшейді.

Табиғи және антропогендік факторлардан туындаған шөлейттену­ден дегумификация, су эрозиясы, дефляция және қайталама тұздану көбейген.

Республиканың егістік жерлерінің 60%-да топырақты құрғату процесі байқалады. Дегумификация есебінен 1,5 млн га жер шөлейттенді. Гумустың ең көп жойылуы шөлейтті аймақта байқалады, шамамен – 28%.

Малдың ретсіз өрісі, бұталы өсім­дік­терді қалай болса солай кесу, жолдардан тыс жерлерде автокөліктердің бейберекет қозғалысы топырақтағы дефляциялық процестердің күшеюі­не ықпал етеді. Оның әсері құрғақ­шылық жылдары, топырақ ылға­лы­ның жетіспеушілігі болған кезде айқын байқалады. Қазақстанда де­фля­ция үрдісі әсіресе Қызылқұм, Мойын­құм, Үлкен және Кіші Борсық құмдарының ауқымды алқаптарында, шөл, шөлейт және дала зоналарында жеңіл механикалық құрамдағы топырақтарда белсенді көрінеді.

Республикада жел эрозиясына ұшы­раған (дефляцияланған) жер кө­лемі 24 млн гектардан асады.

Су эрозиясы – топырақтың су ­ағын­дарымен шайылуы. Бұл құбы­лыс ауыл шаруашылығына үлкен эко­логиялық залал келтіреді. Ағынды су жерден органикалық және минералды заттарды жуып шығады, оның соңы топырақ құнарлылығының жо­йылуына алып келеді. Шайылған то­пы­рақтың ең көп аймағы Түркістан, Алматы, Маң­ғыстау, Ақмола облыс­тарында орналасқан.

Сонымен қатар республиканың 35,8 млн гектарын сортаңды топы­рақ алып жатыр. Одан бөлек, тұздану сал­дарынан 1 млн гектардан астам суар­малы жердің жойылуы­мен қатар, ауылшаруашылық өнім­дері­нің жетіспеушілігіне алып келеді. Сор­таңды топырақтардағы шө­лейт­те­нудің ерекшелігі олардың зоналық және құрылымдық әртүрлілігімен бай­ланысты. Сортаңданған топы­рақ­­тың үлесі барлық суармалы егіс­тік алқабының шамамен 31,3%-ын құрайды. Суармалы егіншілікте қа­лыптасқан жағдай өсімдік шаруа­шы­лығы өнімінің жалпы жинағын 1,6-1,8 есеге төмендетті.

Тұтастай алғанда, 1990 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде республиканың барлық облысында суармалы егіншілікте пайдаланылатын жер алқаптары 2,5 млн гектардан 1,7 млн гектарға дейін қысқарды, олардың қазіргі уақытта шамамен 1,2 млн гектары пайдаланылады.

Шөлейттену ауыл шаруашылығын қарқынды игеру аумақтарында көп байқалып отыр. Осыған байланыс­ты кезек күттірмей шешілуге тиіс мә­селелердің бірі – шөлейттену про­цес­терін дамытуды бейтараптандыру, ауылшаруашылығы аумағында эко­жүйелерді сақтау. Шөлейттенуге қар­сы күрес кезінде табиғи-климаттық аймақ­­тарындағы ауыл шаруашылығы өнді­рісінің ландшафтық ұйымдастыру жүйесіне ерекше мән берілуге тиіс.

Жалпы, жақын көрші елдер­мен са­лыстырғанда (Түркіменстан, ­Өз­бек­стан) Қазақстанда шөлейтте­ну­ге қарсы күрес жөніндегі іс-шара­ларды ұйым­дастыруда ғылыми-зерт­теу жұ­мыстары жүргізілмейді. Қа­зір қалып­тасып отырған мәселе өте күр­делі. Сондықтан мемлекеттің уәкі­летті органдары шұғыл түрде шө­­лейттену процестерін, әсіресе кли­мат­тың өзгеруі мен табиғи ортаға антро­­погендік қысым жасауды ескере отырып, іргелі және қолданбалы сипаттағы зерттеу бағдарламасын жасауы қажет.

Аталған мәселе бойынша ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәжірибесі, меніңше, бірқатар өңір­лік және жергілікті жобаларды жүзе­ге асырған «География және су қауіп­сіздігі институты» АҚ-да бар.

 Әлия БЕЙСЕНОВА,

ҰҒА академигі,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры