• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Ақпан, 2022

Жырдың жезкиігі

536 рет
көрсетілді

Биыл көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толды. Соған орай астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ардақты ақынды еске алуға арналған «Жыр әлемінің жезкиігі» атты әдеби кеш өтті.

Мазмұнды кешті ашып жүр­гізген ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Кәкімбек аға­мыздың биылғы айтулы мерейтойына байла­ныс­ты бірқа­тар іс-шара жос­пар­ланғанын айта келіп, аста­на­­дағы ақын тұрған үйге ескерт­кіш-тақта ор­на­­ты­ла­тындығын жеткізді.

Одан кейін белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Ғалым Жайлыбай ол кісіні он бес жа­сы­нан бастап танып, көзі тірі­сінде ағалы-інілідей жақын сый­ласқандығын сөз етті.

 – Кәкімбек Салықов – есімі үлкен әріппен жазылатын, жал­пақ қазақ танитын тұлға. Ол екі формацияда өмір сүріп, ке­шегі Кеңес одағын басқарған Брежнев, Черненколармен қатар жұмыс істеп, қазақтың бір баласы ретінде биікке шыққан, аңыз адам. Ол кісі академик «Қаныш Сәтбаев» қорын басқарғанда мені бірге жұмыс істеуге қасына ша­қырып алды. Сонда асыл ағаны жақын танып, адами ғажайып асыл қасиеттеріне тәнті болдым. Қазақты бөліп-жармай тұтас жақсы көретін. Тұмағаңдармен достығы да керемет еді. Ал­ғашқы жыр жинақтарымен оқыр­мандарының ықыласына бө­ленді. Ақындық пен кеншілікті құстың қос қанатындай қатар алып жүрген ақынның поэ­зиясы тереңдік пен биіктік деген өлшемге лайық, – деді ол.

Сондай-ақ жазушы-дра­ма­тург Өтен Ахмет, қарымды қа­ламгер Баянғали Әлімжанов, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов, күйші Жан­ғали Жүзбай және тағы басқа зиялы қауым өкілдері тұғырлы тұлғаның жан-жақты қырына тоқталып, жылы әсерге толы ес­телік өрбітті. Кеш барысында арқалы ақынның өлеңіне жа­зылған «Жезкиіктен» бастап, ел сүйіп тыңдайтын бірқатар ән орын­далды.