«Алаш зиялыларының әдістемелік мұраларын «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен сабақтастыру – ұлттық мектептің темірқазығы». Дәл осындай тақырып аясында елордадағы Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында қалалық семинар өтті.
Профессор, әдіскер ғалым Нұрша Оразахынованың төл технологиясының негізінде ұйымдастырылған іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы, Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова бастаған бір топ тіл жанашырлары қатысты. Семинар барысында отандық технологияның зертханасын республикалық деңгейде жандандыру мәселесі жан-жақты талқыланды. Жиында Еуразия гуманитарлық институты қазақ және орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Л.Дәуренбекова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» қызметкері Ж.Ысқақова, «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» зертханасының аға ғылыми қызметкері Г.Кенжебаева, осы зертхананың ғылыми қызметкері Ә.Құлмағанбет, Білім беруді жаңғырту орталығы басшысының орынбасарлары С.Дауешова мен Д.Байтасов білім беру үрдісіндегі «Сатылай кешенді оқытудың» маңыздылығы мен қажеттілігін айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Мәселен, №52 мектеп-гимназиясының директоры Ұлбосын Байтасова «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша білім алып жүрген бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, өзге де пәндер бойынша үнемі үздіктердің қатарында көрініп келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Мұны семинар барысында әрбір дыбыс пен сөзге, сөйлемге лексикалық, грамматикалық, сөзжасамдық талдау жасап берген мектеп оқушылары нақты дәлелдеп берді.
Бүгінде төл технология қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, барлық пәндерге қарқынды түрде енгізіліп келеді. «Сатылай кешенді талдауда» баланы ойланта отырып есте сақтау, есте сақтау арқылы қиялдату және қиялдату арқылы логикалық тұрақтылықты қалыптастыратын өзіндік форма айқын көрінеді. Технология авторы Н.Оразахынова Алаш арыстарының мұраларын жаңғырта отырып, жасаған төл технологияның тарихына қысқаша тоқтала келіп, білім беру жүйесіндегі әдіс және әдіснама жөніндегі, пікірлерін ортаға салды. Профессордың шәкірттерінің бірі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы оқушылардың біліміне тәнті болғанын айтып: «Бұл оқушыларды филология факультетіне емтихансыз қабылдар едім», деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Л.Дәуренбекова қазіргі таңда тіл білімі салалары бойынша жаңартылған білім беру мазмұнында грамматиканы жеңіл үйрету керек деген пікірдің кереғар тұстары бар екенін, бұл технология арқылы грамматиканы терең үйретуге болатынын айтты. «Себебі пән олимпиадасында оқушылар үшінші тапсырма – грамматикалық талдауларды орындауда көп қателік жібереді. Сондықтан «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын білім беру процесінде қолдануды қажет», дейді ол.
Ал Мәжіліс депутаты М.Тәжмағамбетова ана тілі арқылы тарихын, әдебиетін терең ұғынып, мазмұны мен тілдік құрылымын еркін талдап тұрған балдырғандардың болашағы жарқын боларына сенім білдірді. «Еліміздің білім беру жүйесіндегі олқылықтарды сөз еткенде, ұлттық құндылықтарға негізделген заманауи оқу-тәрбие үрдісінің жоқтығы анық байқалады. Білім беру бағдарламалары, оқулықтар, мұғалім сапасы өзекті мәселеге айналғаны қашан? Мемлекеттік тілді дамытуда дайын тұрған осындай кешенді жобалар мемлекет назарынан тыс қалмауға тиіс. Бүгін біз тілдері анық, өлеңді мәнерлеп оқып тұрған балақайлардың бойынан тілге деген құрметті, ерік-жігер мен батылдықты көрдік. Себебі олар бірінші сыныптан бастап Алаш зиялылары А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Т.Шонанұлының педагогика, психология, әдістеме саласындағы ой-тұжырымдарын бойына сіңіріп келеді. Бұл ретте осы технологияның балалар үшін таптырмас қазына екенін сезініп, қолданыста игілігін көріп отырған мектеп ұжымы білім сапасы жағынан әлдеқайда ұтып отыр», деп атап өтті депутат. Ол тіл тазалығы, баланың ойлау жүйесі мен рухани танымдық қасиетін дамытып, ұлттық құндылықтарды ұғынуда төл технологияны жаппай қолданысқа енгізу уақыттың сұранысына сәйкес келетінін айтып, осыған қатысты ұсыныстарды Білім және ғылым министрлігіне жолдайтынын жеткізді.