• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Ақпан, 2022

Сомалиде бомба жарылып, 13 адам қаза болды

226 рет
көрсетілді

Сенбіде терроршы өзін өзі жарып, соның кесірінен 13 тұрғын көз жұмды. Сомали орталығындағы Беледуэйн қаласындағы жарылыс ресторанда болған.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, тағы да 20 адам жарақаттанған. Қайтыс болғандар қатарында лауазымды тұлғалар да бар. Полиция жарылысты өзін өзі жарған содырдың қасақана ұйымдастырғанын растап отыр.

Жарылыс жауапкершілігін «әл-Шабаб» деген топ алып отыр. Олардың негізгі нысанасы мейрамханаға келген шенділер мен саясаткерлер болған.

Куәгерлер «Хассан Дииф» деп аталатын мейрамхана маңында түскі ас уақытында жарылыс болғанын айтады. Картаға назар салсақ, аталған рес­торан ашық алаңда орналасқан. «Бірнеше адамның мүрдесін көрдім, нақты санын санап үлгермедім. Өйткені ауруханаға алып баруға тырысқандар көп болды. Оқиға орны абыр-сабыр болып кетті. Қайтыс болғандардың арасында алаңда серуендеп жүріп, тамаққа тапсырыс беруге соққандар да болды», дейді қала тұрғыны Махад Осман.

Қалада алда жоспарланған парламенттік сайлау қарсаңында бақылау күшейген болатын. Оқиға сол күшейтілген сақтық шараларына қарамастан болып отыр. Оған қоса жарылыс болған Беледуэйн қаласы ел астанасы Могадишудан 340 шақырым жерде орналасқан.

Аудандарға жауапты полиция қызметкерлері де жапа шеккен. Полицияның хабарлауынша, екі қызметкер жараланған, біреуінің жағдайы ауыр.

Жоғарыда аты аталған «әл-Шабаб» террористік тобы кейінгі екі аптада тағы екі шабуыл ұйым­дастырған. Топтың «әл-Каидаға» қатысы бары, орта­лықтан «әл-Каида» басшылары тапсырма бере­тіні мәлім болды.

Жарылыс салдарынан қайтыс болғандар ішінде жақында өтетін Парламент сайла­уы­на қа­тысып жатқан үміткердің де болғаны анық­тал­ды. Сайлау 25 ақпанда аяқталуы тиіс-тін. Енді соңғы оқиға себебінен сайлау тағы да кейінге шегерілмек.