ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстанда салынуы мүмкін АЭС-тің орны туралы пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz.
Вице-министрдің айтуынша, әзірге салынуы мүмкін атом стансасының құрылыс алаңы, стансаның көлемі мен мөлшері әлі анықталмаған.
«Атом электр стансасын салатын алаң таңдап алынған жоқ. Салу мәселесі қаралып жатыр. Жүргізілген есептер Қазақстанның экологиялық кодексте қойылған міндеттерге қол жетікізуі үшін сыртқа қалдық тастамайтын жаңа генерация салу қажеттігін көрсетті. Біздегі генерациялаудың негізгі бөлігі совет уақытында салынған. Жаңа салынғандары сондай көп емес. Сондықтан стансалардың ескіру проблемасы бар. Яғни жаңа генерациялар алу қажет. Көмірсутексіз генерацияға осы атом стансасы жатады. Сондықтан атом стансасын салу мәселесі қаралып отыр», деді Жандос Нұрмағанбетов.
Сондай-ақ вице-министр АЭС салуға байланысты нақты шешім биыл қабылдануы керек екенін айтты.