Таяуда 72-Халықаралық Берлин кинофестивалінің және оның аясында өтетін Еуропалық кинонарықтың (EuropeanFilmMarket) ашылуы болды. Біздің еліміз үшін бұл іс-шара шын мәнінде бірегей, себебі, Қазақстан алғаш рет халықаралық сатып алушыларға 30-дан астам фильмнен тұратын топтаманы ұсынып отыр. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өз стендінде осындай ауқымды қазақстандық кино өнімдерінің санын қамтыды.
Қазақстанның биылғы EFM-ге қатысуының мәні мынада – Берлиналеге қатысатын жұмыстардың фестивальдегі табысына сүйене отырып, жалпы қазақстандық кино өнімдеріне қызығушылықты арттыру. Берлинале фестивалінің бағдарламасына енген үш картина әлемдік кинобизнес өкілдерінің қазақстандық кинематографқа назар аударуына түрткі болары сөзсіз. Оның екеуі – Дәрежан Өмірбаевтің «Ақын» және Фархат Шәріповтің «Схема» көркем фильмдері. Екеуі де Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. Үшіншісі – Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» әлеуметтік драмасы.
Forum секциясында ұсынылатын «Ақынның» бұған дейінгі фестивальге қатысқан тәжірибесі бар. Картинаның тұсаукесері өткен жылдың соңында Токио кинофестивалінде өтіп, оның авторлары үздік режиссура үшін сыйлық иеленген болатын. Ал «Схема» туындысы (Generation 14+ секциясының қатысушысы), өткен жылдың желтоқсанында ұйымдастырылған Мәскеу кинонарығында мамандардың назарын аударған. Берлин фестивалі мен кино нарығы аясында фестиваль қатысушыларына, дистрибьюторларға және баспасөз өкілдеріне арналған көрсетілімдерді қоса алғанда, әр картина жеті рет көрсетіледі. Сатып алушылардың назарына ұсынылатын үлкен тізімге енген кейбір туындыларға тоқталып өтейік.
Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» фильмі шынайы оқиғаға негізделген. Режиссерді қысқы Паралимпиада ойындарының алғашқы қазақстандық чемпионы Александр Колядиннің тағдыры шабыттандырған.
Ернар Нұрғалиев түсірген «Алға» атты тағы бір спорттық драмада әкелерін жоғалтқан екі ағайындының үлкен спорт арқылы өз өмір жолын айқындағаны баяндалады. «Дос-Мұқасан» – Айдын Сахаманның мюзиклі, оның негізінде аты аңызға айналған қазақстандық ансамбль жетістігінің тарихы мен музыканттардың осы табысқа жету жолындағы басынан кешкен бұралаң тарихы тарқатылады.
Берлинде таныстырылған мемлекеттің қаржыландыруынсыз түсірілген картиналардың ішінде прокаты табыспен өткен «Моя большая казахская семья», жас кинематографистердің дебюттік картинасы «Зере», сондай-ақ Екатерина Суворова түсірген танымал NinetyOne тобы туралы «Петь свои песни» атты деректі фильмдері бар.
Фестиваль кеше ғана басталса да бірқатар қазақстандық фильмдерге халықаралық сатып алушылар қызығушылық танытып отыр.
ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкеновтің айтуынша, Киноорталық өз алдына бірыңғай мазмұндық алаңға айналу мақсатын қойған, ол мемлекет қаржыландыратын фильмдерді ғана емес, тәуелсіз өндірушілер түсірген картиналарды, бір сөзбен айтқанда, ел аумағында шығарылатын барлық контентті қамтиды. Барлық ақпарат KazakhCinema виртуалды стендінде ұсынылған.
– Берлинмен тоқтап қалмаймыз, – дейді Б.Шөкенов. – Әлемнің ірі кинонарықтарына қатысуды жалғастырамыз. Алдағы Канн фестивалінде қойылатын Қазақстан павильоны – бұл да біз үшін маңызды алаңның бірі, оған біз «Қазақфильмді» де, ірі продакшн-студияларды да шығармақпыз. Киноорталықтың сыртқы нарыққа бірыңғай оператор ретінде шыққаны дұрыс, бұл ел имиджін қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді және киноиндустрияның барлық қатысушыларына саланың біртұтас болып, бір бағытта қозғалатынын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл – бүкіл әлем ұстанатын қағидат.