Нашақорлық індеттің де кеселі қоғамға өзінің кесірін аз тигізбей тұр. Бұл дертпен «ауырған» адамның баратын жері түрме екені белгілі, бірақ соған жетпей қылмыстық әрекеттер жасап, қоршаған ортаға, адамдарға залалын тигізіп бағады. Қазір табиғи есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың айналымы артуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осы мәселе туралы: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», деген еді.
Ал 2021 жылғы қыркүйек айында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осы мәселеге байланысты арнайы кеңес өткізді. Осындай үлкен кабинеттердегі көңіл аударудың нәтижесінде есірткіге қарсы күрес бұрынғыдан да жандана түсті. Бірақ оны толық жеңудің күні әлі алыс екені белгілі болып отыр. Күрес күшейген сайын синтетикалық есірткілерді қолданудың қарқыны да барынша жоғарылап барады. Ең қиыны сол, бұл кесел жастар арасында қатты тарауда.
Ішкі істер органдары басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, есірткі қылмысын жою, нашақорлықтың алдын алу жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде есірткі қолданудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың көлемі зор.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полковник Жандос Басыбаевтың айтуына қарағанда, осы кеселмен күрес күшейе түскенімен, осыған қатысты қылмыс саны 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы арта түскен. Есірткімен байланысты қылмыс саны да 7,7 пайызға артқан. Есірткі сатумен айналысушылар саны тіпті 20 пайызға дейін көтеріліп, 49-дан биыл 59-ға жеткен. Сонымен қатар былтыр бір ұйымдасқан топ та әшкереленген. Есірткі шегіп рульге отыру фактілері де 3 есе артқан.
«Облыс аумағында есірткіні қолдан жасаумен айналысқан 8 наркологиялық лаборатория әшкереленді. Олар синтетикалық есірткі жасаумен айналысқан», дейді полковник. Оның біреуі тіпті Жамбыл ауданындағы шағын ғана Миролюбово ауылынан табылыпты. Қараниеттілер ауылды жерлерде тексеріс аз болатынын ескеріп, бір үйді арнайы жалдап алып, есірткі дайындаған. Кептіретін, құрғататын арнаулы құралдары, таразылары мен колбалары, тіпті қышқылдан сақтандыратын арнаулы костюмдеріне дейін болған. Ауыл адамдары олардың немен айналысып жатқанын қайдан білсін, тек бір ерекше өткір иістердің шығатынына ғана күдіктеніп, полицияға хабарлаған. Арнаулы операция барысында қылмысты «ісмерлер» тегіс ұсталып, олардан 3 килограмнан артық синтетикалық есірткі алынған. Оның бәрін 50 мың қалташаға бөліп салып та қойған екен.
Былтырғы қараша айында болған сот осы қылмыстық ұяны ұйымдастырушыны 16 жылға бас бостандығынан айырды. Қалғандары да 11-15 жылдар арасында жазасын алды.
Міне, осындай фактілер есірткіге қарсы күресті белсенді жүргізуді талап етіп отыр. Қазір есірткімен байланысты қылмыстардың жазасы қатаңдатылды. Есірткі сатумен айналысқан адам ең кемі 10 жылдан 20 жылға дейін қамалуы мүмкін. Былтыр облыста 120 адам осы қылмыс түрімен сотталды. Есірткіні жарнамалау мен насихаттау да бұрынғыдай әкімшілік жаза емес, бас бостандығын айыру жазасына кесілетін болды. Қаладағы барлық ПИК төрағалары үйлердің кіреберістеріне есірткіні қайдан алуға болатынын астарлап жазған граффиттерді айыратын болды. Ол үшін Есірткіге қарсы күрес басқармасы ПИК төрағаларының бәрін жинап бірнеше рет оқу-семинарларын өткізді. Соның арқасында граффиттердің саны қазір біршама азайды. Кіреберістерден граффитті көрген төраға ватсап арқылы арнаулы чатқа бірден хабарлайды. Сонымен қатар есірткіге қарсы «Рефлекс», «Паутина», «Дәрмек», «Транзит», «Канал-гранит бастионы», «Қарасора» атты бірнеше жедел-профилактикалық операциялар жүргізілген. Осындай барлық жүргізілген шаралардың саны 267, оған 15 мыңнан артық адам қатыстырылған. Бірақ соның өзінде нашақорлар саны артып отырғанын жоғарыда айттық. Демек, іс-шаралардың тиімділігін әлі де арттыра түсу керектігі сұранып тұр.
Солтүстік Қазақстан облысы