• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 17 Ақпан, 2022

«Путинге қарыз боп қалдық» деген бос әңгіме – Тоқаев

2571 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін елге шақырғанына өкінбейтінін тіліне тиек етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды.  

Кейбір беделді сарапшылардың айтуынша, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған. Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы  басып алуға әрекеттенген еді. 

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атқан жоқ. Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды. Осы кезде біздің күштік құрылымдар іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды. Арамызда тек тығыз байланыс пен үйлесім болды» деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ел ішінде айтылып жүрген «Путинге қарыз болды» деген сөздің бос әңгіме екенін тіліне тиек етті.

«Ал енді «Путинге қарыз боп қалдық» дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті В.Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан да – осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Сондықтан, бәрі – заңды, қисынды. 

Ресейге келсек, бұл алпауыт ел өзінің геосаяси мүддесін де қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы Ресейге өте қажет. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктестер. Арамызда шынайы достық пен өзара сенім болуы керек. Басқа саясат ұстансақ, екі елдің стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіреміз. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емеспіз. Қазақстан – егемен мемлекет. Сондықтан саясатымыз да дербес», деді Президент өз ойын түйіндеп.