Режиссер Фархат Шәріповтің «Схема» атты фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде Гран-приді ұтып алды.
Қазақстандық фильм бұл байқауға Generation (балалар және жасөспірімдер туралы фильмдер) бағдарламасы бойынша қатысты. Жүлде фильм режиссеріне тапсырылды. «Түсірілім тобына маған деген сенімі мен еңбегі үшін алғыс айтамын. Одан бөлек фильмге түскен жас әртістерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Берлиндегі командаға және бізді шақырғаны үшін рахмет. Байқауға қатысқанымызға қуаныштымын. Жасөспірімдер туралы кино жастарға арналған», дейді режиссер.
Кинотуынды кастингке келген жасөспірімдердің ашық әңгімесі негізінде түсірілген. Түсірілім жұмыстары 2020 жылдың күзінде Алматыда басталған. Басты рөлдерде Виктория Романова мен Таир Свинцов ойнайды. Қоюшы оператор Александр Плотников, қоюшы суретші Алексей Шиндин, ал продюсері Дина Жұмабек.
Айта кетейік, Фархат Шәріповтің еркін айтылмайтын тақырыпты қолға алуы бірінші рет емес. «Схема» фильмін Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қатысуымен Medeor кинокомпаниясы түсірген.