Қарбаласқа толы 2022 жыл соңғы отыз жылда тұйықталып қалған мәселелердің түйінін тарқатты. Қақаған қаңтарда қатқыл ойларын ашық айта бастаған қарапайым халық қымбатшылық пен жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық пен жалақының төмендігі сияқты мәселелерді көтерді. «Халық айтса, қалып айтпайтынын» түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үсті-үстіне үндеулер жасап, экономикалық дамуға бағытталған бағдарламаларын жариялады. Арнайы мемлекеттік комиссиялар құрылып, белгілі бір уақыт шеңберіне дейін өз жұмыстарының нәтижелерін көрсететін тапсырмалар алды.
Мемлекет басшысы ұсынған тапсырмалардың ең маңыздыларының бірі – білім беру жүйесін реформалау. Президенттің алдағы жылдары «Қазақстанда бес шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылсын» деген нақты тапсырмасына сәйкес ақпарат құралдарында, ғалымдардың арасында түрлі талқылаулар болып жатыр. Елдегі білім саласының дамуын, техникалық жағынан нығаюын арттыру үшін жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікке жол ашу қажет.
Алдағы «2025 жылға дейін Қазақстанда кем дегенде танымал бес университеттің филиалы ашылуы тиіс. Оның екеуі Батыс өңірде орналасқаны жөн», деді Қ.Тоқаев. Бұл ретте үш техникалық жоғары оқу орнын ашсақ та үлкен жетістік болар еді, қалған екі оқу орнының біреуі ауыл шаруашылығы бойынша, екіншісі медициналық оқу орны болса деген ұсыныс және бар. Еліміздегі тұралап қалған бұл салаларды да қосымша дамыту бүгінгі таңда заман талабы болып отыр.
Екі техникалық жоғары оқу орны батыста орналасқан төрт облыстан сұранысқа қарай ашылсын делік. Бір техникалық жоғары оқу орны «Жеңіл және тамақ өнеркәсібі немесе Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі» бағытында Түркістан, Жамбыл, Шымкент аймақтарының қалыптасқан сұранысына сай ашылса екен. Себебі Жамбыл облысында бұрыннан материалдық-техникалық ғылыми базасы қалыптасқан Жамбыл жеңіл және тоқыма өнеркәсібі институты болған. Әрі облыста тері өңдейтін зауыттар мен одан дайын бұйым жасайтын фабрикалар, кішігірім цехтар осы күндері жұмыс істейді. Төрт түліктен алынатын жүн талшығынан дайын бұйым жасайтын зауыттардың да басым бөлігі Жамбылда орналасқан.
Шымкент қаласында соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған тоқыма фабрикалары жұмыс істеп тұр. Оның үстіне М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі» факультетінде 2 мыңға тарта студент білім алуда. Қаладағы тоқыма фабрикаларының кеңеюіне байланысты болашақта бұл саланың мамандарын қажет ететіні сөзсіз.
Түркістан облысында халық тығыз орналасқан, туу көрсеткіші өте жоғары, халықтың тұтыну қажеттілігі күн өскен сайын ұлғаюда. Климаттық жағдайы көршілес Өзбекстанмен бірдей болғандықтан, шитті-мақта талшығы елімізде Түркістан облысында ғана егіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің шитті-мақтаға берілетін субсидияны азайтудың себебінен жыл сайынғы өнім көрсеткіші төмендеуде. Бұған негізгі факторлар суармалы жерлердің азаюы, топырақтың құнарсыздануы, шаруалардың сұранысқа сай басқа да дақылдарды егуінде. Биыл елімізде 320 мың тоннаға жуық шитті-мақта жиналды. Орташа өнімділік гектарына 25 центнерді құрады. Бұл өнім көрсеткіші – аз да болса отандық ғылымның жетістігі.
Жоғарыда аталған мәселелерді ескере келе, жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығынан «Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі немесе Жеңіл және тамақ өнеркәсібі» университетін неге ашпасқа? Себебі мұнда бай тәжірибе, шикізат, ғылыми әлеует бар. Халықтың өнімді тұтыну көрсеткіші өте жоғары. Елімізде ішкі өндірілетін азық-түлік өнімдерінің 57%-ы осы оңтүстік облыстарға тән.
Шитті-мақта мен табиғи жүннен, химиялық талшықтардан, теріден дайын бұйым жасап, оны экспортқа шығару ел экономикасына қыруар пайда әкелері сөзсіз. Ал шикізат күйінде сату елді прогреске әкелмейді. Азық-түлік өнімдері де дәл солай. Елімізге аса қажет болғандықтан өзімізде технар мамандар даярлап, шикізатты өзімізде өңдеп нарыққа шығарар болсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Адам баласы тәуліктің 24 сағатының кемі 15 сағатында киім киеді, күніне төрт-бес мәрте тамақтанады. Бұл екі үрдіс – адамзат баласы жаратылғалы тоқтамай келе жатқан дүние. «Адам көркі – шүберек» дегендей үстімізге киіп жүрген киімнің сапасына мән бермейміз, керісінше сәніне ғана қараймыз. Сол киімнің матасы қандай, қайда тоқылған, қайда тігілген – бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Сонымен қатар ауру астан келетінін де ұмытпаған жөн. Құрамы табиғи калорияға бай, адам денсаулығына зиянсыз азық-түлікті тұтыну да бара-бара қол жетпес арман болып барады. Сапасыз дайындалған астан уланудың нәтижесінде адамзаттың денсаулығы күн сайын төмендеуде.
Аталған мәселелер бойынша үкіметтік деңгейде мемлекеттік комиссия жедел түрде құрылып, құрамына ғалым, өндіріс пен жаңа технологияны білетін мамандар енсе екен. Алдағы 2022-2023 оқу жылында жоғарыда аталған техникалық оқу орны ашылар болса, атқарылған жұмыстардың нәтижесі жарқырай көрінер еді. Еліміздің дамуына бағытталған істердің қайыры көп болғай.
Сүндет КӘРІМОВ