• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Ақпан, 2022

Ekin patrol ешкімді аямайды

621 рет
көрсетілді

Қостанай көшелерінде жол ережесін бұзғандарды тоқтатып жатпай-ақ, сыртынан автоматты түрде айыппұл ресімдеп кете беретін патрульдік полиция көліктері жүре бастады. Бұл көліктердің құпиясы – үстіндегі түрлі-түсті жарқылдатқыш құрылғысында.

Ekin patrol деп аталатын жаңа құ­рыл­ғы әрі айналасына «мен келе жатырмын» деп белгі беретін жарқылдатқыш, әрі төңіректі 360 градусқа дейін шолып, өзінен 70 метрге дейінгі қашықтағы авто­көліктің нөмірін жазып алатын 10 ка­мералы «ақылды» қондырғы.

Қостанай облысы мұндай құрыл­ғы­ның алтауын сатып алып отыр, бағасы қымбаттау, біреуінің өзі 35 млн теңге тұ­рады. Қазір Ekin patrol орнатылған төрт патруль көлігі Қостанайда, екеуі Рудныйда жол тәртібін бақылап жүр.

Жаңа бақылау жүйесі бұған дейін екі ай уақыт сынақтан өткен. Сынақ мерзімінің соңғы екі күні ішінде полиция Ekin patrol көмегімен 100-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтап, іздеуде жүрген 20 автокөлікті тапқан. Тестілеу кезеңі болғандықтан ешкімге айыппұл салынбапты. Алайда енді автокөлік жүргізушілердің жолда абайлап қозғалуына тура келеді.

Ekin patrol бүгінде Қарағанды мен Көкшетау көшелерінде де жүр. Түр­кияда жасалған құрылғыны Қоста­най­ға Қарағандының «Gorus» фир­масы жеткізіпті. Компания инженері Виталий Окарскийдің сөзіне сенсек, көлік үстін­де­гі «ақылды» камералар автоматты режімде және нақты уақыт режімінде бірдей жұмыс істейді. Жол тәртібінің бұзылғаны туралы мәліметтердің бәрін адамның қатысуынсыз дерекқорға жі­бе­ріп отырады.

– Бақылау жүйесі алды-артындағы жылдамдық мөлшерін асырған машиналарды жазып алып отырады және іздеудегі автокөліктерді анықтайды. Радары 120 метрге дейінгі радиуста жұ­мыс істейді. сондай-ақ 70 метрге де­йін­гі көліктерді анық көре алады, – деді В.Окарский.

Әкімшілік полиция басқармасына қарасты автоматтандыру және электронды қызмет көрсету тобының инс­пек­торы Бауыржан Нұғымановтың айтуынша, жаңа патруль жол бойында дұ­рыс тұрмаған машинаны да, жолдағы жолақтан асып кеткен немесе қызыл бел­гіге өтіп кеткен автокөліктерді де тү­сі­ріп алады. Жылжымалы бақылау жүйе­­сінің басқа камералардан басты ерек­­шелігі – қаланың кез келген кө­ше­сін­де тәулігіне 7 сағат бойы кезек­ші­лік етеді.

Виталий Окарский құрылғы қымбат болғанымен, құнын тез өтеп алады дейді. Ең бастысы, енді жол ережесін бұза­тындар азаяды. Өйткені көлік жүр­гі­зу­ші­лердің көбі жол бойында, бір орын­да ілініп тұрған камералардың ма­ңын­да ғана ереже сақтайды, ал жылжымалы камера кез келген жерде абайлап, ереже сақтап жүруге үйретеді.

 

Қостанай облысы