Ғаламшарды күл-қоқыс басып қалу қаупі төніп тұрғанын экологтер ғана емес, өрелі жұрттың бәрі мәселе етіп көтеріп келеді. Бұл проблема, әсіресе дамушы елдерде ушығып барады. Өйткені жер бетіндегі тұрмыстық қатты қалдықтың көп бөлігі экономикасы әлсіз мемлекеттердің үлесіне тиеді. Оның үстіне мұндай аймақтарда кез келген қоқыс түрін сұрыптау, қайта өңдеу мен экология талабына сай жою ісі тіптен кенже қалып отырған көрінеді.
Күл-қоқыс пен қатты қалдықтардың проблемасы елімізді де айналып өтпейді. Экологтердің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын 5 млн тоннаға жуық қажетсіз қалдық жиналады. Өкініштісі, ел аумағында қоқыс өңдейтін ірі зауыттардың болмауынан соншама көп қоқыстың 1 млн тоннасы ғана сұрыптаудан өтеді. Ал жыл сайын қайта өңделетін қатты қалдықтың мөлшері 13-15 мың тонна шамасында ғана. Демек, қалған қоқыс керексіз болып шашылып жатады немесе қазылған жерге көміледі деген сөз. Рас, бұл жерде елімізде қоқыс өңдеу өндірісі мүлдем жұмыс істемейді деген пікір тумауы керек, өндіріс бар, жұмыс істеуде. Бірақ Қазақстандағы қоқыс өңдеу көрсеткіші әлі күнге дейін 18,3 пайыздан аса алмай келеді. Бұйырса, 2030 жылдары ғана осы бағыттағы жетістік 40 пайызға жетуі тиіс.
Мәліметке сүйенсек, қазір тұрмыстық қалдықты көп шығаратын қаланың көш басында Алматы тұрған көрінеді. Мегаполис тұрғындары 2020 жылы ғана 414,4 мың тонна қоқыс тастаған. Яғни қоршаған ортаға осынша көлемде зиян келгені анық. Өйткені бүгінде Алматы маңында қоқыстың кез келген түрін қайта өңдеп, залалсыздандаратын зауыт жоқтың қасы. Есесіне, үлкен қаланың қалдығы Алматы облысының аумағындағы қоқыс полигондарына тасымалданып, аймақтағы экологиялық ахуалдың асқынуына әсер етіп отыр. Бұған облыстың өз ішіндегі қатты қалдықтардың көлемін қосқанда, өңірдегі қоқыс жинау мен қайта өңдеу ісінің дабыл қағарлық деңгейге жеткенін байқауға болады. Бір медет қылармыз, облыс аумағында экологиялық жағдай тұрақты сақталып отыр. Мамандардың зерттеуінше, былтыр аймақ бойынша атмосфералық ауа ластануының шекті мөлшеріне қойылған лимит 150 мың тонна шамасында болды. Ал ресми статистика 2021 жылғы қалдық шығарындыларының нақты есебі 39,3 мың тоннаны құрағанын көрсетіп отыр.
– Бүгінде облыста атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 4 автоматты стансада жүргізіледі. Әзірге атмосфералық ауаның жоғары ластану және экстремалды жоғары ластану жағдайлары анықталған жоқ. Біздің бақылауымыздағы су нысандарына 2021 жылы ластаушы заттар төгінділерінің нақты көлемі 60,4 мың тоннаны құрады, негізгі жылдық белгіленген лимит 325 мың тонна болатын. Сондай-ақ былтыр облыс аумағында 687 743 тонна өнеркәсіптік қалдық шоғыры пайда болды. Өнеркәсіптік қалдықтардың пайда болу көлемінің 193 624,3 тоннаға ұлғаюы «ТЭЦ-3» жылу электр орталығы мен «Текелі энергокешені» серіктестігіндегі электр және жылу энергиясын өндіру көлемінің артуына байланысты туындады, – дейді Алматы облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Батыржан Әбденов.
Қазір Алматы облысында жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 9 млн тоннаны құрайды екен. Жыл сайын бұл көрсеткіш 1млн тоннадан астам қоқыспен толығады деген болжам бар. Ал оның 440 мың тоннасы тек қана Алматы қаласының аумағынан тасымалданатын қоқыс түрлері болып отыр. Демек, осынша көлемдегі қоқысты жинақтау, сақтау қыруар қаржы мен арнайы орындарды қажет ететіні сөзсіз. Қазір облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтайтын 313 арнайы орын бар және де 14 қатты тұрмыстық қалдық полигоны жұмыс істеп тұр.
Айтпақшы, эколог мамандар дәл осы қарқынмен кете берсе, 2025 жылы қала маңы үлкен қоқыс қоймасына айналып, жиналған қалдық көлемі 12 млн тоннаға жетуі мүмкін деген болжам жасап қойыпты. Әрине, Алматы облысы бұл мәселені шешуге қадам жасап отырғанын айтуымыз керек. Бірер жыл бұрын Іле ауданы аумағында екі қоқыс өңдейтін зауыт салу жөнінде инвесторларымен келісім жасалып, «Вейст Энерджи Қазақстан» біріккен кәсіпорны құрылған. Қос зауыттың құрылысы аяқталған соң жылына 220 мың тоннаға дейін қоқыс өңдейтін кәсіпорын іске қосылмақ. Қазір Қапшағай қаласы мен Талғар қаласында қоқыс сұрыптайтын орталықтар жұмыс істеп тұр. Ал Еңбекшіқазақ ауданының аумағынан қоқыс полигонын салуға жер бөлініп, оған 1,7 млрд теңге қаржы жұмсалған болатын.
Алматы облысы