Өткен жылы елімізде интернет алаяқтыққа қатысты 41 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелсе, биыл қаңтар айында ғана 2,5 мыңға жуық оқиға тіркелген.
ІІМ Киберқылмыспен күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Рүстем Дүйсетаевтың мәлімдеуінше, талдау жұмыстары мұндай қылмыстардың дені қарызға ақша алу арқылы жасалатынын көрсетіп берген. 2021 жылы тіркелген 6 мыңнан астам интернет алаяқтық осындай оқиғамен байланысты. Әсіресе қызмет көрсетудің сан түрін сылтауратып, қарапайым халықты тақырға отырғызып кететіндерге тұсау салу қиын болып тұр. Жылжымайтын мүлікті немесе көлік сату кезінде де алаяқтар аянып қалмауда. Өткен жылы үйін не «темір тұлпарын» сату барысында алаяқтарға алданып қалған 2 мыңнан астам азамат полицияға арыздарын арқалап келген. Р.Дүйсетаев цифрлы технологиялардың дамуы интернет алаяқтықтың өрши түсуіне де түрткі болып отырғанын алға тартты. Атап айтқанда, әккілер цифрлы технологиялардың зор мүмкіндігін қалт жібермейтіндіктерін анық аңғартып жүр. Соңғы уақытта қоғамдық резонанс тудырған интернет алаяқтық фактілері осыған дәлел.
Хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет көрсететіні үшін алдын ала төлем алу – интернет алаяқтықтың ең көп таралған тәсілінің бірі. Тіркелген қылмыстың 8 мыңнан астамы осындай жолмен жасалған. Жиі кездесетін екінші жолы – микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн несие рәсімдеу. Мәселен, жыл басталғалы бері жұрттың көбі «Займер», «Тенго», «Ақша – халыққа» секілді бірнеше микрокредиттік сайттың құрығына іліккен. Ал жасалған қылмыс саны 3 мыңға жуықтап отыр. Азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізгеннен кейін олардың банк шоттарындағы бар қаржыны жымқыру деректері де азаймай тұр.
«Көп жағдайда алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, алдап қоңырау шалады. Алайда мына бір мәселені де айта кеткім келеді. Жәбірленушілердің біразы, атап айтқанда 1200-ден астам азамат «фишингтік» интернет ресурстарда жеке деректері мен мәліметтерін өздері ерікті түрде енгізген. Ал 2 мыңға жуық алаяқтық іс-әрекетке түрлі жобаларға, ойындарға, инвестицияларға, ставкаларға ақша салып, тез баюды көздегендердің өздері себепкер болған», дейді полковник.
«Хайтек» жедел-алдын алу операциясы кезінде анықталған фактінің бірінде жәбірленушілер саны 350-ден асып жығылады. Ал келтірілген залал – 10 млн теңгеден астам. Атырау облысында семейлік жігіт ағасы әлеуметтік желілерде жоғалған құжаттар туралы хабарламаларды тауып алып, сол арқылы микрокредит алуға онлайн өтінім беріп келген. Ал құжаттарын жоғалтып алған адамдар мерзімі өтіп кеткен несиелері туралы хабарлама алғанда ғана алаяқтардың тұзағына түскендерін бір-ақ білген.