Жеке тұлғаларды банк алдында өзін банкротпын деп жариялауға мүмкіндік беретін заң жобасы жақын арада қабылданбақ. Осыдан бірнеше күн бұрын ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында заң жобасы жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылды. Жоба 23 ақпанға дейін талқыланады.
Негізгі шарт
Мемлекеттік кірістер комитеті жария еткен заң жобасында жазылған негізгі талаптың бірі – банкрот болған жеке тұлғаға ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) аспайтын несие алу бойынша мәмілелерді қоспағанда, займ алу бойынша келісімшарттар жасауға, кепіл болуға тыйым салу.
– Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыз сомасы мен ұзақтығына байланысты рәсімдердің 3 түрі ұсынылады. Бірінші, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру – тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды төлеуге 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді. Қалпына келтіру жоспары 5 млн теңгеден асатын берешек кезінде сот органдарымен бекітіледі. Бұл үшін екі тараптың – борышкер мен кредитордың келісімі қажет. Жоспарда көзделмеген жағдайлардың барлығы, мысалы, мүлікті сату қолданылмайды. Екінші, тұрақты табыс пен берешекті өтеу бойынша перспектива болмаған жағдайда, банкроттықты екі түрде қолдану ұсынылады: алғашқысы – соттан тыс банкроттық. Оны үш жағдайда қолдануға болады: банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдында 5 жылдан астам мерзімі өткен азаматтар; азаматтар, егер қарыз 12 ай ішінде өтелмеген болса, қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы керек және қарызды өтеуге болатын мүлік жоқ; сондай-ақ 5 млн теңгеге дейінгі қарызы 6 ай ішінде өтелмеген азаматтар банкроттық рәсімін бастай алады», дейді Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ азамат 3 жыл бойы Қазақстан аумағынан тыс жерге аяқ баспайды. Тек шұғыл жағдайда ем алу қажет болса, жақын адамын емделуге апару және жақын туысын шет мемлекетте жерлеу қажеттілігі туындаса ғана шекарадан шыға алады. Соттан тыс банкроттық процедурасын қабылдау туралы өтініш берілген күннен бастап кредитор борышкерден қандай да бір міндеттемені орында деп талап етуге құқылы емес. Тиісінше, қарыздың барлық түрі бойынша өсімпұл мен сыйақы есептеу де күрт тыйылады. Сот банкроттығы процедурасының мерзімі осы рәсiмдi қолдану туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап 6 айдан аспайды. Мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
Борышкердің банк шотынан ақша алу да мүмкін емес. Бұған әрекеттенген кредитордың өзі жауапқа тартылады. Өз кезегінде борышкерге мүлікті иеліктен шығару немесе өзіне жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәміле жасауға болмайды. Ал бұл ретте мүлікті беру, төлем жасау немесе мүлік міндеттемесін басқа әдіспен орындау туралы борышкерге қатысты шығарылған мемлекеттік органдардың шешімдері, борышкер мүлкіне қатысты шығарылған сот шешімдері орындалмай тоқтатыла тұрады.
Кім банкрот бола алады?
Кімдер соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алады? Заң жобасында бұл былай түсіндіріледі: «Берешегі 100 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын мөлшерді құрайтын борышкер егер орындау мерзімі басталған күннен бастап 12 ай ішінде кредиторлар алдындағы міндеттеме орындамаса, өтініш береді. Сонымен қатар берешегі кемінде 100 еселенген және 1 600 еселенген АЕК-тен аспайтын мөлшерді құрайтын борышкер егер орындау мерзімі басталған күннен бастап 6 ай ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемені орындамаса, өтініш береді.
Сот банкроттығы процедурасының немесе соттан тыс банкроттық процедурасының аяқталғаны туралы хабарлама орналастырылған күннен бастап 5 жыл ішінде банктер және микроқаржылық ұйымдардың жеке тұлғаға несие беруіне тыйым салынбақ. М.Сұлтанғазиев банкрот деп танылған адамдарды қаржыландыратын, несиелейтін қаржы ұйымдарына қандай жазалар қолданылуы мүмкін екенін де айтты.
«Егер заңға сәйкес тіркелген банк немесе несиелеу мекемесі болса, әрине, реттеуші оған лицензияны тартып алуға дейін талаптар қояды. Себебі заңмен бес жылдық мерзім белгіленеді. Басқалары банкрот болған азаматтарға несие бере отырып, тәуекелге барады. Біріншіден, бұл заңсыз кәсіпкерлік қызмет, ол үшін жауапкершілік қарастырылған, тиісінше, бұл үлкен тәуекел. Мекеме осындай қарызды қайтару бойынша жауапкершілікті мойнына алады. Егер оған қарыз қайтарылмаса, оны сот органдары арқылы өндіріп алу мүмкін болмайды», деп ескертті спикер.
Анықтап өтейік, азамат соттан тыс банкроттық процедурасын 7 жыл ішінде қайта пайдалана алады. Бірақ мына жағдайлар бойынша бармақ басты, көз қысты әрекетке барса, онысы мемлекеттің қырағы назарынан тыс қалмақ емес. Мәселен, мүлікті немесе мүлік міндеттемесін жасырып қалса, басқа иелікке өткізіп жіберсе, құжаттаманы өз иелігінен шығарса не болмаса жойып жіберсе, бұл әрекеті үшін оған 2 мың АЕК (6,1 млн теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады.
Егер әдейі банкроттық жасап, сол арқылы несие жүктемесінен құтылуды ойласа және онысы әшкере болса, онда борышкер 1000 АЕК (3 млн теңгеден жоғары) айыппұл төлеуге мәжбүр. Айыппұл төлеуге шамасы жетпесе түзеу жұмысына жегіледі немесе бір жыл абақтыға қамалады.
Азаматқа көмек – басты міндет
Заң жобасында жазылған тармақтардың бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес, әрі бұл біздің мақсат та емес. Сондағы көзге іліккен маңыздысы – төлем қабілетін қалпына келтіру жоспарының орындалу мерзімі. Бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келген азаматқа мынадай шаралар ұсынылады: міндеттемесін орындау мерзімі өзгереді, яғни төлем кейінге қалдырылады немесе бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі; қарыздың бір бөлігі кешірілуі мүмкін, мысалы, айыппұл, өсімпұл қарыздары; займды пайдаланғаны үшін сыйақының пайыздық ставкасы төмендетіледі; займды пайдаланудың жалпы мерзімі ұзартыла отырып қазіргі төлем мөлшері азайтылады.
Заңда сондай-ақ мүлік бөлігін сату немесе арендаға беру, үйді құны төмендеу үйге, автокөлікті құны төмендеу автокөлікке ауыстыру, борышкерді жұмысқа тұрғызу секілді талаптар да қарастырылған.
М.Сұлтанғазиевтың айтуынша, егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Вице-министр банкрот болған азаматтың әрі қарайғы еңбек белсенділігін жоғалтпауы үшін тиісті тармақтарды заңға енгіземіз деп отыр.
«Жеке тұлға банкрот деп танылған жағдайда, оның банк алдындағы қарызы толық кешіріледі. Банкке арызданғанда көрсеткен қарыздар толық жойылады. Оның шетелге шығуына тыйым салу сот орындаушылардың шешімімен белгіленеді. Бұл шектеу қарызы, салықтық берешегі болған жағдайда қойылады. Банкрот болып жарияланған адам қарызын өтемеген болып есептеледі. Бұл халықаралық практикада бар. Заңда қарастырылған. Дегенмен жеке тұлғаны экономикалық белсенділікке тартуымыз керек болғандықтан, ол шетелге жұмыспен бара жатса, сыртқа шығып табыс көздерін тауып жатса, ондай мүмкіншілік беруге болады. Оны талқылаймыз», деді Қаржы вице-министрі.
Түйін
Заң жобасын ұйымдастырушылар банкрот болғысы келетін, әрі бұл ниеті жағдайына толық сай болып тұрған жанның өзін құтқарып қалуға мейлінше тырысқан секілді. Яғни оның екі қолына бір күрек тауып беруге көмектесуі, дүние-мүлкін әлгіндей әдіспен болсын сақтауға амал қылуы – осының айғағы. Банкрот болу арқылы жеке тұлға банк алдындағы берешегінен құтылады. Бірақ содан кейін алдынан шығатын қаншама шектеуге тұтылады. Демек бұл несие жүктемесінен ада болудың айрықша жолы емес. Бұл бар болғаны ептеп-септеп қарыздан ажыраудың әдісі ғана. Сондықтан заң жобасын ұсынушылар бірінші кезекте жеке тұлғаның табысын көбейтуге, сол арқылы берешегінен құтылуына жағдай жасай алса, бұл Үкіметтің жеңісі болмақ.