Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының сарапшылары адам өміріне кері әсер ететін қауіп-қатерлерді атады, деп жазады Egemen.kz.
БҰҰ-ның айтуы бойынша, адамзатқа төніп тұрған басты қауіптердің қатарына ауқымды орман өрттері мен ауаның шектен тыс ластануы жатады. Мамандар бұл құбылыстардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға айтарлықтай кері әсер ететіндігін тағы да атап өтті.
«2002 жылдан 2016 жылға дейін әлемде жыл сайын орта есеппен 423 миллион гектар орман өртенді. Мамандардың зерттеуінше, өрттің шамамен 67%-ы Африка елдеріне тиесілі. Алайда, ЮНЕП-тің зерттеуінше табиғи апаттар жылдан жылға бұрын мүлде болмаған аймақтарда жиі болады», деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ баяндамада қалалардағы ауаның шектен тыс ластануына назар аударылған. Сарапшылардың пікірінше, жағымсыз әрі ұзаққа созылған қатты дыбыстар адам денсаулығына кері әсер етеді. Созылмалы дене тітіркенуі мен ұйқының бұзылуын тудырады. Бұл өз кезегінде жүрек-қан тамырлары ауруларына, психиканың, есту қабілетінің бұзылуына әкеледі.
Еуропа елдерінде осындай жағдайлардың кесірінен жыл сайын 12 мың тұрғын қайтыс болады.
Тоғанбек Аяна,ЕҰУ 4 курс студенті