Франция халықаралық терроризмге қарсы «Такуба» операциясына қатысушы одақтастарымен бірлесіп Малидегі әскерді қайтаратынын хабарлады. Бұған аймақ басшыларымен туындаған келіспеушіліктер себеп, дейді Франция үкіметі.
Жақында Франция президенті Эммануэль Макрон Елисей сарайында Еуропа мен Африка елдерінің басшыларын қабылдады. Кездесу қорытындысы бойынша, Малидегі жиі ауысатын басшылықтың Еуропа әскеріне кедергі жасап отырғаны мәлім болды. Жедел және құқықтық шарттар әскери операцияны тиімді жалғастыруға кедергі келтіріп отырғандықтан, терроризммен күресті тоқтатуға уағдаласты.
Елисей сарайында жарияланған мәлімдемеде «Жиі ауысатын жергілікті биліктің тосқауылдары себебінен «Бархан» мен «Такуба» операцияларына қатысушы Канада мен еуропалық мемлекеттер саяси, жедел, құқықтық шарттар бойынша Малидегі жағдайды түзеу мүмкін болмай тұр. Сондықтан әскер мен әскери техниканы шығарудың бірлескен жолын іздеуді бастаймыз деп шешім қабылдадық» делінген.
Алайда француз әскері мен одақтастары Сахел аймағындағы содырлармен күресті жалғастыра бермек. Аталған аудандағы іс-қимылдың әрі қарайғы жоспары биыл маусымда анықталмақ. Қазірдің өзінде Франция үкіметінде 2023 жылға қарай Сахелдегі әскер санын 5 мыңнан 2,5-3 мыңға дейін қысқарту туралы мәселе талқылануда. Ал «Такуба» операциясына 600-900-дей француз жауынгері қатысып жатыр. Олардың қатарында медицина қызметкерлері мен логистикамен айналысатын мамандар да бар. Елисей сарайының хабарлауынша, әскер шығарылғанымен, Батыс Африка мемлекеттерін қолдау аясы кеңейтілмек.
Еуропа одағы «Жаһандық портал» бағдарламасы аясында Африка елдеріне 20 млрд еуродан астам қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды бастап кетті. Аталған бағдарлама аймақта Қытай әсерінің алдын алуға бағытталған. Еуропа комиссиясы да Африка елдеріндегі инфрақұрылымды жақсартуға 150 млрд еуро бөлетінін мәлімдеді.
Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан әскерді қайтару сияқты әрекетке Ресейден жалданған әскердің келуі мәжбүрлегенін жеткізді. Министрдің айтуынша, аймаққа «Вагнер тобы» деп аталатын жеке әскери компанияның өкілдері келген.
Алайда Эммануэль Макрон мен Владимир Путин сөйлескенде Ресей үкіметінің Малиде жұмыс істеп жатқан компанияларға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Францияда өткен келіссөзде Еуропа одағына мүше елдердің барлығы бірдей ортақ қарарға келіспеді. Кейбір мемлекеттер миссия толықтай орындалмағанын, аймақтағы мәселе шешілмегенін айтып, қайта қарастыру нұсқасын ұсынды. Мәселен, Испания Сыртқы істер министрі Жозе Мануель Альбарес аймақта Еуропаның қолдауына тәуелді мәселелер әлі де барын айтты. Осы ретте операцияға Испания әскері ең көп жауынгер аттандырғанын еске салып өткен жөн.
Мали билігінің тосқауылдары аймақта әл-Каида, ДАИШ сынды террористік топтың қанат жаюына әкелген көрінеді. Министрлер үкіметтің сәтсіз шешімдері радикалды топтарға вакуум жасап беріп жатқанын хабарлады. Бұған Малиден бөлек Буркина Фасо мен Гвинеяда да әскери әрекеттердің көбеюі дәлел.
Испания Сыртқы істер министрі «Испания Еуропа одағына дауысын естіртуге тырысады. Бізді Малиге алып келген тұрақсыздық пен жихадизм аймақта әлі де бар екеніне сенімдіміз. Сондықтан миссияны тоқтату орынсыз болып тұр» деді.
Тарихи шегініс жасар болсақ, Малиде қақтығыстардың өршуіне байланысты 2013 жылы Еуропа одағына мүше елдер өз әскерін жіберу шешімін қабылдаған-ды. Содан бері 9 жыл бойы бірқатар еуропалық әскер аймақтағы терроризмді жоюға белсенді араласып келеді. Еуропа елдерінің президенттері операцияны тоқтату арқылы Ауғанстандағыдай хаостың алдын алуға мүмкіндік береді деген ойда.