Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан әркім өзіне қажетті ақпарат тапқаны анық. Ашық та, астарлап та қаншама ой айтылды. Әлемнің ашкөздене ақпар күткенін қанағаттандыру үшін ақпараттық сұхбат алдымен БҰҰ-ның алты тілінің бірінде берілді. Қан жұтқан қазақтардың көңіліне демеу, ұлтымыздың ертеңіне сенім ұялататын салиқалы сұхбатта мемлекеттік тілде мемлекеттік мәселелер қозғалды.
Соңғы бір айда бүкіл қоғам рухани күйзелісті бастан кешірді. Бастысы, ел Тәуелсіздігі мен Тұрақтылығы сақталды. Оның құны қандай болғанын бәріміз білеміз. Мемлекет басшысы да адам, сондықтан оның қаңтар зарын жанымен, жүрегімен сезгені анық. Бірақ былайғы жұрт эмоцияға беріле алса, ел басқарушысында мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан алаңға ақкөңілмен шыққан аңқау елді пайдаланып, арам пиғылын іске асырмақ болғандарды тауып, жазасын беру – парыз. «Шаш пен басты» шатастыратындар да жазаланады.
Қазақстан Президентіне қоғамымызда қалдырылған «мұра» өте ауыр. Қазіргі уақыт – билікке сенім кредиті таусылған кезең. Бай мен кедей арасындағы байланыс қасқыр мен қой «достығындай» болған уақыт. Жемқорлық, жағымпаздық, өсек, өтірік – қоғамның іріңі шыққан дертіне айналған заман. Біздің ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының саяси, экономикалық, пандемиялық қысымнан жүйкесі масаның да ызыңын көтере алмай тұрғанда, бөрік астынан бөлтірік шауып, елдің есін шығарғанда ел басқару – үлкен жауапкершілік. Бұл жүкті тек бір адам алып жүре алатынына кешегі сұхбат тағы бір дәлел болды.
Мемлекеттік тіл Қазақстанда ұлтаралық тіл болады. Тек қазақ қазақпен емес, барша қазақстандықтар арасындағы қатынас тіліне айналады. Күні кеше өзім көріп, куә болған бес миллион ғана халқы бар Норвегияда қаншама ұлт өкілі тұрғанымен жергілікті тілді білмеген жанға нан табу қиын. Талап пен қажеттілік жоғалудың шақ алдында тұрған тілді осылайша қайта дамытты. Мұндай жетістіктің бізде де болатынына сұхбатта айтылған әңгіме сенім ұялатты.
Робиндранат Тагордың «Жаратушы алдында жамандық жасаған және одан жапа шеккен адам бірдей жауапты» деген сөзі бар. Яғни Қазақстанның Жаңа тарихында болған және болатын дүниелерге бәріміз бірдей жауаптымыз.
Мемлекет басшысы, өзіміз қызыға қарайтын, кейбіреулер чемоданын алып тұра қашқан өркениетті, дамыған мемлекеттер қатарына еліміздің де қосылуына әр қазақстандық белсене араласуы қажеттігіне екпін түсірді. Ол заң бәрімізге бірдей және бүкіл халық тек заңға бағынуы керек. Ол – білім мен еңбек. Ол – ұрланған қаражаттың Қазақстанға қайтып, ұлан-ғайыр еліміздің өркендеуіне жұмсалуы. Қазақстанның да өркениетті, бақуатты, бақытты елге айналуы үшін әрқайсымыздың бойымызды билеген үрей мен бойкүйездіктен тазартып, адами қасиеттерімізді – батылдық, ізгілік, адалдық, адамгершілік, ұлтжандылық, еңбекқорлығымызды күшейтуіміз керек. Халық санасы өзгерсе, билік те басқа болары анық.
Халықтың санасын өзгертетін негізгі күш – бұқаралық ақпарат құралдары. БАҚ халықтың бағын ашу, «Жаңа яки Әділетті Қазақстан» жасау жолында қызмет ету керек. Жайна Сламбектің жасқанбай жұрт көкейіндегі өткір сұрақтарды қойғаны, Мемлекет басшысының әр сұраққа мәймөңкелемей нақты жауап беруі сол өзіміз күткен өзгерістердің басталғанының айғағы. Ал Сіз дайынсыз ба? Осы сұрақты әрқайсымыз өзімізге қоюымыз керек.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Бас редакторлар клубының президенті