• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Ақпан, 2022

Синофобиялық көзқарастардың әсері мен салдары

1288 рет
көрсетілді

Синофобия –антиқытайлық көңіл күйді білдіретін термин. Яғни бұл – Қытайға қатысты барлық нәрсеге үреймен, күдікпен қарау түсініктерінің жиынтық ұғымы. Қытайға бұндай көзқараспен қарау қоғамда шиеленістердің туындауына, діни және ұлттық тұрғыдан бөлшектеуге әкелетін жағымсыз жайттардың пайда болуына себеп болады. Синофобия қазір жаһандық трендке айналуда. Дегенмен бұл үрдіс – Қытайға географиялық тұрғыда жақын орналасқан елдер мен Қытайдың инвестициялық белсенділігі кеңінен тараған елдерге тән құбылыс болып отыр. Әсіресе бұл Қытаймен шекаралас жатқан Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінде жиі кездеседі. Сондай-ақ синофобия үрдісі Батыс әлемінің кейбір елдерінде де, яғни Аустралия мен Канадада, Ресей мен Түркияда көрініс береді.

Синофобия кең тараған елдер қатарына Оңтүстік-Шығыс Азия елдері: Сингапур, Малайзия, Вьетнам, Лаос, Таиланд, Ин­до­незия және т.б. жатады. Синофобия со­нымен қатар қытай этносы тығыз ор­наласқан диаспоралар тұрып жатқан жер­лерде көптеп кездеседі. Қытай қаупі Қы­тай­дан тыс жерлердегі қытайлық миг­­ра­цияның ұлғаюына деген үрейден де туындап отырады. Сондай-ақ мұның туын­­дау себептеріне коммунистік партия басқаратын Қытай билігіне деген шетел­діктердің жеккөрушілік пен түсін­беу­шілік пиғылдарын да айтуға бола­ды, әсі­ре­се бұл үрдіс Батыс елдерінде ай­қын бай­қалады, оған өткен уақыттарда бол­ған кейбір тарихи реніш-өкпелер, эко­но­ми­калық бәсекелестік пен экспансиялар, Бейжіңнің өзіне жақын тартқан елдеріне жомарттықпен үйіп төгіп салып жатқан инвестициялар қаупі себеп болып отырғаны бел­гілі.

Қытай – біздің ел үшін сыртқы саяси және экономикалық саясатымыздағы бас­ты әріптес. Тәуелсіздік жылдарынан бері екі ел арасындағы жан-жақты байланыс­тар қарқынды дамып келеді. Осы жылдар ішінде бірқатар ауқымды экономикалық жо­ба іске асырылды, сауда-экономи­ка­лық байланыстар жыл сайын дамуда. Екі ел арасындағы индустриялық-иннова­ция­лық ынтымақтастық бағытын­дағы бағ­дарламалар біртіндеп іске асырылып жатыр. Осы бағдарлама аясында Қазақстанға құны 28 млрд доллар болатын 51 жаңа жобаны әкелу туралы келісім нәти­же­ле­рі жүзеге асырылып келеді. Олар­дың бірқатары іске қосылып, өнді­ріс­тік да­муы­мы­зға өз үлесін қосуда.

Қазіргі таңда әлемнің әр түкпіріндегі қа­лыптасып отырған оқиғаларды бағам­дау­да, оған нақты сараптама жасауда халықаралық қатынастардың белгілі бір тә­жіри­бесі жинақталған кезеңде өткен та­рихи оқиғалаларды терең зерделеу аса қа­жет болып отыр.

Әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайлар, алпауыт мемлекеттер ара­сындағы бәсекелестік күрес ұлт­тық мем­лекеттердің болашағына ғана емес, соны­мен қатар барша адамзаттың бола­ша­ғына деген сеніміне селкеу түсіріп отыр­ғаны, әлемге үстемдігін әртүрлі жол­дар­мен іске асыруға ұмтылған алыптар арасындағы бәсекелестік күрес за­ма­­нында Қытайдың болашаққа сенімді аяқ басуы бір жағынан жарқын үміт ұя­лат­са, екінші жағынан қауіп тудыруда. Сондықтан бүгінгі таңда әлемде Қытайдың модернизациясына, үдемелі дамуына баға беретін қытайлық көзқарастағылар және оған үреймен қарайтын теріс көз­қа­рас­та­ғылар тарапынан осы мәселе жө­нін­де көптеген жан-жақты зерттеу жүр­гізіліп келеді. Қытайлық тәжірибе бар­ша­ға қы­зық­ты, алайда дамудың негізі рет­інде еуро­центрис­тік амал орнына қытай­центрис­тік көрі­ністі қабылдауға әлемдік қоғам­дастық әлі мүлдем дайын еместігі белгілі.

2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «XXI ғасырдағы Теңіз Жібек жолы» стратегиясына кіретін «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын бастамасын алғаш рет Қазақстанда Назарбаев Университетте сөйлеген сөзінде ұсынды. Осы уақыттан бері бұл стратегиялық жо­баға 140-тан астам мемлекет пен ай­мақ­ назар аударып, оған қатысуға ниет білдіруде. Біздің еліміз де бұл стратегия­ны іске асыруда өз мүмкіндіктерін ұтым­ды пай­далануға ұмтылыс танытып отыр. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стра­те­­гия­сына кіретін «Жібек жолының эко­номикалық белдеуі» және «XXI ға­сыр­дағы Теңіз Жібек жолы» сияқты бастамалары өзге мемлекеттердің экономика­сы мен әлеуметтік дамуына қажетті жаңа инфрақұрылымдар мен өндірістік кәсіп­оры­ндарын ашуға мүм­кін­дік береді. Қы­тайдың жаңа заманауи технологияла­рын, құрал-саймандарын, қаражатын, ең­бек күшін пайдалану арқылы әркім өз елдерінің экономикасын дамытуға, ішкі мәселелерін шешуге мүмкіндік алады. Ал бұл үдеріс Қытайдың да тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы орайда Қазақстан көрші мемлекеттің мүмкіншіліктерін ұтымды пайдалана оты­рып, индустриялық-инновациялық да­муымыздың мақсаттарымен ұштастыру арқылы еліміздің аумағында жаңа кә­сіп­орын­дар ашу мен өндірілген өнімді Қы­тайға шығару арқылы екіжақты эконо­ми­калық қатынастарды және инвести­ция­лық ынтымақтастықты ілгерілетуіне мүмкіндік алары сөзсіз.

Елімізде соңғы жылдары (пандемияға байланысты орын алған карантинге де­йін­гі) ішінде ет, бал, ұн сияқты дайын өнімдерді Қытай нарығына шығаруға ба­ғытталған кешенді жұмыс жүргізіліп келді. Каран­тиндік-ветеринарлық талап­тар­ға қатысты рұқсат алынған жағдайда, отандық өнім қытайлық тұтынушы­ларға жетуде. Қытайға жыл сайын мыңдаған тонна астық экспортталып келді. Осы орайда «Қытай халқының демографиялық өсімі ұлан-байтақ жері бар, бірақ халық саны аз Қазақстанға қауіп төндірмей ме?» деген сұрақ халықтың көкейінде тұратыны шындық. Ел ішінде Қытайға қатысты неше түрлі фобия бар. «Қытайлар бізді ха­лық санымен-ақ жаулап алады», «алып елдің экономикасы дамыған сайын біздің эко­номика құлдырайды», «салған инвестиция­лары мен берген несиелері өскен сайын тә­уелсіздігімізге қауіп күшейеді», деген пі­кірлер жиі айтылады.

«Қазақстандағы қытайлықтарды жек көру немесе синофобия көңіл ауанының түп төркіні қайда жатыр?» деген сұрақ отандық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жатады. Бұның бір себебі ғасырлар бойы көрші жатқан ел болғандықтан, тарихи түрлі байланыс­тар кезеңінде этникалық ксенофобия ре­тін­де қоғамдық санаға жасанды түрде әдейі енгізілу мүмкіндігін де ескеруіміз керек. Бірақ өткен тарихи кезеңдерде, яғни жау­ласушы кезеңде енгізілген бұл ксе­но­фо­бия­ның салдары қалай болатынын бүгінгі ұрпақ ойлануы керек.

Синофобия – бұл мәні жағынан ал­ған­да, ксенофобияның бір түрі, яғни бір нәр­сенің немесе бөтен біреудің әртүрлі өзгешеліктеріне байланысты (терісінің түсіне, ұлтына, т.б. белгілеріне қарай) жек көру немесе ұнатпауды білдіреді. Осының жарқын мысалы ретінде АҚШ-тағы ұзақ уақыт бойы қара нәсілділерге қатысты дискриминациялық саясаттың орын алуын айтуға болады. Сол АҚШ-тың өзінде қазіргі күнде миллиондаған қытайлық мекен етеді. Америкалықтар ара­сында да анда-санда болсын синофобия үрдісі көрініс беріп тұратынын жоққа шығармаймыз. Тіпті көрші Ресей елінде де синофобиялық көзқарастың жиі к­ө­рі­ніс беріп отырғанын БАҚ материал­да­ры­нан көріп жүрміз. Яғни түрлі елдерде бұл көзқарас әртүрлі сипатта кө­рініс табады. Қазақстандағы синофобия Батыс елдеріндегі қазіргі жағдайдан мүл­дем өзгеше.

Қазақстандағы антиқытайлық көңіл күй­дің өршуін әлемдегі саяси және эко­но­­микалық белсенділіктің Батыстан Шы­­ғысқа, соның ішінде Азияға ауыса бас­­та­­ғанымен, Қазақстанның транзит­тік маңыздылығымен түсіндіруге болады. Қытай – Батыс елдерінің ең бірінші бәсе­келесі. ШЫҰ-ның кеңеюі, БРИКС (Бра­зилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оң­түс­ік Африка Республикасы) елдерінің саяси салмағының артуы Батысты қатты алаңдатады. Батыс елдері Қазақ­стан­да­ғы синофобияны әдейілеп өршітуге ұм­ты­луда. Қазақ қоғамындағы антиқы­тай­лық көңіл күй күшейген сайын, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты қы­тайлық жоба құрдымға кетіп, қазақ-қы­тай қарым-қатынастары нашарлайды деп ойлайды. Трансұлттық корпорация көш­бас­шыларына Қазақстанның мүддесі керек емес, олар мол табыс табуды көздейді.

Сондымен қатар Қазақстандағы ан­ти­қы­тайлық көңіл күйдің басым бөлігі тө­мен­гі деңгейде, яғни халықтың тұрмыс­тық деңгейіндегі ашу-ыза сияқты түрде көбірек көрініс береді. Қазақстандағы қы­тайлық кәсіпорындардағы қытайлық жұ­мыс­шылар санының көптігі, олар­дың жалақыларының жергілікті жұ­мысшылардан көп болуы сияқты әлеу­мет­тік мәселелер бар. Соңғы жыл­дары біздің елмен көршілес аймақ Шың­жаң­да­ғы жағдайларға байланысты туындап отырған этникалық мәселелер де синофобияны өршітіп отырғаны шындық. Ал жоғары мемлекеттік деңгейде ондай жағдай болған емес, қайта екі ел арасында ынтымақтастық туралы сан алуан ке­лі­сімшарттарға қол қойылып, қарым-қатынас жақсы деңгейде өрістеуде. Мы­са­лы, «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы­ның экономикалық белдеуі», «Бір жол, бір белдеу» стратегиялық бағдар­ла­ма­ла­рының үйлесімділігін айтуға болады. Шыңжаңдағы бауырлас қазақтардың жағ­да­йына алаңдаушылық мәселесі дип­ло­матиялық жолдармен реттелуде.

Сондай-ақ екі ел арасындағы бай­ла­ныстардың қарқынды дамуы кезінде Қы­тайдың мемлекеттік ақпараттық кеңіс­ті­гі Қазақстанның жағымды имиджін қа­­лыптастырып, оның барынша дос ел екен­­дігін атап өтіп, екі елдің арасындағы бай­­ланыстардың жылдам, қарқынды да­муы­на назар аударып келді. Тіпті осы­ған мысал ретінде, ковид індетінен туын­дағ­ан алғашқы үрейлі кезеңде Қытай үкіметі Қазақстанға көмек қолын созып, гуманитарлық жәрдем ретінде дәрі-дәр­мек, медициналық құралдар мен маскаларды, тәжірибелі дәрігерлерін көмекке жібергені белгілі.

ҚХР өкіметінің Қазақстандағы сино­фо­бияның көрініс беруіне әзірше ресми түр­де қатты наразылық танытып, аса көңіл бөлмей отырғанына жайбарақаттық танытуға болмайды, оның экономикалық та, саяси да салдарының болу мүмкіндігін есте ұстау керек. Қытай билігінің біз­дің елдің инвестициялық ахуалына, биз­нес­тік тартымдылығына ықпал етіп, қытай­лық инвесторлардың ынтасына теріс әсер ету мүмкіндігін ескеруіміз қажет. Ин­вес­торлар өздеріне қауіп төнуі мүмкін елге ақша салмайтыны белгілі. Сондықтан қытайлық инвесторларды үркітіп алу біздің экономикамызға тиім­сіз екенін есте сақтаған жөн. Осы тұста әлемдік індет кезіндегі карантиндік жағ­дай­ды сылтау етіп, қазақстандық тауар­лар­дың Қытайға өтуіне жиі-жиі тосқауыл қо­йылып отырғанына да назар аударуымыз қажет.

Бір жағынан, біздің билік тарапынан да елдегі синофобияны туғызуға себеп бол­ған жоғарыда аталған мәселелерге ерек­ше назар аударылып отырғанын білеміз, ресми арналар арқылы екі ел билігі бұл түйінді мәселелерді ушықтырмай шешуге мүдделілік танытып отыр. Мемлекеттер басшылары да орынсыз көңіл күйлерге бой алдырып, көрші мемлекетпен қатынасты тежеу дұрыс шешім болмайтынын жақсы түсінеді. Бүкіл шекарамыздың бойына тағы бір ұлы қорған тұрғызып, көрші мемлекеттен іргені аулақ сала алмаймыз ғой. Қайта Қытайдың даму барысына терең са­рап­тама жасау арқылы оның тиімді жақ­тарын ұтымды пайдалану өзімізге пайдалы болмақ.

Ал енді «Қазақ-қытай қатынастары синофобияның кесірінен қандай зардапқа тап болуы мүмкін?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Өзіміз білетіндей, біздің бизнес сала­сын­­дағы орасан зор жоспарларымыз қы­тай на­рығына көп үміт артады. Біз қы­тай нары­ғына отандық азық-түлік өнім­дерін – ет пен астық өнімдерін көп­теп шығаруды ойластырудамыз. Оның үстіне қытайлық сұра­ныстың ауқымды көлемін ескере оты­рып, өзіміздің ауылшаруашылық сала­сын да­мыта түсуге мүмкіндік аламыз. Егер де біз екі елдің арасына сына қаға­тын синофобия сияқты әрекеттерді жал­ғас­ты­ра­тын болсақ, онда біз бұл мүм­кін­дік­терден айырылып қалуымыз ғажап емес. Қы­тайлық нарық мүмкіндігін ұтымды пай­далану үшін онымен бейбіт қаты­нас­тар­ды мықты ұстану ғана келешекте екі елдің бейбітшілікте болуына жол ашады. Тараптар арасындағы барыс-келіс, түрлі деңгейдегі байланыс­тарды дамыту, халықаралық қатынастар ережесіне сай паритет сақтау дұрыс жол болмақ.

Өзіміздің ең ұтымды тұстарымызды, яғни әлемнің екінші экономикасы атанған көршімізбен экономикалық тиімді байланыстарымызды қолдан шығарып алсақ, бұл дегеніміз барлық жетістікті жоққа шы­ғарумен тең. Қазақстан қытай хал­қының сатып алу қабілетінің жоғары дең­ге­йін ескере отырып, өзінің транзиттік орнын тиімді пайдаланып, қытайлық инвестицияны тартып, елдің экономикасына қажетті қытайлық технологияларды тарту ар­қылы жетістікке жетуге зор мүмкіндік бар. Сондықтан синофобия арқылы байла­ныс­тарымызға көлеңке түсіру еліміз үшін экономикалық тұрғыдан өте қажетсіз саясат болмақ.

Шыңжаңның өткен тарихындағы Қы­тай мен Ресейдің, Кеңес Одағының ондағы жүргізген саясаттарының тарихи сабағы тәуелсіз Қазақстанның Қытаймен, оның Шыңжаң өлкесімен байланыстарын қалыптастырып, оны болашақта одан әрі дамытуда маңызды болмақ. Қазақстан ҚХР-дың Шыңжаң өлкесімен шекаралас болғандықтан, бұл өлкедегі саяси тұрақтылық біздің еліміз үшін де аса маңызды. Шыңжаңдағы сепаратистік, террористік әрекеттер, бұл өлкенің өзі үшін де және онымен көршілес елдер үшін де қазіргі қалыптасқан жағдайда өте қауіпті. Орталық Азиядағы халықаралық қа­тынастардың қалыпты, бейбіт жағдайда, өзара түсіністік пен ынтымақтастық жағ­­дайында дамуы үшін, біздің респуб­ли­­камыз Қытай мемлекетімен арадағы қол қойылған келісімшарттар негізінде бір-бірінің мемлекеттік егемендігін, тер­рито­риялық тұтастығын сақтау прин­цип­терін құрметтей отырып, онымен тату көршілік қарым-қатынастарды дамытуды жақтайды. Шыңжаң өлкесімен ғасырлардан бері тарихи байланыстары жалғасып келе жатқан біздің еліміз, ондағы өмір сүріп жатқан бір миллионнан астам қандасымыздың тағдырымен санаса отырып, онымен экономикалық, мәдени, ғылыми-техникалық байланыс­тар­ды дамыту мақсатын көздейді. Бұл өлкемен дәстүрлі тарихи байланыстарды жалғастырумен қатар, жаңа заман­ның қарым-қатынастар саласындағы озық үлгілерін де қолдана отырып, кең ауқымдағы сан-салалы байланыстарды көпвекторлы сыртқы саясат прин­цип­і ауқы­мында дамытуға болады.

Қазақстандағы синофобияның өршуіне мүдделі сыртқы күштердің қитұрқы сая­сатына бой алдырмай, ғасырлар бойы қалыптасқан байланыстардың тек пайдалы тұстарын жаңғыртып, жаңа геосаяси жағдайдың талаптарын ескере оты­рып, әлемнің екінші экономикасы – алып Қытай­мен тату көршілік қатынасты сақ­тау­ға біз де, Қытай елі де мүдделі.

Қорытындылай келе айтарымыз, біздің мемлекетімізге де, Қытай мемлекетіне де әлемдік деңгейдегі ерекше екі мәдениетті, екі ірі континентті жалғастыратын алтын көпір болу міндеті жүктеліп отырғанын есте ұстауымыз қажет. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың мәселелеріне жайбарақат қарауға болмайды. Туындаған мәселелер болса, оны тез арада шешуге әрекет етуіміз керек, сол арқылы қазақ-қытай қарым-қа­тынастарына көлеңке түсіруі мүмкін жағ­дайлардан аулақ болуды мақсат етіп қою қажет. Тарихтан келе жатқан тәмсіл бойынша, «көршіні біз таңдамаймыз, ол тәңірдің сыйы» дегенді ұмытпауымыз керек.

Еліміз сыртқы саясатында көпвекторлы бағыт ұстанады. Оның принциптері бо­йынша әлемнің ірі алпауыт елдері – Ресей, Қытай және АҚШ мүдделері арасындағы тепе-теңдікті ұстану. Бүгінде біздің еліміз осы алып елдермен жақсы қарым-қатынас орната отырып, олардың ешқайсына ерекше артықшылықпен қарамауды көздейді.

 Нұржамал АЛДАБЕК,

тарих ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қытайтану кафедрасының профессоры