Мына бір асқақ болмыс, паң бітім, сырт келбеті сұсты болғанмен ішкі рухынан мейірім нұры төгіліп тұрған текті тұлғаның суретіне көзі түсіп кеткен кез келген адам оның өмірде жай адам болмағандығын бірден мөлшерлейтіні анық.
Кейде адамның дауысына, түр-тұлғасына, тіпті суретіне қарап-ақ оның парасат-пайымына, зейін-зердесіне, ішкі мәдениеті мен білім көкжиегіне бірден баға беруге болады.
Соңына өлмес өнеге, өшпес мұра қалдырып кеткен кесек тұлғалар аз болмаған. Оның ішінде түгел түркі әлеміне есімі әйгілі жандар да жетерлік. Бұл тізімнің бас жағында, әлбетте Әзербайжанның атақты қайраткер ұлы, алғаш мұнай өндірушілердің бірі, келешек ұрпаққа кемел болмысымен керемет үлгі бола білген Зейналабдин Тагиев тұрар еді.
Әрине, бақ-дәулет кез келген адамға оңайлықпен біте бермейді. Оған табанды еңбек, білім-білік, қажыр-қайрат керек. Тагиевтің табандылығы бұл жолда оны үлкен жетістіктерге жемісті жеткізеді.
Тагиев тағылымы туралы жалпы көп айтуға болады. Оның есепсіз еңбектерін түгел тізбелеп шыға алмаспыз, дегенмен бірер ұлағатын, ұрпақ игілігі үшін ұпайсыз жасаған жақсылықтарын жаза кеткеніміз жөн.
Осыдан бір жарым ғасыр бұрын бақылық бай-манап Зейналабдин өзі туған топыраққа апаратын тас жолды тамашалап жөндеуден, оны кеңейтіп салудан бастапты. Иә, қазақта да «туған жерге туыңды тік!» деген тамаша тағылымды сөз бар. Бірақ сол тәмсілді осы күні өз бейілімен орындап жатқан қалталыларды көп кездестіре бермейсіз...
Заманында біздің қазақ сахарасынан да шыққан атақты атымтай жомарт азаматтар жетерлік еді. Бірақ олардың бар дүние-мүлкін сол кездегі солақай саясат талан-таражға салып, өздерін атып-асып, ту-талақайларын шығарды. Біздің Маман – Тұрысбек, Ақайдың Қасендері сынды Тагиев те қайырымдылық істерге қыруар қаржы жұмсаған адам. Өнерлі жастарды Мәскеу, Қазан, Санкт-Петербург университеттеріне, Еуропа университеттеріне оқуға жібереді. Мектептер салдырып, зиялы қауымға материалдық көмек көрсетуді өзіне бұлжымас парыз санап өтіпті.
1883 жылы өз қаражатына драма театрының ғимаратын салдыртады. Алайда ол театр әлдекімдердің қастандығымен отқа оранып, түгелімен өртеніп кетіпті. Бірақ табанды Тагиев оны қайтадан салдыртуға қайыра қаражат бөлгізеді. Өзінің айтуынша байлық – ол ұлт руханиятына қызмет еткенде ғана қайырлы болмақ екен. Қажы Зейналабдин 1901 жылы Бакуде қыздарға арналған гимназия, кедей балаларға арналған мектеп-интернат та ашады. Айта берсек әзербайжандық қалталы да қайырымды жомарттың мұндай игі істері көп-ақ.
Әуелгі сөзімізде Тагиевті түгел түркіге ортақ тұлға деп өттік қой. Оның қазақ даласына да шашқан шарапаты аз емес. Бұл турасында филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлдың «Тагиев тағылымы» атты көлемді мақаласы бар. Ғалым аталған мақалада оның ғұмырбаянына, көзі тірісінде жасаған көп істеріне кеңінен тоқтала келіп, атақты Тагиевтің имани қасиеттерге толы қайырымдылық шапағатынан Алаш баласы да шет қалмағандығын, сол кезде жарық көріп, қаржылық қиындықтарға тап болған «Қазақстан» газетіне көмектесуін сұрап Тағиевке Шәңгерей Бөкейұлы Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйраұлын жібергендігін, хат жолдағандығын да жазады.
«Атымтай жомарттығымен ұлтының құрметіне бөленген дегдардың Еуразия кеңістігін қамтыған қайырымдылық көмегі ерекше тағылымға толы. Петербургтегі мешіт құрылысына 1 100, Қап тауы мен Дағыстан мешіттерін жөндеуге 5000, Баку зиратын абаттандыруға 5000, Астрахан мешітін қайта қалпына келтіруге 5000, Тегерандағы медресе құрылысына 55 000, «Саадат» мектебіне көмек ретінде 5000, жетім-жесір, ауру-сырқау жандарды қолдау мақсатында 8 500, коммерциялық училище мен мұсылман балаларының оқуына 50 000 сом (рубль) көлемінде демеушілік жасады.
Меценаттың қазақ топырағында 1911 жылдың 10 наурызынан 1913 жылдың 15 қарашасына дейін жарық көрген алғашқы ұлттық басылымдарының бірі «Қазақстан» газетіне сүйеу болудағы кесек мінезі сүйсіндіреді. Басылымды шығарудағы қаржы мәселесі тығырыққа тірелген кезде Зейнел-Ғабиден Тағиевке Шәңгерей Бөкейұлы Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйраұлын жіберіп, көмек қолын ұсынуды өтініп хат жолдайды.
«Шәңгерейдің Тағиевке өз қолынан хат жазып беріп жібергенін Ғұмар да сұлтанның алдында айтқан мәрсия жырында: Екі ауыз жазған сөзімен, Жер шетіне кеткен жан, Іздегені тап болмай, Мұңайып елге бос келмес, Бос келмеудің себебі: Түрлі жөнді білесің, Жөнін тауып лайықты, Сөздер жазып бересің. Жөнін тапқан жұмысты, Қайт етуге хош алмай, Нендей адам сескенбес, деп аңғартқан ғой», деп жазады.
«Қазақстан» газетін шығаруда Шәңгерей Бөкейұлы, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйраұлы (Бұйрин), Бақытжан Қаратаев, Ғұбайдолла Бердиевтер қайтпас қайсарлық танытты. «Ала ту Абылайдың ала аттансаң, Аламан артыңдағы біреуі мен» деп білген ғажайып өнер иесі Шәңгерей газетке қаржылай көмек берді, демеушілік жасады. Бүгінгі ұғымға жанастыра айтсақ, ел игілігі үшін қазақ топырағында Есенқұл қажы Маман, Ахмет ишан Оразай қатарында ұлттық меценанттықтың негізін қалады», дейді С.Жұмағұл.
Иә, шынымен ар жағы текті, қазақша айтқанда жілігінің майы толық манап Зейналабдин қай жағынан болсын келешек ұрпаққа, тіпті тұтас адамзатқа үлгі етерлік үлкен тұлға. Осы мақаламызды пайдалана отырып, көпшілікке белгілі болса да оның жүз жыл бұрынғы тапсырыс немесе жүз жыл бұрынғы келісім атты аңызға бергісіз атақты іс-әрекетін қайыра айта кеткіміз келіп отыр.
Бірде ол Германияның әлдебір қаласында қонақта жүріп, қымбаттау бір мейрамханаға кіре салады. Жалпы еуропалықтардың өңі өздерінен өзгешелеу азиаттарға сәл менсінбей қарайтындары бар емес пе? Тагиевке де дәл солай ешкім мән бермей, тіпті қарапайым даяшының өзі оны кісі деп қабылдай қоймайды. Даяшыны өзі де шақырып көреді, бірақ онысынан да еш нәтиже шықпайды. Қайтеді, отыра бере ме, өзінің бекзат болмысын ешкімге иіп көрмеген Зейнелабдин мейрамханадан шығып кете барады.
Әлдебір уақытта әлгі нысанның иесі өзінің мейрамханасына атақты Тагиевтің келгенін, кіре тұрып тамақтана алмай кеткенін ести сала артынан адамдарын жүгіртіп, жаны қалмай кешірім сұрайды. Арнайы дастарқан жайдырып, бір ашуын беруін сұрайды. Сонда Зейналабдин әлгі мейрамхана иесінен: «Осынау бір үстелді бір сағатқа жалдап алсам, қанша төлеуім керек?» деп сұрайды. Қожайын үстелдің бағасын айтады. Зейналабдин ары қарай үстелді бір күнге, бір аптаға, тіпті бір айға жалдағандағы бағасын сұрайды. Сізге өтірік, бізге шын, одан бір жылдың, он жылдың, ақыр аяғында жүз жылға жалға алудың бағасын сұрайды. Айтылған бағаны толық естіп болған соң:
– Мен осы үстелдің жүз жылдық ақшасын төлеймін, бұл мейрамхананың есігінен енген кез келген мұсылманды осы үстелден тегін тамақтандырасыз, – дейді.
Мейрамхана иесі келіседі. Былайша айтқанда Тагиевтің жүз жылдық тапсырысы қабылданады.
Оқиға 1911 жылы болған екен. Содан не керек, бір ғасыр өтеді. 2011 жылы Германия елшілігі Әзербайжанға хат жолдап, жүз жылдық келісімнің аяқталғанын хабарлапты. Осыдан кейін неміс халқын ұқыпты демей көріңіз?! Және де сөз аяғында: «Тағы да осындай келісім жасайтын байларыңыз болса, тапсырыс қабылдауға дайынбыз» деп әзілдепті. Әлгі мейрамхана иесі де, оның бергі ұрпақтары да әуелгі уәдеде тұрып, жүз жыл бойы аталған мейрамханаға кірген кез келген мұсылманды ұлтына қарамай, Зейналабдин Тагиевтің есебінен тамақтандырып келген екен.
Ойлап қараңыз, Тагиевтің телегей-теңіз байлығының бұл бір парасы ғана. Қазіргі тілмен айтқанда, қалтасы қалың қажы бір отырғанда жүз жылдың есебін бір өзі жауып кете беретін болған.
Тоқыма өнеркәсібін, балық шаруашылығын, мұнай өндірісін, айта берсек жетеді, осыншама көп істі қарапайым тас қалаушы болып бастаған Тагиев бір өзі алып жүрген. Былайша айтқанда Тагиев айналысқан ауқымды жобалар. Қарапайым етікшінің отбасында дүниеге келдім деп ерініп қалған жоқ, жастайынан тас қалаушы болып жұмыс істеген Зейналабдин отыз жасында алғашқы қаржысын жиып, кейін жоғарыда аталған кәсіп түрлерімен шұғылданып, мол байлыққа қол жеткізді.
Қаржылы қажының қазаққа қатысты тұсына қайыра тағы тоқталсақ, Ғұмар Қараш жариялаған мақалада: «Былтыр 1911 жылы зауза жұлдызының бас кезінде «Қазақстан» газетін атқа мінгізіп, адам ету қайғысында адамдар арасында етілген бір қаулы бойынша Алла деп аттанып, Бақы қаласындағы Зейнел-Ғабиден Тағиевті іздеп, елден екеу шықтық. «Еріккен екі тентек елден шығып кетті» деушілер көп болса да, шын тән көңілдерінен «қайырлы сапар тілеп, жеңіл барып, ауыр қайтқай» деп дұға етуші деп дұға тілеуші хайыр қуаттыларымыз болуын да білетін едік. Ақ ниетіміз құрметіне Алла тілегімізді оңғарып, барған қажымыз қош алды, «Қазақстанға» 1000 сом жәрдем берді, аталық сифатынан ағып шыққан сөздерін айтты…», деп Тагиевтің аты-жөні айқын жазылады.
Зейналабдин Тагиев 1924 жылы 101 жасында өкпесіне тиген суықтан ауыр науқастанып, қайтыс болған екен. Мінекей, біз осы күнде байлығын барлық адамзатқа ортақ еткен тұлғалар тізімінде түгел түркіге ортақ тарлан Тагиевті, қажы қандасымызды ерекше айта жүргеніміз жөн.