Алға ауданының мәселесі көп. Біріншіден, өндірісі жоқ, дотацияда отырған аудан. 29 елді мекені бар. Былтыр 1 млрд 455 млн теңге салық жиналса, биыл салық базасын 1 млрд 600 млн теңгеге ұлғайтқан. Облыстық, республикалық бюджеттен аударылатын субвенциямен қосқанда, аудан бюджеті 9 млрд 400 млн теңгеге толыққан.
Аудан әкімі Нұрбол Ержанов тұрғындар алдында есеп беру кезінде «Актеп» ЖШС-ы, «Ақтөбе ет кластері» ЖШС-ы, Бестамақ құс фабрикасының уақытша тоқтап тұруы аудан экономикасына теріс әсер бергенін жасырмады. Өйткені ауданда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 60 %-ын осы үш шаруашылық өндіретін.
Жұрт қорасындағы төрт түлігінің өсімінен, қосалқы шаруашылық есебінен табыс табады. Ауданда 400-ден аса шаруа қожалығы тіркелген. Биыл Сарықобда ауылдық округінде мал сою алаңы, 1 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы салынса, біраз адамға жұмыс табылмақ.
Ауыл шаруашылығы өнімдері қымбаттап жатқанда, табиғаты жайлы, жері шұрайлы, Елек өзені он орап ағатын ауылдар жанында облыс тұрғындарын азық-түлікпен қамтитын ірі шаруашылық құрылмауының себебі неде? Әйтпесе, қай ауылында да ет-сүт өңдейтін шаруашылықтар құруға да, көкөніс өсіруге де мүмкіндік мол. Аудан аумағының жері 750 мың гектар болса, оның 540 мыңы – ауылшаруашылық мақсатында, ал 100 мың гектары елді мекендерге тиесілі. Былтыр игерілмей бос жатқан 22 400 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Осы жұмыстар жер инспекциясымен бірге биыл да жалғаспақ. Алға ауданында жерді пайдалануда 1990 жылдардан бастап тәртіп болмаған. Банктерге кепілдікке қойылған жер телімдері де көп. Бұл жұмыс ұзақ реттеуді қажет етеді.
Бір жақсылығы, елді мекендеріне газ және орталықтандырылған ауыз су жүргізу жағынан өңірде алда тұр. Дәлірек айтқанда, 29 елді мекенінің 24-іне газ, 19-ына сапалы ауыз су келді. Былтыр Еркін күш, Амангелді ауылдарына газ құбыры тартылса, биыл Талдысай, Жерұйық ауылдарына кіргізіледі. Ал әлеуметтік нысандары жоқ, адам саны 40-50-ден аспайтын, ескі жұрттың орнында мал бағып отырған жандар осы игіліктен құр қалатын түрі бар. Себебі Үкімет бекіткен ереже бойынша адам саны өте аз, мектебі жоқ ауылдарға құбыр жүргізілмейді. Соның бір мысалы, Қызылту, Ерназар, Құмсай, Ақсазды – әлеуметтік игіліктерден құр қалған ауылдар. «Қызылту» елді мекенінің тұрғыны, шаруа қожалығының иесі Кеңес өкіметінен қалған ескі клубты ауыл адамдары бірлесіп жөндемек болып отырғанын жеткізді. Осы ауылға газ құбыры тартылса, жан-жаққа кеткендер қайта көшіп келеді дейді. Ақай ауылдық округі Көлтабан ауылының тұрғыны Бақтығали Сейтенов те бүгінде төртжылдық мектепке айналған бұрынғы тоғызжылдық мектебінің ертеңіне алаңдайды. Бала саны өте аз. Мектеп жабылса, ауыл да жоғалады.
Биыл Тоқмансай ауылына орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылса, Талдысай, Көлтабан, Еркін күш, Құмсай ауылдарына сүзгіштері бар кешенді модуль-блоктар орнатылады. Одан кейін Тікқайың, Көптоғай, Қайыңдысай елді мекендерін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп жатыр. Соңғы үш ауылдың әрқайсысына 450-600 млн теңгеден қаржы керек. Тұрғындарының саны жылма-жыл көбейіп жатқан Маржанбұлақ ауылы тұрғындары ауыз суды сырттан тасып ішеді. Биыл Самбай, Қарақұдық, Ақай, Жерұйық ауылішілік жолдары, Алға қаласының 12 көшесі жөнделмек.
Жастар жұмыссыздығы да өзекті мәселе. Өткен жылы жұмыссыздарды әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындарына тарту, жастар тәжірибесі арқылы 2 800 жұмыс орны ашылды. Бірақ қоғамдық жұмыс бюджет қаржысын игеруге бағытталған, ұзақмерзімдік пайда әкелмейтін қысқамерзімдік шара деп те қарауға болады. Жұмыс орындары жабылып қалмайтындай етіп құрылуға тиіс десек, «Жастар тәжірибесі» жобасы жастарға жақсы серпін береді деген үміт бар. Себебі осы кезге дейін жас маман алты ай бойы 50 мың теңге еңбекақымен тәжірибе жинақтаса, енді бір жыл еңбекке төселе жүріп, ай сайын 90 мың теңгеден еңбекақы алады. Сондай-ақ жаңадан кәсіп ашқысы келетіндер үшін қайтарымсыз грант сомасы 400 АЕК-ке ұлғайып, былайша айтқанда 1 млн 200 мың теңгеге өсті. Ендігі жерде жаңадан кәсіп бастағандарға құрал-жабдық сатып алуға жақсы мүмкіндік туды.
Ауданда 29 мектептің ішінде көп жылдан бері күрделі жөндеу көрмегендері де жеткілікті. Аудан әкімінің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Үшқұдық, Бестамақ, Есет батыр орта мектептері күрделі жөндеуден өтсе, Үшқұдық, Маржанбұлақта жеке кәсіпкерлер балабақша салды. Биыл Ақай орта мектебіне, Алға қаласындағы «Балбөбек» балабақшасына және №3 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, Маржанбұлақ ауылында салынып жатқан 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Маржанбұлақ мектебінің жоба құнына өзгеріс енді. Өйткені құрылыс материалдарының тым қымбаттауынан әуелгіде бөлінген қаржы жетпей қалып, құрылыс 1 млрд теңгеге қайта жобаланды. Таратып айтқанда, осы мектеп құрылысына 958 млн теңге, оның инженерлік желілерін өткізуге 49 млн, газ қазандығын салуға 68 млн теңге қаржы керек.
Сондай-ақ Самбай, Қайнар, Тоқмансай, Маржанбұлақ ауылдарында балалар спорт алаңдары, Үшқұдық, Бестамақта ангар үлгісіндегі спорт кешені тұрғызылады. Бірақ аудан орталығында спорт кешені жоқ.
Мәдениет үйлерінде көптеген үйірменің, спорттық кешеннің салынуы жастар арасындағы тәртіпсіздікті азайтудың ең жақсы құралы. Шынымен де, соңғы жылдары жастар арасында қылмыс едәуір азайған. Жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген аудандық кітапхана, Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасы да кезек күтіп тұр. Осылайша, биыл Алға ауданының әлеуметтік инфрақұрылымдарын жаңалап, күрделі жөндеуден өткізуге 5 млрд теңге қажет.
Балаларының болашағына бейжай қарамайтын ата-аналар спорт кешендері, түрлі шығармашылық үйірмелер ашылғанына ықыласты. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ауыл клубтарына түрлі музыкалық аспаптар сатып алынып, музыка үйірмелері ашылсын дейді.
Есептік кездесуде ауылдар арасындағы жолдардың қардан тазартылмай жатқаны, қар тазарту жұмыстары үшін белгіленген қаржы көлемі туралы сұрақ туындады. Шаруа қожалығының басшысы Марлен Баймағамбетов: «Техникалық негіздеме сәйкес келмейді деген сылтаумен көптеген жергілікті фирма қар тазарту жұмыстарына қатыстырылмайды. Өйткені осы жұмыстарға өңірде тіркелмеген техникаларды талап етеді. Оның үстіне, қар тазарту жұмыстарына техникалық негіздемеде баға көрсетілмеген. Мәселен, 1 шақырым жолды қардан тазартуға 1 мың теңге жұмсала ма, әлде 5 мың теңге жұмсала ма? Осы анық жазылуы керек емес пе?», деп ренішін жеткізді. Оған аудан әкімі «Аяқталған жұмыстарға ғана төлем жүргізіледі. Келісімде бекітілген жұмыстар орындалмаған жағдайда, сотқа жүгініп, қаржыны қайтарамыз немесе мүлдем жұмсалмаса, үнемделген қаржы есебінде жыл соңында аудандық бюджетке қайтады. Жалпы, Алға ауданының жолдарын тазартуға мердігерлер ықыласты емес. Себебі олар аз мерзім деп бір жылға келісімшарт жасағысы жоқ. Ауыл арасындағы жолдарды тазалауға бөлінетін қаржы көлемі көп емес. Сол себепті де қар тазарту жұмыстарына келген мердігерлермен үш жыл мерзімге шартқа отырамыз», деді.
Байқағанымыз, ауыл тұрғындары өте белсенді. Бюджет қаржысын жұмсауда ашықтықты талап етіп, әлеуметтік нысандар құрылысын уақтылы аяқтауды әкімдерден де, мердігерлерден де талап етіп отыр. Бір жыл бойы атқарылған жұмыстың есебін берген аудан әкімінің баяндамасын мұқият тыңдай отырып, төмендегідей кемшіліктерді де аңғардық. Бұл осы ауданға ғана емес, барлық атқарушылық құрылымдарға қатысты кемшілік деуге болады. Ең негізгі қателік – ауылдық округтерден бастап, аудан әкімдіктері мен облыстық деңгейдегі құрылымдар арасында жоспарлау, талдау-сараптамалық жұмыстар ақсап жатыр. Мәселе бюджет қаржысын уақтылы игеруде ғана емес, оны толықтыратын қаржы көздерін тауып, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін салаларға басымдық беру керек. Осы тұрғыдан алғанда ауыл шаруашылығы бойынша ірі жобалардың жоқтығы да байқалды. Мәселен, Ақтөбе облысында жұмыртқаға сұраныс көп болса да, осы өнім сырттан тасымалданады. Осы қажеттілікті толтыру үшін жоспарланған жұмыртқа жобасы қағаз күйінде қалды.